«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қарасайдағы таңбалы тастар

Қарасайдағы таңбалы тастар
ашық дереккөз
Қарасайдағы таңбалы тастар

Қасиетті Әулиеата өңірі – тарихи мұра-ескерткіштерге толы аймақ. Соның бір айғағы – Тараз қаласынан оңтүстік- шығысқа қарай 6-7 шақы­рым жерде орналасқан Ақбұлым ауылы маңын­дағы Қарасай шат­қа­лындағы таңбалы тастар шоғыры. Қола дәуірінде адам баласы аң аулап, тіршілік жасаған әрі олар қолға ұстаған, көрген аңдарының бейнесін тасқа ойып салып отырған.

8Қарасай петроглифтері тау аңғарларында тұрған ежелгі адамдардың тұрмысын, салт-дәстүрі мен жосын-жоралғыларын айғақтайтын әмбебап үлкен тарихи кешен болып табылады. Онда тауешкі, ат, бұқа, ит, түйе және басқа хайуанаттардың суреттері кездеседі. Адамдардың аңшылық іс-әрекеттерімен қатар, тауешкілердің артқа қайырылған үлкен мүйіздері тасқа шеберлікпен бейнеленгенінен олардың киелі аңдар қатарына жатқызылғандығын көреміз. Кейбір тауешкілерінің мүйізі қайқайып әрі үлкейтіліп түсірілсе, басқаларының мүйіздері денесіне сай салынған. Көптеген таңбалар арасында түйелердің бейнелері де жиі кездеседі. Түз тағыларынан қабан, ұзын құйрықты түлкі, қасқыр (ит), қазіргі үй жануарларынан аумайтын бір топ бұқаның суреттері асқан шеберлікпен бедерленген. Қалай болғанда да әрбір бедерде көне замандардағы белгісіз тас қашаушы шебер суретшілердің қоршаған ортаға өзіндік көзқарасы мен пайымы сипатталынған. Ежелгі адамдардың жартастағы бейнелеу өнеріне ең көп арқау болған «кейіпкер» – жылқы. Өйткені, ол – мінсе көлік, жесе тамақ, шөлдесе сусын болатын қасиетті малдың бірі. Сондықтан қай жартастағы суретке қарасаң да міндетті түрде жылқының бейнесі алдыңнан шығады. Осы тау жоталарының сайымен түстіктен терістікке қарай біраз жүрген соң, күнгей жақтан қара гранит тастар бірден көзге түседі. Тастардың көпшілігі дүлей табиғаттың әсерінен мүжіліп, таңбалар көмескіленіп, жан-жаққа шашырап жатыр. Өзіміздің қазіргі бағып жүрген малымызға ұқсайтын жануарлар бейнесі тасқа шекіп салынған. Жадағай жартастың бетінде айналасына аса сақтықпен көз тіккен арқар, киік, бұғы мен қолына садақ ұстап, аң аулауға шыққан аңшы бейнесіне және басқа 9суреттерге қарап бағзы замандағы бабаларымыздың қиялы ұшқыр болғандығын бағамдаймыз. Суреттер ертеде салынғанына қарамастан әлі де жақсы сақталған. Осы шатқалға кіреберісте сол жақтағы күнгей бетте үлкен бір қара тасқа сол қолымен семсер ұстаған жауынгер бейнесі бедерленіпті, құдды бір өзі осы өлкенің қожайыны сияқты. Міне, осындай суреттер жарқабақ тастардың бетінде өте көп. Біздің көзімізге ерекше түскені – үлкен қос өркешті түйенің бейнесі. Шудасы артқа қайырылған, нағыз шынайы түрі салынғандығы аңғарылып-ақ тұр. Таңбалы тастың ең құндысы – билеп жүрген адамдардың суреттері ме дейміз. Біздің топшылауымызша, олардың билері бір той-думанда әлде ертедегі нанымдарға байланысты орындалып жатқан сияқты. Көне тарихқа жүгінсек, би өнері қола дәуірінде болған. Ғалымдардың айтуы бойынша, сол дәуірдегі билер негізінен діни нанымдарға, әдет-ғұрыптарға байланысты және аңшылық пен соғыс жорығының сәтті болуы үшін орындалған. Тастағы суреттер бір қауым тайпаның тыныс-тіршілігін баяндайтын, белгілі бір мазмұнға құрылған көне замандағы өнер туындылары екені даусыз. Жарқабақ тастардағы суреттер, ғалымдарымыздың зерттеуі бойынша, бұдан бес мың жыл бұрын пайда болғанын растап отыр. Өзінің негізгі күнкөрісіне айналып отырған төрт түлік малдың бірі – түйелерді кие тұтып, тасқа қашап салуы бекерден бекер емес екендігі белгілі. Профессор Д. Байқонақов бұл суреттердің тарихын ежелгі қола дәуіріне жатқызады. Шатқал ішін аралап жүргенімізде кейбір жерлердегі тастарда жеке дара, кейде денесінен үлкен мүйіздері артына қайырыла иілген бір топ тау ешкісінің суреттерін кезіктірдік. Ежелгі заманнан бізге жеткен өнер туындылары ішінен көзге айрықша түсетін суреттердің бірі – жотасы бүкірейген, тығыншықтай денелі алып бұқалар бейнесі. Осы шатқалдағы ертедегі суретшінің қолынан шыққан тамаша туындылардың бірі – аңшылардың жабайы хайуанаттарды қолға үйреткендігін айғақтайтын көгеннің суреті. Бір қызығы, көген жаңа ғана қолға үйретіліп жатқан тауешкі, қарақұйрық, елік сияқты жабайы жануарлардың ортасына салынғандығы. Бұл тарихи мұраларды бізге ата-бабаларымыздан қалған аманат, талай ғасырларды артқа тастап, біздің дәуірге жеткен көне мәдениетіміздің көзі деп білуіміз керек. Өкінішке қарай, кейбір суреттерді анықтауға мүмкіндік болмады. Сонымен қатар, бір таста айбат шегіп, өз жемтігін аңдып тұрған арыстанның және аңшының тұзағынан қашып бара жатқан бірнеше түйеқұстың суреттерін (петроглиф) кездестірдік. «Тропикалық Саванна климатында мекендейтін аңдардың бейнесі бұл жерде қайдан жүр?» деген сауал туындайды. Бұл да ежелгі қола дәуірінен бізге жеткен құнды жәдігер. Осы тарихи орындар тиянақты түрде зерттеліп, сыры ашылса, үлкен жаңалық болар еді... Жылдар өткен сайын гранит тастар жарылып, кей жерлері үгітіліп жатыр.Үш ғасырға жуық бодандықта болып, тілінен де, дінінен де, тарихи зердесінен де айырылып қала жаздаған қазақ халқы үшін ұлттық тарихи мәдениетіне қол жеткізудің маңызы өте зор. Жас жеткіншек ұрпақты өлкемізді зерттеп-зерделеп, көне мәдени мұралардың тарихи ақиқатын ашу арқылы отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелей аламыз. Кеңестік заманда отаршылдар қазақ халқының тарихы, мәдениеті жоқ, тек мал бағып, жабайы өмір сүрген, өнер атаулыдан құр алақан қалған деп қиянатқа барғандығына көз жеткізу қиын емес. Біле білсек, бұл тарихи орынның қазіргі ғылымға берері мол болмақ. Асылы, тарихи ескерткіштер үлкендігімен емес, мән-мағынасымен, арқалар рухани жүгімен бағалы. Иә, Ақбұлым маңындағы көне мұралар – тұнған тарих. Осы көне тарихымызға тереңдей үңілсек, небір құпияларға кезігіп, сиқырлы сырларына қаныға түсеріміз кәміл. Бұл тарихи орын осы кезге дейін белгісіз себептермен ғалымдардың назарынан тыс қалып келді. Ашық аспан астындағы сурет галереясы іспеттес Қарасай петроглифтері тарихи жағынан баға жетпес жәдігер екені даусыз. Ол келешек ұрпаққа ұлы рухтың мәңгілік символындай, бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғап жатқан ашық аспан аясындағы тарихи даналық «кітап». Ең бастысы, Қарасай шатқалы бес мың жыл бойы тарихи мәнін жоғалтпай келе жатқан петроглифтер кешені болып табылады. Ал оның Ақтаудың төменгі сілемінде орналасуының өзі де тау бедеріне байланысты, петроглифтерді жасаушы белгісіз суретшілер жартасты өте шеберлікпен пайдалана білген. Тағы бір ескеретін жағдай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев Қарасай шатқалындағы тас суреттерді қола дәуіріндегі петроглифтер сериясына жатқызады. Сонымен қатар, көркемдік тәсілдері, суреттерді тастың бетіне ою, стильдік және иконографиялық әдісті қолдану бойынша да адамды таң қалдырмай қоймайды. Негізгі кейіпкерлерді бедерлеу тәсілі қола дәуіріндегі тайпалардың мифологиялық ұстанымы болғандығын дәлелдей алады. Бұларды келешек ұрпаққа жеткізу, ел игілігіне айналдыру бүгінгі күннің басты проблемасы болып отыр. Бірақ, құнды мұрамыздың көпшілігі дүлей табиғаттың күшімен бүлінсе, екіншісінде қазіргі тас бизнесімен шұғылданатын азаматтардың жауапсыздығының салдарынан петроглифтер қирап, бүлініп жатыр. – Жартастағы суреттері бар ескерткіштер кешенін «ашық аспан аясындағы музейге» айналдыру – оны сақтап қалудың бірден-бір жолы деп білемін. Және де тарихи-мәдени мұраларды сақтауға бүкіл қоғам, соның ішінде, қатардағы азаматтар, кәсіби зерттеушілер, әкімдіктер, жоғары оқу орны­ның ғалымдары мен құзыретті органдар тікелей атсалысуы тиіс. Түптеп келгенде, көне мәдениетті қолдайтын ұлттық бірегей ішкі саясат қажет. Әрбір өскелең ұрпақ санасына тарихымызды құрметтеу және қастерлеу қажеттілігін жеткізіп отыруымыз керек. Тағы бір айтар ұсынысым, көне Тараз тарихи-мәдени орталығын ашу қолға алынуда екен. Осыған байланысты Тараз қаласынан бар болғаны 10-12 шақырым жердегі Қарасай шатқалындағы ландшаф суреттерді (петроглифтерді) осы мәдени орталыққа біріктіріп, туристік кластерді дамыту арқылы аталған шатқалдағы келешек үшін аса қажет керемет дүниелерді толығымен қорғап қалуға мүмкіншілік бар, – дейді Ақбұлым ауылының тұрғыны, өлкетанушы тарихшы Жамбыл Бесбаев. «Жалғыз Қарасай шатқалы емес, сонымен қатар, оңтүстік-шығысқа қарай Қамыстыбұлақ шатқалындағы көне таңбалар мен петроглифтер, одан әрі Ботамойнақ үңгіріндегі көне жазулар (пиктографиялар), одан сәл төменде әйгілі Жетітөбе сақ қорғандары, солтүстік-батысында Төменгі Барысхан қаласы, одан қала берді ауылымыздан топырақ алу кезінде табылған VII-IХ ғасырларға тән құмыралар мен бақыр теңгелерді шетел туристеріне көрсету арқылы туризмнен қомақты қаржы түсіріп, тарихи орынды сақтап қалуға болар еді» – дейді осы ауылдың ақсақалы, «Қайнар» колледжінің оқытушысы Әзімхан Асбаев. Иә, біз төл тарихымызды тереңнен тануымыз керек. Ол үшін тасқа өшпестей етіп таңбалап кеткен бабаларымыздың өнер туындыларын көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа сол қалпында жеткізгеніміз жөн. Осындай жауһар петроглифтер қала маңынан табылуының өзі біз үшін баға жетпес жаңалық пен жетістік. Өзіміздегі барды өзгеге жарқырата көрсете алмасақ, баршамызға сын емес пе? Ерте замандағы ата-бабаларымыздың бейнелеу өнерін дүниеге әкеле отырып, қандай рухани байлық жасағанына кім куә болғысы келмейді. Олай болса, тиісті мекемелер басшылары бұл мәселені қозғап, түбегейлі оңды шешім шығаруға ықпал жасар деген сенімдеміз.

Лесбек САЙЛАУБЕК.

Жамбыл ауданы.

Редакциядан: Бұл мақаланы Лесбек Сайлаубек дүниеден өтерінен бір ай бұрын редакция тапсырмасымен арнайы барып, жазған болатын. Әріп­тесіміздің жатқан жері жайлы болсын!

Ұқсас жаңалықтар