«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әйелге қорлау емес, қолдау керек

Әйелге қорлау емес, қолдау керек
ашық дереккөз
Әйелге қорлау емес, қолдау керек
Жер шарындағы күллі адам баласы он сегіз мың ғаламды жаратушы бір тәңірдің ғажап туындысы. Әр адам – жеке тұлға. Жаратушының алдында әр адамның дәрежесі тең. Дәл сол сияқты заң алдында да барлық адамның құқығы тең. Кез келген әлді немесе ренішті адам біреуді кемсітіп, бопсаламастан бұрын осы нәрсені бірінші кезекте есте ұстауы тиіс. Әлімжеттікке барудың қылмыспен тең саналатынын білуі керек. Адамға бір немесе бірнеше адамның психологиялық және физикалық қысым көрсетуі, бір сөзбен айтқанда, Құдайдан қорықпау. Сондықтан да қоғамда біреудің құқығын таптап, әлімжеттік көрсету физикалық ұрып-соғу, күш көрсету деп айыпталады. Өкінішке қарай, адамдардың адамдарға озбырлық жасауының түрі көп. Біздің халқымыз өзi ел болып, халық болып қалыптасқан көне заманнан берi-ақ әйелдi, ананы, қыз баланы қатты қадiрлеп, құрмет тұтуды берiк дәстүрге айналдырған ұлттың бiрi. Оған ел аузындағы «Мейірімі мол ананың жүрегі жылы, қолы кең», «Ананың сүйген жері отқа күймейді, оқ та тимейді», «Сүйікті әйел – сұлу жар», «Қыз – елдің көркі, гүл-жердің көркі», сияқты даналық сөздер дәлел. Бейбiт тiрлiкте әйелдi отбасының киесі деп есептесе, ел басына күн туған қатерлi шақтарда батырдың бiр серiгi деп бiлген. Бiрақ қазiргi ұрпақтың әйел атаулыны мойынына тағдыр жүгiн артып «сахараның көнбiс түйесiнiң» орнына жұмсап, бесаспап роботқа айналдыратынын сезбеген шығар-ау... Шамамен, әрбір үшінші әйел өз отбасында қысым көреді екен. Әлемде әрбір үшінші әйел серігінің немесе басқа бір ер адамның физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылығына душар болатынын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мәлімдеп отыр. Отбасылық қысым қоғамымыздың барлық деңгейінде кездесіп отырады екен. Әйелдердің дені өз күйеулерінен, ұлдарынан, таныстарынан, көршілерінен, ауылдастарынан, қайын жұртынан қысым көреді. Жылына жүздеген әйел өз күйеулерінен таяқ жейді. Егер еркек ішімдікке әуес болса, онда ол араққұмар еркектің әйелінің ішпейтін еркектің әйеліне қарағанда маңдайының соры үш есе қалың... Иә, маскүнемдіктің кесірінен отбасының шырқы бұзылып, зардап шегіп жүрген әйелдер қаншама... Бірде аурухананың жансақтау бөлiмiне ауыр халде жеткiзiлген Қымбат деген келiншек екi күн бойы ес-түссiз жатты. Үшiншi күнi басын көтерiп, тiлге келген ол дәрiгерлерден үйге қайтаруын сұранды. Өзi суық, өзi тар бөлмеде егесiз қалған төрт баласын уайымдайды. Жесір әйел екен десек, күйеуi бар боп шықты. «Бүгiннен бастап тiрi жесiр, тiрi жетiм атандық», – деп зорлана езу тартқан ол тамағына тiрелген өксiкке шыдай алмай жылап жiбердi. Мұғалiм болып жұмыс iстеп жүрген жерiнен күйеуi қызғанып, жұмыстан шығарып алады. Жүкшi күйеуiнiң анда-санда ғана әкелген тиын-тебенi нәпақа болмаған соң, аштан өлсiн бе, үшiншiсiне екiқабат Қымбат базардың қайнаған қазанына тұмсық тығады. Таныс әйелдерiмен бiрге Ақмолаға да барды, Сiбiр де көрдi. Тәшкен мен Қырғызстанның Қарабалтасының арасын жол қылды. Тапқаны бала-шағаның тамағына да татымайтын болған соң, аптасына үш рет келетiн қарауылдықты қоса атқарды. Сөйтiп жүрiп, соңғы туған төртiншi баласын да емiзiп жарытқан жоқ. Ақ қар, көк мұзда кешкен суық ақыры дертке шалдықтырды. Ол аз болғандай, айналдырар іс таппай, арақ iшiп, суық жүрiске салынған күйеуi күн құрғатпай ұратынды шығарды. Бесіншісіне аяғы ауырлағанда өзі ғана іштей шамалап жүрген Қымбат туған баласына безбүйректік танытатын күйеуіне тағы екіқабат екенін қалай айтатынын білмеді. «Ауырдым» дегенiн естiсе басына әңгiртаяқ ойнататынынан аузы күйген бұл байғұс бұрнағы күні жұмыстан қансырап ерте қайтқанын шала мас күйеуiнен жасырып қалды. Ертеңiне қан қысымы көтерiлiп, төсектен тұра алмай жатқан оны шулаған төрт баланы төрт жаққа қуып тыққан күйеуi аяғымен теуiп оятты. «Сендерді желкемнің шұңқыры көрсiн ендi». Тарс жабылған есiктi ғана бiледi... Түсік тастап, қызыл ала қанға бөгiп, есiнен танып, талып жатқан Қымбатты көрген көршiлерi жедел жәрдем шақыртыпты... Сақтардың салтынан сарқыт алып, ғұндардың ғұрпынан тамыр тартып, ғасырдан ғасырға өмір жалғап келе жатқан ата дәстүріміздің бүгінгі таңда тозығынан құлан-ада тазарғанымызбен, озығын өре жетпес өзгеріске ұшыратып алғанымызды қоңыр мінезді, көнбіс жұртымыз да амалсыз мойындауда. «Отбасындағы және тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы әрекеттер саласында шетелдік заңнамаларға талдау» жасаушы Муслима Хасанованың дерегі бойынша, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынасқа қатысты қылмыстық құқықбұзушылық санаттарының ішінде ең көбі – ауыр қылмыс, шамамен, жылына 322 факт тіркеледі. Біздің қоғамымызға әсіресе, Заңнамалардағы солқылдақтық көп зиян шектіруде. Айталық, 2009 жылы Қазақстанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заң қабылданды. Сол заңда полиция жәбірленушіні отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғауға және медициналық, заңды көмекті қосқанда, барлық қажет қолдауды көрсетуге тиіс делінген. Сондай-ақ, заңда «қорғау нұсқамасы» мен «профилактикалық әңгіме» деген ұғымдар да болды. Бірақ 2017 жылы Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарынан алып тастады. Ұрып-соғу денсаулыққа жеңіл залал келтіру деп есептеліп, Қылмыстық Кодекстен Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне ауыстырылды. Сол кезеңдердегі Қазақстан полициясының мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін 60 мыңға жуық адам жауапқа тартылған. Ең көбі Астанада 7,5 мың, одан кейін Жамбыл облысында 6 790, Алматыда 6 780, Павлодарда 6,5 мың факт тіркелген. Дегенмен, соңғы жылдары медиакеңістік әйелдердің жаны мен тәні зорлықтан жапа шегіп, жұмыста немесе оқу орнында харассментке ұшырағаны туралы бұрын айтуға ұят санап келген оқиғаларға толды. «Астана медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы студентінің мәлімдемесінен кейін оқытушының жұмыстан қуылуы – Қазақстандағы ең шулы оқиғалардың бірі болды. Бойжеткен құзырлы орындарға шағымданып, 2023 жылғы 7 қарашада Instagram желісіндегі парақшасында да өзіне оқытушысының тиіспек болғанын айтып жазған. Астанадағы Сарыарқа аудандық полиция басқармасы бастапқыда «материалды тексеру қорытындысы бойынша, істі расталмаған деп тану туралы шешім қабылдағанын» мәлімдеді. Бірақ қоғамда бұл тақырып бойынша резонанс туып, жарияланған аудиоайғақтан кейін полиция Қылмыстық Кодекстің 121-бабы бойынша іс қозғады. Ал, университеттегілер «комиссия этика кодексі мен академиялық саясат кодексін бұзатын бірқатар әрекеттерді анықтап», оқытушыны жұмыстан шығарып жібергенін хабарлады. Бір қарағанда бәрі дұрыс аяқталған сияқтанады. Дейтұрғанмен, мұндай жариялылықтың көлеңке бүркеген екінші жағы бар. Өйткені, осы оқиғалардан кейін студент қыз интернет кеңістікте виктимблеймингке ұшыраған. Виктимблейминг – жапа шеккен адамның өзін қоғам болып айыптайтын құбылыс. Ол біздің елде кең етек жайыпты. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді». Қоғамды дүрбелеңге салып отырған осынау келеңсіздік Мемлекет басшысының да әрқашан назарында. Түркістанда өткен былтырғы Ұлттық Құрылтайда да Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі барысында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлудің қажеттігін баса айтқан болатын. Өйткені, елдегі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмған. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша, 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы жағдайды жедел арада түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізуге тапсырма берді. «Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни, біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді», – деген Президент адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алатын құқық қоғау органдарына қатты басымдық берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолдары жақында, тарихи өлке Атырау облысында өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында да кең сипат алды. Жақсылықтарға жол ашқан осы алқалы жиында терең тағылымды баяндама жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализм туралы мәселелердің түйінін тарқатты. Мемлекет басшысының тікелей талабымен зорлық-зомбылықты болдырмауға қатысты заңдар қатаңдатылатын болды. Құрылтайда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Сондықтан, біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек», – деген Мемлекет басшысы азаматтарымыздың үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс екендігін, заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиістігін, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажеттігін, ең бастысы, мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керектігін баса айтты. Сонымен, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза дұрыстап күшейтілетін болды. Ішкі істер министрлігі отбасы және демогафиялық саясат, ана мен бала құқығын қорғау, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдермен, сондай-ақ депутаттармен бірлесіп, заңнамаға бірнеше түзету әзірлеуде. Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторының мәлімдеуінше, енді әйеліне немесе бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына жеңіл зиян келтіргендер әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әрі сотқа отбасының шырқын бұзатын азаматтарды тұрғын үйден уақытша шығарып, әлеуметтік бейімделу орталықтарына жіберу құқығы беріліп отыр. Бұдан бөлек, тұрмыстық жанжалдарды арнайы полицейлер тергемек. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінде отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған дербес бөлімше құрылатын болады. Ол бөлімшелер тек, осы тұрмыстық зорлық зомбылық күреспен ғана айналысатын болады. Алдағы уақытта қолға алынатын осы секілді кешенді шаралар расымен де тұрмыстағы төзімсіз шимайланған көп түйткілді шешпек. Басты мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбінде не жатқанын қателеспей анықтау. Белгілі әлеуметтанушы, өнертану докторы, профессор Молдияр Ергебеков «Тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға бағытталған зорлық-зомбылықтың түбінде жатқан негізгі проблемалардың бірі – қазақ қоғамының отарлануы» дейді. «Бұрынғы дастандардан, жазылған еңбектерден «әйелдерді, балаларды ұрыңдар» дегенді таппайсыз. Көптеген өзгеріс енгізілген «Қорқыт ата» кітабында әйел мен еркек тең екен, отбасында ер адам мен әйел адамның ортақтаса мәселелерді шеше алғанын көресіз. Патриархал көзқараспен жазылса да, өжет әйел, еркін әйел бейнесін көресіз. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабында «қыздар мен ұлдарыңды оқытыңдар» деп жазылған. Бұл ұран әлемде ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында пайда болды. Сондықтан отбасындағы, қоғамдағы зорлық-зомбылық астарында Қазақстанның Ресей тарапынан отарлануы жатыр деп айта аламын», – дегені кім-кімді болса да ойландыратын уәж. Әзірге біздің айналамыз орынсыз озбырлықтар мен зәбірлі зұлымдықтардан бас көтере алмай тұр. Қазақша сайттардағы бір аудандық газет бетіне ішкі істер бөлімінің әйел балаларына қатысты зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресу бөлімшесінің мәліметі жарияланыпты. Бір ғана ауданның өзінде бір жыл ішінде әйелдерге қатысты 51 қылмыстық іс-деректері тіркелген. Оның ішінде 25 әйел баласы дене жарақатымен ауруханаға түскен. Екі әйел өз күйеуінің ұрған соққысынан алған ауыр жарақаттан қайтыс болған... Еліміздегі нарықтың қатал заңы мен қатыгез шарттарына шыдас бере алмай жатқан адамдар тобына – жастар мен жасөспірімдерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды, балалар мен жұмыссыз ерлердің бірқатарын қоссақ та, нәзік жанды әйел қауымын жатқыза алмаймыз. Өйткені, үй мен отбасындағы негізгі діңгек – әйелдер. Бір қарағанда, қоғамның дамуының да себепкері солар. Ал ол нәзік жыныстылар қанша қырық шырақты боп жаратылса да, өзін бүкіл қауымның қоғамдасып жаппай қорғауына қатты мұқтаж...  

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар