Егіс көлемі еселене түспек

Егіс көлемі еселене түспек
ашық дереккөз
Егіс көлемі еселене түспек

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының 2014 жылы атқарған жұмыстарының есебі берілген жиынға облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары мен шаруа қожалықтары мен өндірістік кооператив жетекшілері қатысты. 

Өткен жылдың есебін аталған басқарма басшысының орынбасары Зиятхан Өмірәлиев берді. Баяндамада салада атқарылған жұмыстармен қатар, туындап отырған мәселелер және алдағы жоспарлар да айтылды. Сонымен, өткен жылы облыс көлемінде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға республикалық және облыстық бюджеттен 8229,6 миллион теңге бөлінген екен. Ол қаражат толығымен игерілген. Жыл бойы шаруалар еңбегінің арқасында егіннен – 69,5 миллиард, ал, мал шаруашылығынан 92,7 миллиард теңгеге бағаланған өнім алынған. Дақылдар себілген алқап көлемі де 37,6 мың гектар жерге артқан. Бір өкініштісі, өткен жылғы құрғақшылыққа байланысты масақты дақыл өнімі гектарына шаққанда небәрі 8,6 центнерді ғана құрады. Алайда, өзге де дақылдар көлемінің және түсімінің мол болуымен жоспар орындалған. Суды үнемдеу мақсатымен енгізілген тамшылатып және жаңбырлатып суарылатын жер көлемі де өткен жылмен салыстырғанда төрт пайызға артқан. Ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту мақсатында 1817,6 миллион теңгеге 345 дана техника сатып алыныпты. Бұл мақсатта «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен өзара жұмыс жолға қойылған. Мал шаруашылығын дамытуда ілгерілеушілік байқалады. Тек құс саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 53284 басқа азайған. Ал ет экспортының көлемін арттыру мақсатындағы «Сыбаға» бағдарламасы 120,2 пайызға орындалған. Былтыр бір типтік үлгідегі ветеринариялық пункт пен сегіз биотермиялық шұңқыр және екі ұсақ малды шомылдыратын тоғытпа пайдалануға беріліпті. Бүгінде облыста 10448 басқа арналған мал бордақылау алаңы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 208 кәсіпорын, шағын зауыттар мен цехтар, егіс алқабы 29,7 гектарды құрайтын 406 жылыжай, жалпы сыйымдылығы 102,8 мың тоннаны құрайтын 166 көкөніс-картоп қоймасы бар. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында өткен жылы 488 маман жұмысты болған. Оларға 91,3 миллион теңге көтерме жәрдемақы берілген және 151 маман тұрғын үймен қамтылыпты. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру нәтижесінде бүгінде 769 шаруашылық 165 агроқұрылымға айналған. Жалпы, ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған көмек ретінде Үкімет қаулысына сәйкес бөлінген 1253,8 миллион теңге субсидияны айтуға болады. Басқарма басшысының орынбасары осы секілді көптеген көрсеткіштерді баяндады. Келесі кезекте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «ҚазАгроҚаржы», «ҚазАгроМаркетинг» АҚ өкілдері де баяндама жасап, өз тараптарынан ауыл шаруашылығына жасап жатқан көмектері мен қаржылай қолдаулары жайлы айтты. Биылға жоспарланған қаражат көлемі мен бағыттарымен таныстырды. Облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов басқармаға бірқатар міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының жұмысын реттеу және егіс алқабының көлемін арттыру қажет. Оның ішінде, министрліктен бастап, облыс әкімінің өзі қатты мән беріп отырған қант қызылшасы алқабын айтарлықтай ұлғайтуды тапсырды. Сондай-ақ, көкөніс кластерін дамыту керектігі де назардан тыс қалмады. Жалпы, облыс әкімінің орынбасары салаға қатысты барлық мәселеге жеке-жеке тоқталып, ондағы атқарылуы тиіс жұмыстардың жоспарын атап өтті және есепке қанағаттанарлық деген баға берді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар