Прокурорлық қадағалау нәтиже беруде

Прокурорлық қадағалау нәтиже беруде
ашық дереккөз
Прокурорлық қадағалау нәтиже беруде

Облыс прокуроры Ернат Сыбанқұловтың төрағалығымен өткен жылдың қорытындысы мен алдағы кезеңге қойылған тапсырмалар бойынша облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік, облыс прокуратурасы жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері, қала, аудан прокурорлары мен басқарма басшылары қатысты.

Облыс прокуроры қадағалаудың бірінші кезектегі міндеттері ретінде елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сыбайлас жемқорлыққа, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау, бюджетті толықтыру мәселелерін белгіледі. Өткен жылы прокуратура органдарының қадағалау жұмысы қылмыстық процестің жаңа моделіне сапалы көшуге, құқықтық жүйені және нормативтік базаны жаңа талапқа сай барынша бейімдеуге бағытталыпты. Аталған мерзімде өңірдегі тіркелген қылмыс саны 4,1 пайызға, оның ішінде ауыр, аса ауыр қылмыстар біраз төмендеген. Ал прокурорлық ықпал ету актілерімен 52 азаматтың конституциялық құқығы қорғалып, құқық қорғау органдарының 43 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қадағалаудың күшеюі нәтижесінде тіркемеу арқылы жасырылған қылмыстар саны төрт есе төмендегендігін атап өткен жөн. Тіркеу заңдылығын бұзғаны үшін 142 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, бір кеден қызметкері лауазымынан босатылған. Сыбайлас жемқорлық санаттағы қылмыстарды жасаған әкімшілік пен олардың құрылымдық бөлімшелерінің 75 қызметкері, ішкі істер органдарының 34, кеден қызметінің 5 және салық органдарының 3 қызметкері жауапкершілікке тартылған. Прокурорлар құқық қорғау органдарының есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарын анықтауға бағытталған жұмысын да жүйелі үйлестіруді жалғастыруда. Мәселен, заңсыз айналымнан он үш тоннадан астам есірткі заттары тәркіленген. Әлеуметтік-экономикалық салада 17 мыңнан астам заң бұзушылықтар анықталып, 1 миллиардқа жуық сома өндірілген. 61 мың азаматтың конституциялық құқығы қорғалған. Осындай мәліметтерді баяндамасында айтып өткен облыс прокуроры өткен жылы бірнеше жобалар іске асырылғандығын да ортаға салды. Олар «Денсаулық анықтамасы» онлайн-режімде халыққа емдеу түрлері мен дәрі-дәрмектердің атауларын ұсынады, «Қайта қоңырау шалу», әкімшілік айыппұлдарды өндіруге бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға арналған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында прокурорлар қозғаған қылмыстық іс бойынша 10 адам сотталған. Тәртіптік жауапкершілікке 167 адам тартылса, оның 67-сі түрлі сатыдағы басшылар, олардың заңсыз әрекеттерімен бюджетке келтірілген 123 миллион теңге шығын өндіріліпті. Ал жалған кәсіпкерлердің контрагенттерінің көлеңкелі капиталдарынан 200 миллион теңге өндірілген. Облыстық прокуратураның бастамасымен көрші Қырғызстан Республикасының құқық қорғау органдарымен мемлекетаралық ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылған. Өткен жылы прокуратура органдарына азаматтар мен заңды тұлғалардан 10 мыңнан астам арыз түскен. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайып, тек 2013 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқандығы халықтың сенімінің күшейгендігін білдірсе керек. Ал жеке қабылдауға 4 мыңнан астам азамат келіп, олардың арыздары сапалы және уақтылы өз шешімін тапқан. – Бүгінгі күні әлемде орын алып отырған келеңсіз жағдайлар прокурорлардан әлеуметтік және саяси жағдайды, тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін себептерді әрдайым талдау жасауды талап етеді. Ол үшін құқық қорғау және барлық мемлекеттік органдардың қызметін, оған қоғамдық ұйымдарды қатыстыра отырып үйлестіру біздің міндетіміз. Елбасының кезекті Қазақстан халқына дәстүрлі «Нұрлы жол» Жолдауының аясында экономиканы тұрақтандыру үшін Ұлттық қордан бөлінген бюджет қаражаттарын мақсатты жұмсалуын қадағалау және бюджетті толықтыру барлық прокурорлардың басты мақсаттарының бірі, - деді Ернат Сыбанқұлов. Алқа мәжілісінде қадағалаудың пәрменділігі мен халық сенімін одан әрі жоғарылату мақсатында алдағы кезеңге Президент пен Бас прокурор берген тапсырмаларды орындау керектігі міндеттелді.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар