Әрбір ата-ана Алла тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Дініміз исламда да бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп). Бір қызы бар адамды Алла тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар адам немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі» (Анастан Дилми риуаят еткен). Ата-бабаларымыз қыз балаларымыз бен апа-қарындастарымызға тәлім-тәрбие беру ісінде асыл дініміздің маржан сөздерін арқау еткені белгілі. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деген тәлімді тәрбие бар. Еліміздің ертеңі осы асыл аналарымыз бен қарындастарымыздың қолында екені анық. Сондықтан жастарға тәрбие беруде «дәстүрдің озығы мен тозығы бар» демекші, заман талабына сай озық тұстарын ұтымды пайдалану керек. Қыздарымыздың ибалы һәм иманды, тәрбиелі болуына пайдасы тиер деген оймен ес біліп, етек жиған әрбір қыз өзі барған әрбір үйде мынадай қырық істен тыйылу керек немесе барған үйлері тыю керек деп қараған. Олар:
Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе, жалғыз қыдыруға тыйым. Үлкендердің алдында жарыса сөйлеуге тыйым. Талтайып отыруға тыйым. Шалқайып жатуға тыйым. Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр. Орынсыз іске ұрынудан тыйым. Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама! Әурет жерлеріңді жауып жүр. Ашық-шашық жүруге тыйым. Өзгелерге тіл және қол тигізуге тыйым. Кісіге қарап керілуге, есінеуге тыйым. Дастархан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле. Орынсыз сөзден тыйым. Ұрлық-қарлыққа тыйым. Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе! Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе! Бұраңдауға, қылымсуға тыйым. Қызыл іңірде жатып, түске дейін ұйықтауға тыйым. Жалқаулыққа, ластыққа тыйым. Кісі алдында қасынуға, киім ауыстыруға тыйым. Аш болсаң да, тоқ болсаң да Құдайыңды ұмытпа! Бейәдеп сөз айтудан тыйым. Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек. Үлкендердің атын атауға тыйым. Ішімдікке-шегімдікке тыйым. Ұрыс-керіске тыйым. Беттен алып, төстен шабуға тыйым. Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі Тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе. Біреудің байлығына, дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба! Түнде суға жалғыз баруға тыйым. Жат жыныстылармен араласып жатуға тыйым. Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе! Тарс-тұрс жүріс, қарқ-қарқ күлкіге тыйым. Ерді қорлауға, зорлауға тыйым. Адамды және жан-жануарларды тебуге тыйым. Бүйірін, жағын таянуға тыйым. Тәкаппарлыққа, сайқымазаққа тыйым. Тамақты өз алдыңнан алып же, кісі алдындағыға қол созба! Шектен тыс жасанып, сылануға тыйым. Қызғаншақтыққа, күншілдікке тыйым. Менмендік пен өзімшілдікке тыйым. Алдап-арбауға тыйым. Көрсеқызарлыққа, нәпсіқұмарлыққа тыйым. Тойымсыздыққа тыйым. Осы айтылған маржан сөздерді бойына сіңірген адам екі дүниенің бақытына бөленері хақ.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді