«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өмірді өлеңменен өрнектеген

Өмірді өлеңменен өрнектеген
ашық дереккөз
Өмірді өлеңменен өрнектеген
Поэзия патшалығының бір өкілі Әбдірахман Асылбек жастайынан өлеңді өміріне серік еткен жан еді. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, ол айтар ойын өлеңмен жеткізуге машықтанған. Бұл оның бала жастан ауыз әдебиетімен сусындағанынан қалыптасқан әдеті болса керек. Ол қазақ ертегілері, батырлар жырын жастанып жатып оқитын кітапқұмарлар санатынан еді. Оның ең ерекше қасиеті – жаттау қабілетінің жоғарылығы, жадының мықтылығы. Содан болар, қариялардан естігендерін, оқығандарын ойында қорытып, соған орай өлең құрастыруға тырысатын. Ойын өлеңмен жеткізуге осылай дағдыланған. Әбдірахман Асылбекпен осыдан жарты ғасыр бұрын студент кезімде таныстым. Таныстырған – сыныптас досым, сол кездегі Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында оқып жүрген Орынбасар Әлібеков. – Танысып қой, мына кісі – менің Әбдірахман жәкем. Ақын Әбдірахман Асылбеков. Мына жігіт – менің досым Болат. Осында ҚазМУ-дің бірінші курс студенті, болашақ журналист. – О, әріптесім екен ғой. Мақалаларыңды шығару, өңдеу керек болса, келіп тұр, айналайын, – деп қолыма визиткасын ұстатып жүріп кетті. Ол кезде ол кісінің қайда жұмыс істейтіні есімде жоқ. Жүрісі жылдам, қимылы ширақ, мейірімді. Жақсылық жасауға бейім екені көрініп тұр. – Мына кісінің мінезі бала сияқты екен, – дедім қасымыздан ұзай берген кісіге өзімше мінездеме беріп. – Бала сияқты емес, нағыз баланың өзі. Балалар ақыны. Балаларға арналған бірнеше кітаптары бар. Кейбір қылықтары кісі күлгендей, – деді Орынбасар. Осылай айтып ауыз жиғанша ағамыз қасымызға қайта оралғаны. – Орынбасар, ұмытып барады екенмін, егер бүгін қайтып кетсең, елге сәлем айт. Қайтпасаң, кешке інішекті үйге ертіп кел. Кеңінен отырып әңгімелесейік, – деді де, аялдамаға келіп қалған автобусқа қарай асығып бара жатты. Осы әрекетімен-ақ Әбдірахман ағамыз өзінің бала мінезін тағы да көрсетіп үлгерген. Бірақ, өзіне білінбейтін шығар. Орынбасар дос арқылы осылай танысқан Әбдірахман Асылбек сол кездің өзінде-ақ балаларға арналған «Жапырақ», «Қиял қиясында», «Алтын дән», «Алатау аясында», «Балам туралы баллада» өлең кітаптарының авторы екен. Әлгі таныстықтан кейін мен газет-журналдардан ағаның аты-жөнін іздеп жүретін болдым. Шынымды айтсам, «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналының әр саны Әбдірахман ағаның өлеңінсіз шықпайтын. Одан бөлек, жастар басылымы «Лениншіл жас» газетінен де көріп қаламын. Республикалық сатиралық «Ара» журналынан да оқыдым сықақ өлеңдері мен пародияларын. Тіпті, бірде «Қазақ университеті» газетінде де жүр өлеңдері. Сөйтсем, Әбдірахман Асылбек ағамыз нағыз ақын, талмайтын талант, әмбебап қаламгер екен ғой. Бойға біткен талант, ойға ораған шабыт шаршатпайды-ау шамасы. Сөз басында, «ақынға қара сөзден өлең оңай» деген сияқты едім-ау. Соның нақты дәлеліндей Әбдірахман Асылбек республикалық «Заң газеті» басылымында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып жүргенінде бір-екі фельетонын өлеңмен жазғаны бар. Фельетон – газет жанры. Ол нақты фактіге негізделеді. Ал, енді сондай фельетонды өлеңмен жазып шығу – нағыз ақынның шеберлігі. Биыл туғанына 85 жыл толған ақын Әбдірахман Асылбектің шығармаларын парақтап отырып, ол кісінің нағыз ақын, әмбебап ақын екеніне көзім жеткендей. Япырмау, осындай да талант болады екен-ау! Нағыз айтарын айтып, берерін беріп кеткен ақын. Әй, бірақ, біз пендеміз ғой. Сексеннің сеңгіріне шығып, дүниеден озғанына дейін қолынан қаламы түспеген ақынның ішінде «Әттең, мына бір дүниені жазып үлгермедім-ау!» деген бір арман кетпегеніне кім кепіл?! Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, үздік балалар ақыны, көптеген байқаулар мен мүшәйралардың жеңімпазы және жүлдегері Әбдірахман Асылбек әртүрлі жанрда 28 кітап шығарған екен. Шығармаларында барлық тақырып қамтылған. Отаншылдық-патриоттық, шыншылдық, адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық, бауырмалдық, сүйіспеншілік, махаббат, достық... бәрі-бәрі бар. Бәрі-бәрі шын жүректен жырланған. Бәрінің де тәрбиелік мәні жоғары. Сөзіміз жалаң болмас үшін солардың бірқатарына тоқтала кетейікші. Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Жамбыл кітапханасы» сериясында «Тараз мұралары» атауымен Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұраларының көптомдығы жарыққа шыққан. Энциклопедия сипатындағы осы серияның 68-томы толығымен «Ағынан ақтарылып» деген атаумен ақын Әбдірахман Асылбектің шығармаларына арналыпты. Баспаға әзірлеген – Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова. Бұл жамбылдық жерлестерінің қаламгерге деген құрметі. Демек, ақын ағамыз сондай құрметке лайық болғаны. Осы кітаптың беташар бетінде: Ашығын айтар болсам сыр жасырмай, Мінезім мөлдір бұлақ жылғасындай. Шапқылап ағып келем ақ бұлақ боп, Аптығым әлі күнге бір басылмай. Үңіліп әр отбасы, әр ұяға, Жүгініп үлкен-кіші, қарияға. Ағынан ақтарылып ағатұғын, Айналғым келеді әппақ дарияға, – деп ағынан ақтарылған ақынның бар бітім-болмысы, мінезі, адал жүрегі ақ қағаздың бетіне сөзбен сурет салғандай әсерлі әрі шынайы. Ақын қоғамнан тыс қала алмайды ешқашан. Ол – заманының адамы. Әбдірахман шайырдың «Ақын толғанысы» атты өлеңіндегі: Келмейді ұйқым дөңбекшіп түнде менің, Тарам-тарам боп кетті дін дегенің. Кетіп жатса қазақтар кәпірленіп, Шын масқара емес пе бұл дегенің?! – деп халқымыздың қазіргі жай-күйіне алаңдаушылық білдіргенін аңғару қиын емес. Ақын: Далада жатса егер бір түйір нан, Қалтқысыз көзім шалар бір қиырдан. Қастерлеп, қасиеттеп көтеремін, Парықсыз пенделерге шын күйіп жан, – деп жырлайды «Нан» атты өлеңінде. Ақын жаны нәзік, ақын көзі көргіш, ақын жүрегі сезгіш. Ол әлгіндей жағымсыз жайттарды көріп тұрып, біліп тұрып үнсіз қала алмайды. Ақын – отаншыл-патриот. Оның Отанға, туған ел, туған жерге деген перзенттік махаббаты тым ыстық. Ақын атаулының алғашқы өлеңдері анаға, туған жерге арналуы заңдылық. Анасын, туған жерін сүймеген адам Отанын да сүйіп, оған қызмет қылып жарытпайды. Сондықтан, қазақ «Отан отбасынан басталады» дегенді бекер айтпаған. Осы жерде тағы да ақын өлеңіне жүгінейік. Аса мен Талас өзен аралығын, Қаптаған қалың малың қарақұрым. Қарттардың көбі бүгін көрінбейді, Ақтарып отыратын даналығын, – деп бастапты туған жері туралы «Бозарық» атты өлеңін. Әрі қарай оқи берсеңіз ұлан-байтақ даланы шарлап кетесіз. Шарлаған сайын көңіл шалқи түседі. Бұл шалқу шалқу ма, «Бұл – менің Қазақстаным» өлеңін оқығанда көңіл көкжиегі кеңи түскендей. Таулары көкті тіреген, Басында бұлты түнеген. Бақшада сайрап бұлбұлы, Даласы қайта түлеген. Тыңдаған әлем күшті әнін, Бұл – менің Қазақстаным! – деп ақын шаттанғанда жүрегіңді мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Шындығында мұндай елде тұру, мұндай елдің азаматы болу бақыт қой. Әбдірахман ақын сол арқылы туған жерді, туған елді қадірлеуге үндейді. «Бақытыңның шын бағасын біл!» дейді. Ақын сырын ақын ғана түсінген. Сол арқылы талантын да бағалай білген. Тілінен тамсандырып бал ағызған, Үнімен асып түсер Сара қыздан. Бір саңлақ шықты бүгін арамыздан – Дархан ел Үшаралдай даламыздан. Бұл – Әбекеңнің жерлесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова қарындасына арнаған өлеңі. Ол Күләшті мақтап отырған жоқ, Күләштай ақыны барына мақтанып отыр. Мен ақын Әбдірахман Асылбектің шымыр шығармалары туралы айтамын деп, оның өлеңдеріне талдау жасап кеттім-ау деймін. Солай көрінгенімен оның өлеңдерінен мысалдар келтірмей, ол туралы ой айту да оңай емес. Өйткені, ақынның сырлары жырларында. Ақын жырына қанықпай, оның сырына үңілу мүмкін емес. Әбдірахман – әу баста балалар ақыны ретінде танылған қаламгер. Оның кітаптарының жартысына жуығы балаларға арналған. Бірқатар өлеңдері бастауыш сыныптардың «Ана тілі» оқулығында да бар. Бұл ақынның танымалдығын көрсетсе керек. Жалпы, әдебиетте балаларға арналған шығармалар жазу шынайы шеберлікті талап етеді. Өйткені, мейлі балалар жазушысы болсын, мейлі балалар ақыны болсын балаға түсінікті тілде «сөйлеуі» керек. Әбдірахман Асылбектің балаларға арналған өлеңдерінен де, ертегілерінен де бұл қасиет айқын аңғарылып тұр. Бала мінезді қаламгердің балаларға арналған кез келген шығармасы балғын оқырман жақсы қабылдағандай түсінікті. Сатира – әдебиеттің жауынгер жанры. Әбдірахман Асылбек бұл жанрда да қалам тартқан. Оның сын-сықақтарының қоғамды дертінен емдеуге септігі мол. Сөз сүйектен өтеді, қанша дегенмен сынның аты сын ғой. Ақынның мысалдары, сын-сықақтары, сатиралық өлеңдері, қилы көріністер мен пародиялары енген «Ұр, тоқпақ» атты кітабын оқырман жылы қабылдаған. Өйткені, онда «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ», «Әлсіздің күні кіжінумен өтеді» жағдайында жүрген шарасыз жандардың ойларын дөп басқан өлеңдер көп. Алғысөзін: Ақын ақын болар ма? Өз ұлтының тағдырын Толғамаса, шын жоқтап. Ертегі емес, тегінде Мына біздің өмірге Керек екен «Ұр, тоқпақ!» – деп бастаған сықақшы ағамыз парақорлық пен жемқорлық жайлаған қоғамды сын садағының нысанасына алып, өмірдегі келеңсіз жайларды қалам-қандауырымен сойып салған. Бұл жерде ақынды нағыз қоғам жанашыры, халықшыл, отаншыл сипатта көреміз. «Бұрындары «бастықтар мен шыбындар газеттен қорқады» деуші еді, қазір ондай қорқу қалған. Жемқорлар ештеңені елең етер емес. Тіпті, сатираңды шыбын шаққан құрлы көрмейді. Сонда да болса, қолдан келгенінше сатираның семсерін сілтеп бағайын», – деп жазыпты тағы да осы алғысөзде. Бұл, енді, ақынның алған беттен қайтпайтын қайсарлығы. Шыншылдығы. Осы мақала жазылып жатқан тұста Әбдірахман Асылбектің орыс тілінен аударған бір кітабы қолға тиді. Атақты орыс мысалшысы И.А.Крыловтың шығармаларын тәржімалап, көзінің тірісінде баспаға дайындап кеткен екен. Отбасының демеушілігімен «Алматы кітап» баспасынан жуырда ғана жарық көріпті. Баспахана бояуының иісі аңқып тұр. Әдебиеттің жауынгер жанры сатираға жататын мысалдың да қоғамға жат әрекеттерді сын садағының нысанасына алатынын оқырманға түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас. Өзі де мысалшы Ә.Асылбек Иван Крыловтың әлем әдебиетінің жауһарына айналған шығармаларын өлең түрінде өте шебер аударған. Тілі жатық, түсінікті. Әсіресе, балалар үшін таптырмайтын кітап. Бұл жерде ақынды тәржімашылық қырынан танимыз. Айтпай кетсек, қиянат, Әбдірахман Асылбек – екі жүзден астам әндерге мәтін жазған ақын. Оның әнге арнап жазған алғашқы мәтіні – «Жар-Жар» өлеңі. Кәдімгі халық әуенімен екі жастың үйлену тойында айтылатын «Жар-Жар» әні. Ол туралы Әбекеңнің өзі былай жазып кетіпті: «Мендельсонның «Свадебный маршы» секілді бұл күндері қазақтың үйлену тойларының гимніне айналып кеткен «Жар-Жар» әні қашан, қалай шықты дейсіздер ғой. Ол былай: «Жар-Жар» әні 1959 жылы дүниеге келген. Ол кезде мен Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың соңғы курсында оқып жүрген едім. Алматыда Жамбыл облысының Талас ауданынан әртүрлі жоғары оқу орындарында бірнеше бала оқитынбыз. Солардың ішінде Социалистік Еңбек Ері, жылқышы Байқошқар атаның баласы Берден деген жігітіміз Сәбира деген қызға үйленетін болды да, маған «Жар-Жарды» жаңаша жазу тапсырылды. «Жар-Жарды» жаңаша мәтінде жазып шықтым да, оны түймелі машинкамен оншақты дана етіп басып, сол кеште 3-4 жігіт қосылып айтып шықтық... Содан келесі бір үйлену тойына барғанымда мен жазған «Жар-Жар» алдымнан шықты». Әрине, «Жар-Жардың» жаңаша мәтінінің авторы Әбдірахман Асылбек екенін көпке дейін ешкім білген жоқ. Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып барып ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті ақынға авторлық құқық куәлігін беріпті. Ол туралы әңгіме бөлек. Әбекеңнің сөздеріне ән жазған сазгерлеріміз арасында біздің жерлестеріміз Мэлс Өзбеков, Алтынбек Қоразбаев, Әбиірбек Тінәлі, Сәрсенбек Бәкір, тағы басқалар бар. Ол әндер сахнадан түскен емес. Теледидар мен радиодан да жиі беріледі. Кез келген той-думан, ойын-сауықтың сәні. Ақын шығармашылығының өміршеңдігіне бұдан артық қандай дәлел керек. Енді бір міндетті түрде айтылуы керек әңгіме – ақынның қасиетті Құран Кәрімнің қазақша аудармасын өлең сипатында қазақ тілінде жазып шыққаны. Ақын Әбдірахман Асылбектің аудармасымен «Қасиетті Құран – мәңгілік ұран» атты кітап Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасының оң қорытындысымен 2018 жылы «Көкжиек» баспасынан жарық көрген. Кітапта Құранның әр сүресінің араб тіліндегі және ақын аударған қазақ тіліндегі нұсқалары қатар беріліп отырған. Сондықтан да ол – қастерлі. Ол кітаптың орны – жоғарыда. Аяқасты етуге болмайды. Қасиетті Құранның 114 сүресі түгел қамтылған өлеңдер ақынның ерекше дарын екенін аңғартқандай. Олай деуімізге осы кітап дәлел. Осы жерде өзімізге мәлім тағы бір жай туралы айтуға тиістіміз. Әбдірахман Асылбектің әкесі Жүнісбек ата – терең білімді молда болған кісі. Ол кісі – өткен ғасырдың 50-70 жылдары Жамбыл жерінде, қазіргі Тараз қаласы төңірегінде молдалығымен, діни сауаттылығымен танымал болған тұлға. Ендеше, Жүнісбек молданың баласы Әбдірахманның қасиетті Құранды өлең түрінде қазақша «сөйлетуге» нартәуекел жасап, белді бекем буғаны бекерден бекер болмаса керек. Бұл – нағыз батыл қадам. Ондай қадамға «лә илаһа илалла, Мұхамадур Расулуаллаһ» («Алла – бір, Мұхаммед – оның елшісі») деп тілін кәлимаға келтірген, жүрегінде иманы бар мұсылман адам ғана бара алады. Оған шәк келтірсек, Аллаға күпір болғанымыз. Анау-мынау емес, қасиетті Құран жөнінде мұндай батыл қадам жасау – Әбдірахман ағаның жүректегі иманының әмірі. Ол туралы ақын «Сөз басында» былай деп жазыпты: «Құран сүрелері араб тілінде оқылса да сайсүйекті сырқыратып, өнебойды шымырлатып, ерекше сергек сезімге бөлейтіні анық. Дегенмен, Құран аяттары төл тіліміздегі аудармалардан оқылғанда дәл араб тіліндегідей әсер ете қоймайтыны жасырын емес. Бәлкім, Алла Тағаланың тылсымнан тарту еткен аянының да әсері шығар, ойға «Неге Құран аяттарын тіліміздегі ойлы орамдармен, мәнерлі мақамдар, әсем әуез, үйлесімді үнмен оқылатындай өлең түрінде жазып шықпасқа?!» деген пікір орала кетті. Ақырында, осындай еңбекке қажыр-қайрат жұмсауды жауапкершілігім санадым да, Алланың сәтін салуымен «бисмиллә» деп бастап кеттім. ...Жауапты да сауапты істі атқару барысында жіберген қателіктерімді кешіруін Алладан жалбарына сұрап, мұсылман қауымнан кемшіліктерім үшін айып етпеулерін өтінемін... Демеймін хақ Құраннан қиғаш кеттім, Кей сөзді ырғақ үшін ұйқас еттім.» Дегенмен, Әбдірахман Асылбек осы еңбегімен жалпы мұсылман қауым үшін пайдалы, сауапты іс жасағанын мойындауымыз және оған рақмет айтуымыз керек. Ақын Әбдірахман Асылбек туралы айта берсе, сөз көп. Өйткені, оның өзі де артында айтуға тұрарлықтай іс қалдырған. Өмірді өлеңмен өрнектеп, өшпестей із қалдырған. Өзі өлсе де, сөзі өлмеген ақынның туғанына биыл 85 жыл толғанын жоғарыда айттық. Биыл – оның бақилыққа озғанына да 5 жыл. Осы атаулы даталарға орай, ақын отбасының бастамасымен әрі демеушілігімен Әбдірахман Асылбек шығармаларының 10 томдығы және ақын аудармасында И.Крыловтың «Мысалдар» кітабы жарық көрген. Кітаптар өте әсем безендіріліпті. Тау алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, уақыт өткен сайын ақын Әбдірахман Асылбектің атағы аспандап, асыл бейнесі жарқырай түсері хақ. Соның жарқын көрінісі, айқын дәлеліндей, жуырда Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында жоғарыда аталған көптомдық пен ақынның аудармасымен шыққан «Мысалдар» кітабының тұсаукесері өтті. Ол туралы облыстық бұқаралық ақпарат құралдары жаза жатар, көрсете жатар. Ақынның дүниеден озар алдында: «Бөрінің еті қалар сойған жерде, Ер жігіт жүре алмайды тойған жерде. Менің де жатқым келер атамекен, Әкем мен шешем тәнін қойған жерде. Көп болса жүз жасармын, көп тұрмаспын, Ел елер еңбек етсем, кеп тұрмас кім. Атанған әруақты Әулиеата Қырында жатсам болды Тектұрмастың. Мен өлсем, өлермін тек тәнім тозып, Мәңгіге ұшып кетер жаным озып. Жырларым халқымменен бірге жасап, Арайлы тұрса деймін таңым тосып», – деп жазыпты «Тектұрмас» атты өлеңінде. Бұл – аманат. Ақын аманаты орындалып, ол Тектұрмас зиратханасына жерленген, сонда мәңгілік тыныстап жатыр. Осы өлеңдегі «Жырларым халқымменен бірге жасап» деген жол да аманат сипатында. Ол аманатты орындау – бәрімізге парыз. Ол үшін мектептерде «Әбдірахман Асылбек оқуларын» өткізіп, кітапханаларда оның шығармаларына арналған оқырмандар конференциялары ұйымдастырылып тұрса, аманаттың орындалғаны. Биыл туғанына 85 жыл толған жерлес қаламгер, ақиық ақын (Тума таланттарға жақсы атақтарды қимайтын әдетіміз ғой. Автор.) Әбдірахман Асылбек туралы азды-көпті білгенімізді айттық. Айтуға тұратын, айтылуға тиіс болған соң айттық. Болашақта айтыла бергенін тілейміз. Өйткені, рухани ашаршылық қаупі туып тұрған қазіргі заманда әдебиет және оның өкілдері, ақын-жазушы, суретші, тағы басқа шығармашылық адамдары туралы айтылуы керек. Жарқын болашақ үшін!  

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар