«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Той - халықтың қазынасы

Той - халықтың қазынасы
ашық дереккөз
Той - халықтың қазынасы
Қазақ – мәдени өмірі той-томалағы арқылы көрініс табатын ерекше халық. Халық қазынасы саналатын той ең үлкен тәрбиенің де мектебі. Өйткені, онда ұлт мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы насихатталады. Тұрмыс-салт жырлары шырқалып, түрлі өнері паш етіледі. Осы үрдісті қаз-қалпында сақтау, бұрмалануына жол бермеу, тағылымға жат әдеттердің таралуына тыйым салу мақсатында 2011 жылы жамбылдық той асабалары жиылып, ақылдасқан болатын. Алғаш рет тараздық Нұржан Жолдасбек пен Ринат Нұрақбаевтардың идеясымен қолға алынған бұл істің басы-қасына айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, жасөркендік Бегалы Ысқақ сынды көшбасшы асабалар мен орта буын және жас өнерпаздар ұйысты. Содан бері облыс жұртының мейрамы, қызықшылықтары мен жақсылықтарын баянды етуге тырысып келе жатқан Тараз тойының тарландары жыл сайын кеңес құрып, өткенді саралап, келер күндерге жоспар жасап отыруды тұрақты түрде дәстүрге айналдырған. Тараз тарландарының биылғы бас қосуы да келелі мазмұнда өтті. Ниетхан бастаған жас асабалардың жауапкершілігімен ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға шулық, меркілік асабалар мен той өнерпаздары келіп қатысып, кеш көрігін қыздырды. Батаны аузы дуалы үлкенге бергізіп, қыз ұзатуды, беташарды, шілдехана, бесік той немесе баланың тұсауын кесуді ел ішіндегі абыройлы, беделді адамға сеніп тапсыратын халқымыздың құндылықтарын паш етудің үлгілері дәріптелді. Қазақ тойларының тек ас ішіп, аяқ босататын орын емес, қашанда туыстық, адамгершілік қарым-қатынастың, ізгі пікір алысулардың, руханият пен халық ауыз әдебиетінің, шешендік сөздің, мәдениет пен өнердің тәлімді ошағы екендігін жас ұрпақ санасына құйып, қоршаған ортаға, қазіргі қоғам мүшелеріне, үлкен мен кішіге бірдей насихаттау жолы нұсқалды. Әсем ән әлемінің құнарына көз суарылып, әзіл-қалжыңдар айтылып, көңілдер көтерілген, ақ тілектер ақтарылған осынау әсерлі кеште асабалардың тіл мәдениеті, сөз саптасы, тойшыл қауымды сүттей ұйытып, тыңдата білу шеберлігі, олардың той жүргізу мәдениетін көтеруге деген ұсыныстары да ескерілді. Ескі жыл қорытындыланылып, облыс орталығынан ашылған «Qazaqstan» атты жаңа мейрамхананың тұсауы кесілді. Келесі жылдың басқосуын ұйымдастыру эстафетасы Сержан Сағындықов бастаған асабалар тобына тапсырылды. Қуана алмағанға құт қонбайтынын, бағалай алмағанға бақ қонбайтынын ұлт ұстанымы етіп келе жатқан халқымыздың ұлы көші ешқашан тоқтамақ емес. Сондықтан Тараз тарландарының бар мақсаты – дәстүріміздің мәйегі саналатын қазақ тойларын мәдениеттің өркениетіне жеткізу. Осы бағытта той өнерпаздарының, әсіресе, асабалардың бұлжымас этикасын қалыптастыру.  

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар