Ерекше балаларға айрықша қолдау
Ерекше балаларды қолдау мақсатында облыс орталығы – Таразда аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды. Бұл – еліміз бойынша «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының демеушілігімен құрылған бесінші орталық. Оған облыс әкімдігі мен «Қамқорлық» корпоративтік қоры қолдау білдірген. Аталмыш орталықта 1,5-тен 18 жасқа дейінгі 125 бала мамандардың көмегін тегін алып, олардың ата-аналарына да қолдау көрсетіледі деп күтілуде. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» қоры Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев нысанды қайта жөндеуден өткізуге атсалысқан «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» қорларына облыс тұрғындары және ем алушы балалардың ата-аналары атынан алғыс білдірді.
– Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектігі бар азаматтарға қарым-қатынасымен айқындалады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғамда тең жағдай жасау және оларға қамқорлық көрсету мемлекеттің борышы болып табылады.
Мемлекет басшысының бастамасымен әлеуметтік жағынан әлсіз, мүмкіндігі шектеулі жандар жан-жақты қолдауға ие болуда. Нәтижесінде, ерекше қажеттілігі бар адамдарға республика бойынша айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облыста да игі істер атқарылуда. Облыста 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркеліп, оларды қолдауға ағымдағы жылы 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Тиісті бұйымдармен толық қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Соның бірден-бір көрінісі ретінде 110 орындық осы аутизмі бар балаларды қолдау орталығының ашылуын айта аламыз, – деді облыс басшысы.
Орталықта логопед, психолог және дефектолог және басқа да мамандар ерекше балаларға ава-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделген және емдік-денешынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыкалық терапия, сенсорлық интеграция, әлеуметтік- тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтар жүргізеді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді