Сұлулық салмақпен өлшенбейді

Сұлулық салмақпен өлшенбейді
ашық дереккөз
Сұлулық салмақпен өлшенбейді

Жасыратыны жоқ, бүгінде әйел затының көпшілігі «Сұлулық – құрбандықты қажет етеді» деген біржақты қағиданы қолдайды. Сөйтіп, қас пен көзге, ерінге татуаж жасауды, кірпік, тырнақ, шаш жалғауды сәнге айналдырып, керек болса, дененің кез-келген мүшесін пластикалық ота арқылы өз қалау­ынша өзгертіп алатындар да бар. Ал кейбір нәзікжандылардың «ата жауы» толықтық, яғни, артық салмақ. Онымен күресудің дәстүрлі әдістерін қойып, кейінгі кездері адам ойына келмейтін тәсілдер қолданылатын болды. Көп қыздар дене бітімі келіскен жіңішке сәнгерлер секілді мінсіз болып көрінуді көздейді. Сөйтіп, қисыны келсін, келмесін диета ұстауға бекінеді. Түрлі диеталар мен дәрі-дәрмектердің денсаулыққа тигізер кері әсері көп. Тіпті, диета ұстаушылардың арасында аса қауіпті анорексия синдромына шалдығатындар да бар. Ол қалай болады? Мамандардың пайымдауынша, өз-өзін тағамнан шектеудің салдарынан артық салмақтан арылу туралы ой психикаға әбден бекіп, адам өз нормасынан ең кемі 15 пайызға дейін салмақ тастайды екен. Бірақ, анорексиктерге бұл қалыпты жағдайдай көрініп, тіпті әлі де өзін толық санай беретін болады. Соның салдарынан диетасын жалғастырып, уақыт өте келе тамақ ішуден мүлдем бас тарту байқалады, тәбет жойылады. Ақырында, адамның терісі қаңқасына жабысып, асқазанның жұмысы тоқтап, шаш пен тіс түседі, сүйектердегі кальций жоғалады. Медициналық статистика бойынша науқастардың 40 пайызы ғана бұл синдромнан айығады екен. Ең өкініштісі, науқастардың алты пайызы денсаулықтың төтеп бере алмауы мен өз-өзіне қол жұмсаудан көз жұмған. Бұл дерттің емдеу жолдары да өте күрделі. Ең кемі 5 жыл уақытты алады және науқастың ауруды жеңуге деген ықыласы мен ынтасын қажет ететін көрінеді.

Қыз-келіншектердің көбі өз өмірлерінде бір мәрте болсын диета ұстап көреді. Әрине, әдемілік үшін. Қуантатыны – ұзақ мерзімді ашығуға көпшіліктің шыдамы жете бермейтіндігінде. Бірақ, ойдан шығарылған сұлулық стандарттары кейбір нәзікжандылардың әрекетін ушықтырып жібереді. Әсіресе, бойында еліктеушілік басым болатын ауыспалы кезеңде, қыз балалар қоспасы белгісіз шайларды, басқа да дәрілерді қолдануға әуес келеді. Анорексияға жетпей-ақ, арулар арықтаудың осындай тәсілдерінен бірден көз жұмған кездер өмірде болған. Бүгінгі техниканың заманында ақпараттың оңдысы да, терісі де қолжетімді. Әсіресе, ғаламтордан іздегеніңнің бәрін табасың. Ашып қалсаң болғаны, алдыңа диетаның түр-түрі тізіліп шығады. Дәріханаларда да артық салмаққа қарсы сапалы-сапасыз, бағасы да әртүрлі шөп-дәрінің талайы бар. Дегенмен, оларды ақыға сатып алып, соңында ақы беріп арыла алмай қалатын ауруға шалдығу қаупі бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Жалпы, жаратылыста әйел затының өзі сұлу­лықтың символы емес пе? Сондықтан, әлемде ұрпақ жалғасып, сұлулық мәңгі жасасын десек, жасандылық үшін тәуекелге барғанша, денсаулықты күту анағұрлым ұтымды болатынын жадымызда сақтайық.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар