Өмірі өнеге азамат
Жері жәннат, суы шәрбат, тарихы ежелгі Таразбен тамырлас, шежірелі де киелі Құлан топырағында 1938 жылы шаңырағы көтеріліп, уығы қадалған бұрынғы Луговой, қазіргі Т.Рысқұлов ауданына биыл 85 жыл толып отыр. Өткен жылдар ішінде ауданнан 22 Еңбек Ері шығып, есімдері аудан тарихына алтын әріппен жазылды. Олардың 21-іне орталықта ескерткіш орнатылды. Бұдан басқа да аудан тарихын қалыптастыруға, оның өсіп-өніп, өркендеуіне, экономикасының нығайып, гүлдене түсуіне еселі еңбегі мен сүбелі үлестерін қосқан майталмандар көптеп саналады. Олардың бірі мыңғыртып мал өсірсе, енді біреулері Жер-Анаға маңдай терін төгіп, ел ризығын тасытуға күш-жігерлерін аямай жұмсады. Тағы бірқатары сүт бұлағын селдетсе, көпке сыйлы, беделді азаматтар ел басқару ісінде ерекше таныла білді. Солардың бірі – колхоз өндірісінің ірі ұйымдастырушысы, парасаттылығымен көпшілік құрметіне бөленген Бектенбай Қойшыманов.
Қазір ел арасында «Бектенбайдың талы», «Бектенбайдың бағы», «Бектенбайдың өткелі», «Бектенбайдың мектебі», «Бектенбайдың газы» деген тіркестер көп айтылады. Осы сөздердің өзі ел игілігі жолында еселі еңбек еткен – Бектенбай ағаның өнегелі бет-бейнесін, парасат биігінен көрінетін образын бейнелеп тұрғандай емес пе? Иә, Бектенбай аға туралы кітап та жазылды. Белгілі жазушылар мен қаламы қарымды журналистер де қалам тербеді, очерктер жазды. Оның образын сомдады. Өзі тәрбиелеп, өмір жолына түсірген шәкірттері жылы лебіздерін білдірді. Сондай шәкірттерінің бірі, тәжірибелі агроном, елге сыйлы азамат Үтділда Тойғанбеков былай дейді: «...Ел үшін еселі еңбек етіп, артына өшпес із қалдырған, атпал адамдардың жүріп өткен өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болса керек. Көзден кетсе де көңілден кетпейтін ондай адамдардың асыл қасиеттері көз алдыңда кино лентасындай тізбектеліп, сенің өміріңнің бөлінбес бір бөлшегіне айналып кеткендей болады. Сол бір асыл азаматтармен жүрген сәттеріңді, одан алған тәлім-тәрбиеңді әрдайым сағынышпен еске алып отырасың. Бүгінде өмірден өткеніне алдағы қаңтарда 20 жыл толатын болашағыма жол сілтеген қадірлі ұстазым, колхоз өндірісінің ірі ұйымдастырушысы Бектенбай ағам менің өмірімде ерекше орын алады. Олай дейтінім, 1972 жылы сол кездегі Ленин атындағы колхозға жоғары оқу орнын тәмамдаған жеті бірдей жас маман жұмысқа келдік. Бізді «Мақпал» совхозынан кейін осында колхоз басқармасының төрағасы болып келген Бектенбай Қойшыманов пен партия ұйымының хатшысы Келгенбай Баймолдаев құшақ жая қарсы алды. Содан бері мен табаны күректей 20 жыл бойы білікті басшының тәрбиесінде болдым. Үйрендім, тәжірибесіне тұшындым, адамдарға қамқорлық жасаудың жолдарына қанықтым. Бұл кез менің өмірімнің аса бір мазмұнды сәттері деп білемін».
Шәкірті осылай деп ой толғайды. Өткен күндерді сағынышпен еске алады.
Иә, Бектенбай Қойшымановтың өмір жолы ғибратқа толы екендігін аудан, облыс, қала берді республика жұртшылығы жақсы біледі. Шалғайда жатқан шағын ғана Жалпақсаз ауылында 1926 жылы дүниеге келген Бектенбай аға еңбекке етене араласып, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, парасаттылығымен әрі біліктілігімен көпшіліктің сый-құрметіне бөленген атпал азамат болатын. Сонау соғыс жылдары жай ғана бухгалтерлік курсты тәмамдаған зерек жан жаңадан іргесін кеңге жайып келе жатқан колхоз өндірісіне белсене араласып кетіпті. Уақыт өте келе өндіріс пен білімді ұштастыруды көздеген жас жігіт Талғар қаласындағы колхоз басқармасы, төрағаларын дайындайтын курсты бітіріп, Луговой МТС-ында агроном, «Қызылшаруа» колхозында бас агроном, «Путь к коммунизму» колхозында комплексті бригаданың бригадирі, басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін мінсіз атқарды. Біліктілігі мен парасаттылығының арқасында ауыл тұрғындарының шексіз алғысына бөленіп, әр отбасының қадірлі де сыйлы ел ағасына айналды.
1965 жылы «Мақпал» мал бордақылау совхозының директоры қызметіне тағайындалған тұста Бектенбай ағаның нағыз ұйымдастырушылық қабілеті байқалды. Аз ғана жылдар ішінде тау етегінен орын тепкен совхозды экономикасы нығайған, елді мекені көркейген көрікті ауылға айналдырды. Өзге шаруашылықта жоқ интернат, балалар бақшасы, ауылдық клуб секілді әлеуметтік нысандар осында бой көтерді. Қазақ және орыс тілдерінде дәріс беретін орта мектеп ашылды. Совхоз елімізді ет өнімдерімен жабдықтайтын бірден-бір іргелі шаруашылыққа айналды.
Табиғаттың тылсым құпиясын жан-тәнімен сезінетін Бектенбай атадан балаға өсиет болып қалған «Бір тал кессең – он тал ек» деген қағиданы берік ұстанды. Осы мақсатпен ауыл маңынан аумағы ат шаптырым алма бағын жасап, онда әртүрлі сортты жеміс ағаштарын отырғызды. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларын, жастарды жасыл желекті қадірлеуге тәрбиелей білді. Олардың бойына табиғатқа деген махаббат сезімін қалыптастыруға барынша үлес қосты. Бүгінде сол алма бақ «Бектенбайдың бағы» деген атпен белгілі. Өкінішке қарай, кейінгі кездері сол алма бақтың кесіліп, оталып, талан-таражға ұшырауы көңілге қаяу салады.
Бектенбай Қойшыманов ең сан-салалы Ленин атындағы колхозды да жоғары биікке көтерді. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, мәдениеті өркендеді. Қай жерде болмасын, жасыл желек жайқалтуды назардан тыс қалдырмайтын білікті басшы мұнда да саябақ ашып, онда түрлі жеміс ағаштарын отырғызды. Алма бақты аялы қамқорлыққа алып, жастарды табиғатқа қамқоршы болуға үйретті. Кезінде алма бақтың жоғарғы жағынан сол кезде бірде-бір шаруашылықта жоқ демалыс-сауықтыру орталығын ашты. Онда тиісті орындардан шипалы су мен балшықты тасымалдап жеткізіп, ауыл қарияларын, ардагерлерді, еңбек озаттарын емдеп, сауықтыру жұмыстарын дұрыс жолға қоя білді. Бұл сол кездегі шаруашылықта болмаған үрдіс еді. Ал, жазда сауықтыру орталығы демалысқа шыққан мектеп оқушыларының жарқын жазды қызықты өткізетін лагеріне айналды. Осының барлығы да бүгінгі ауыл тұрғындарының әлі күнге көз алдында.
Біз бүгін колхоз өндірісінің ірі ұйымдастырушысы болған Бектенбай Қойшымановтың қол жеткен экономикалық көрсеткіштерін сөз еткен жоқпыз. Жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілуінің өзі сол көрсеткіштерге, колхоз байлығына байланысты екендігін көзіқарақты оқырман пайымдай біледі деп ойлаймыз.
Иә, өмірде өшпес із қалдырған парасат иелерінің есімі мәңгі жасайды. Бектенбай аға Қойшыманов Ленин орденімен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің Қола, Күміс, Алтын медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау хатымен марапатталған. Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына Еңбегі сіңген қызметкер, ауданның Құрметті азаматы болған парасат иесі. Өмір өнегеден тұрады десек, осындай парасатты жандардың жүріп өткен жолы жас ұрпаққа мәңгілік үлгі екені даусыз.
Біз Бекеңнің шәкірті Үтділда Тойғанбеков екеуміз әлі сұхбаттасып отырмыз. Әңгіме өзегі Бекеңнен ауытқитын емес. Шәкіртінің сағынышқа толы естеліктерінің де таусылатын түрі жоқ. Ауылда, қала берді ауданда диқандар әулеті атанып кеткен Үтділда, Мүсәтілда, Ассатілда секілді атпал азаматтардың атқарған игілікті істері де тілге тиек болды.
– Айтпақшы, – деді Үтділда Тойғанбеков, – ауданда бірінші болып табиғи газ кіргізілген біздің Көкдөнен ауылы болды. Ол кезде, тіпті аудан орталығында да газ жоқ болатын. Осының барлығын, яғни газ тарту жауапкершілігін Бектенбай ағам маған жүктеді. Өзі үнемі бақылауға алып, нұсқаулар беріп тұрды. Осы тұста мен тағы да жауапкершілік жүгін қалай сезінуді Бектенбай ағамнан үйренген едім...
Білікті ұстаздан тәлім алсаң, ол – саған өмірлік азық. Бұл өмірден алынған ақиқат. Бұған тәжірибелі агроном Үтділда Тойғанбековтың әлі де аттан түспей, қызылша өсірудің қыр-сырын ауданның балтамыр бапкерлеріне түсіндіріп жүргені толық дәлел болса керек.
Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді