Қазіргі уақытта әрбір үйге, әрбір отбасына қазақстандық келісім мәдениеті мен бейбітшіліктің негізгі қағидаттарын жеткізу өте маңызды. Бұл шара кімнен болсын белсенді әрекетті қажет етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-сессиясы «Қазақстан–2050: бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген айшықты тақырыппен өткені мәлім. Бұған Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Назарбаев: «Бір халық – бұл барлығымыз үшін ортақ мүдделер. Бір ел – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. Бір тағдыр – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер!» деп түсініктеме беріп, қоғамға терең ой салғаны белгілі.
Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Міне, осылай татулықты тірлігіміздің тірегіне айналдырып, көпұлтты мемлекетіміздің тұтастығы мен ел бірлігі барлық табыстарымыздың негізі болып отыр. Елімізде татулығы мен бірлігі жарасқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топ өкілдері бейбіт және өзара түсіністікте өмір сүруде және әрбір ұлттың өзінің этноқұрылымдары бар. Сондай этномәдени құрылымдардың бірі – Жамбыл өңіріндегі «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы. Мәдени орталық 1997 жылы қаңтар айында қазақ халқының тілін, ұлттық мәдениетін дамыту, ерекшелігін сақтау, насихаттау үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында құрылды. Бүгінгі күні университет ректоры Махметғали Сарыбековтің басқаруымен «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы өңірдегі қазақ халқын ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, облысымыздағы тұрақтылықты сақтауға, дамытуға айтулы үлес қосып келеді. Заңды ұйым болып саналатын орталық қызметін облыстағы, республикадағы ұлттық орталықтармен тығыз қарым-қатынаста жүргізіп отыр. Бүгінгі күнге дейін бірнеше баспалдақтан көтеріліп, бірталай белестерді бағындырған мәдени орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды таныту, ұлтаралық қатынасты нығайту, ынтымағымыз бен бірлігімізді арттырып, егеменді еліміздің мәртебесін көтеру, өскелең ұрпаққа, жастарға халқымыздың тілін, ділін, ежелден келе жатқан салт-дәстүрін, ұлттық өнерін насихаттап үйрету, бойына сіңіруге, дамытуға септігін тигізу болып табылады. Сондай-ақ, облыстағы қазақ мәдени орталықтарының қызметін үйлестіру, ұлттық сана-сезімді ояту үшін тілді, мәдениетті дамыту, қазақтың ата-дәстүрін, болашақ ұрпақтың, жастардың арасында таныту – негізгі міндетіміз. Ұйым қазақ жастарының рухани жетілуі, білім-тәрбие алуы, бос уақытын тиімді өткізу бағытында кешенді бағдарламалар жасап, оларды іске асыруда. Орталық сонымен қатар мәдениет және өнер саласында ұлттық кәсіби кадрларын даярлауға жағдай жасауда. Жастардың шығармашылық және өнермен шұғылдануы үшін көмек көрсетілуде. Қайырымдылық мақсатымен қазақ мәдени орталығы тарапынан жалғыз тұратын қарттарға, жетім балаларға, мүгедектерге, басқа да панасыз адамдарға моральдық және материалдық көмек көрсету акцияларын өткізу үрдіске айналған. Ассамблея жанында аналар кеңесі де жұмыс істейді. Жуырда оның белсенді мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен республикалық Аналар кеңесінің бірінші Форумына қатысып қайтты. Олардың татулық пен ынтымақ, бейбітшілік, руханият және келісім мәдениетінің барлық халықты ізгі жолдарға біріктіретіндігіне көздері жетті. Форумнан алған әсерлері де ерекше. Өйткені, XXI ғасырдың ең басты заңы татулық екендігі белгілі, ал бұл жөнінде аналардың өз ұрпақтарына берер ұлағаты ерен. Бүгінде Жамбыл өңірінде ұлттық мәдениетімізді, тілімізді, салт-дәстүріміздің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған деуге болады. «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы басқа да бірлестіктердің көшбасшысы ретінде облыс, қала көлемінде көптеген мәдени іс-шаралардың өткізілуіне мұрындық болуда. Үстіміздегі жылы да «Наурыз – достық думаны» атты ауқымды театрландырылған мерекелік іс-шара, «Ұлы достық аясында» тақырыбында патриоттық әндер фестивалі, «Тәуелсіздік – ұлтымыздың ұйытқысы» атты театрландырылған тарихи композиция, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Мәңгілік Елдің ұлы тарихы» атты қалалық мектепаралық фестиваль, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Қазақ халқының үздік дәстүрлері арқылы жастарды тәрбиелеу» атты семинар-тренинг өткізуді жоспарлауда. Елбасы айтқандай, «Мәңгілік Ел» атану, бақытты да бақуатты тұрмыс кешу, келешектің керуеніне ілесіп, бейбітшілік пен татулықты насихаттаған көркем ойдың жетегінде ғұмыр кешу – егемендіктің айқын көрінісі. Міне, осы бағытта «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы өз жұмысын жалғастыра бермек.
Айгүл ҚАБИЕВА, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді