«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баланың бірінші ұстазы – ата-ана

Баланың бірінші ұстазы – ата-ана
ашық дереккөз
Баланың бірінші ұстазы – ата-ана
Ата-аналар қауымдастығымен байланысты нығайту, оларға педагогикалық қолдау орталықтарын құру – биылғы оқу жылының негізгі ерекшеліктерінің бірі. Осындай орталық Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейінде ашылды. Тәрбиеге жауапты ұстаз бен ата-аналарды біріктіріп, бірнеше мәселенің түйінін шешетін игі бастаманың жұмысы басталып та кетті. Білім ошағындағы бұл бастама балалардың жас ерекшелігіне сай жүзеге асырылады. Әр сәрсенбі сайын барлық сынып оқушыларының қатысуымен ата-аналардың, тәжірибесі мол, шығармашыл ұстаздардың дайындығымен арнайы сабақтар өткізіледі. Сабақ барысында ата-аналарымыз алғыстарын білдіріп, өздері эмоционалды сауаттылыққа ие болғанын жеткізіп, оған қажетті құралдарды қолдануды үйренді. Шағын топпен жұмыс жасалды. Эмоционалды интеллект – бұл өзіңіздің және басқалардың эмоцияларын тану. Эмоциялармен достаса алсақ, адамдармен де қарым-қатынас орната алады екенбіз. Ата-аналар осыны біліп, түсініп, өз ойларымен бөлісті. Бірнеше жаттығулар жасады. Сонымен қатар, 1-4-сынып оқушыларының ата-аналары арасында «Отбасы – бақыт бесігі» тақырыбында сабақ өткізілді. Сабаққа 120 ата-ана қатысты. Сабақ барысында отбасындағы басты құндылық, құрмет пен сүйіспеншілік жайлы айтылып, бейнебаяндар көрсетілді. Бала үйіне келгенде отбасының жайлы жер, ыстық ұя екенін сезінуі керек. Олар адамгершілік, бауырмалдылық, татулық, қайырымдылық, инабаттылық сияқты қасиеттерді отбасынан алады. Тәрбиенің балаға үлкендердің үлгісімен сіңетіні, ата-ананың бала тәрбиесіндегі басты тіреу екені айтылды. 7-9-сынып ата-аналарымен «Позитивті ата-ана болу: тыңдау, есту, өзін естірте білу» тақырыбында оң тәрбиенің мәнін, принциптерін және дағдыларын дамытуға арналған семинар-сабақ өткізілді. Бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа психологиялық қолдау көрсету болды. Семинар барысында ата-ана борышы, сүйіспеншілік, жеке тұлғаға деген құрметі, сенімі, қамқорлығы, ашықтығы, адалдық, мейірімділік, қайырымдылық, оптимизм, позитивті ойлау, эмоционалдық интеллект, ынтымақтастыққа дайын болуы туралы ой қозғалды. Мектеп ұстаздары ата-аналарға позитивті ата-ана болу дағдыларын игеруге бағыт- бағдар берді. «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деп дана Абай айтқандай, бала тәрбиелеуде кешікпейік дегім келеді. Бала – Жаратушының сыйы, ата-ананың қуанышы, мектеп өмірінің сәні. Ендеше, ата-аналар, қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер оларға үнемі үлгі екенімізді ұмытпайық.  

Назгүл АНИСОВА,

Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар