Үйірменің үйретері көп
«Үйрете отырып үйрену ғана жеміс береді», деген екен қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлы. Шындығында өзгелерді мақсатты түрде үйрете отырып тынымсыз ізденеміз, жаңашылдыққа ұмтыламыз, шыңдаламыз. Балаларға қосымша білім беру – білім алушылардың білім алу қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту үрдісі, үздіксіз білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Жас буынға қосымша білім беру жүйесі салауатты өмір салтын қалыптастыру, жеке тұлғаны өздігінен дамыту, шығармашыл, дарынды балаларды анықтауға және олардың дарындылығын дамытуға, балалардың құқықтарын қорғауға назар аударуды күшейтуге бағытталған. Тәрбие процесін ұйымдастыруда үйірме жұмыстарының алатын орны ерекше.
Мектептегі пәндерден бөлек үйірме сабақтарының да оқушыларға берері мол. «Үйірме» деген сөздің өзі оқушылардың өздігінен орындайтын іс-әрекеті екені мәлім.
Мектебімізде де сабақтан тыс уақытта үйірме сабақтары жүргізілуде.
Біздің мектебімізде балаларды жан-жақты дамыту мақсатында «Асық ату», «Жас шахматшы», «Әскери патриоттық», «Ұлы мұра – ұлттық қазына», «Домбыра – дастан», «Үкілім» би, «Ремесло загадочное искусство» үйірмелері жұмыс істеп келеді. Үйірмелер оқушылардың бос уақытты тиімді қолдануына мүмкіндік береді. «Үлгісі көптің өрнегі көп, өрнегі көптің ермегі көп» дегендей, бұл үйірмелердің берері мол және жеткен жетістіктері аз емес.
Биылғы оқу жылында жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған облыстық «Жас қозғалыс инспекторлары» ХХІІ слетінде «Жол сақшылары» тобы бас жүлдеге ие болды. Облыстық байқауда ерекше көзге түскен бөлімше командирі Ариана Кикинадзе Алматы қаласындағы «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізгі қағидаты» тақырыбында өткізілген форумға қатысты.
Сондай-ақ, ұлттық ойын «Асық ату» үйірмесінің жетекшісі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Абзал Имашев облыстық мұғалімдер спартакиадасында Асық ату спорт түрінен ІІ дәрежелі диплом, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 30 қазан мен 4 қараша аралығында мұғалімдер арасындағы ІІІ республикалық спартакиадасында асық атудан І дәрежелі диплом мен медальға ие болды.
18-19 қараша күндері өткізілген облыстық шахмат турниріне «Жас шахматшы» үйірмесінің қатысушысы 7-сынып білім алушысы Мадина Рысбек қатысып, блинц түрінен І дәрежелі диплом, рапид түрінен ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алды.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, балаға дер кезінде бағдар беріп, қабілетін анықтаған ата-анасы болса, үйірме жетекшісі Мади Рысбекұлының да ұстаздық еңбегі зор. Бала – біздің бауыр етіміз, бақытты болашағымыз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – демекші, бала тәрбиесіне өмірге келген күнінен бастап айрықша мән берейік. Армандары асқақ, мақсаттары айқын білім алушыларымыздың үйірмеден үйренері көп.
Асем ЖАСЫБАЕВА,
№16 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Түркия – медициналық туризмде бесінші орында
- 24 қазан, 2024
Миға дәрі тасушы ретінде паразиттер қолданылмақ
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді