Меркідегі мерейлі мереке
Жастар арасында ұлттық ойындар мен салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «JasSAQ» этно-реалити телевизиялық жобасы бастау алды. Мерейлі Меркі жерінде ұйымдастырылған тың жобаға іріктелген қыз-жігіттерден 50 шақты адам қатысуға ниет білдірген. Алты командаға бөлінген топ алдында басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар алғашқы болып сөз сөйледі. Қатысушыларға сәттілік тілей отырып, бәйгеге қаржылай сый тігілгенін атап өтті. Жарыс барысында бірінші орынға ие болған команда 700 мың теңгені қанжығаға байлайтын болса, екінші орын 500 мың, үшінші орын 350 мың теңге алады. Ал, әр жүлделі орын бұйырмаған ойыншыға 20 мың теңгеден табыстайтынын жеткізді. Командалар бірнеше ұлттық ойын түрлерінен сын сайысқа түсіп, жігіттер білек күшімен сынасса, қыздар сиыр сауып, табаға нан көміп, ауыл өмірін көрсетті. Киіз үй мен камераның ортасында жүріп қазақы болмысымызды ұмытпай, қазіргі заман ағымына да ілесіп жүрген жастардың бар екенін көріп қуанышымызды жасыра алмадық.
«Мейірім-Меркі» сауықтыру орталығының жанынан этноауыл құрылып, 6 киіз үйде самаурын қайнап, қазан асылды. Өзіміз орналасқан «Сақ кереге, сардар уық» киіз үйлердің ішіндегі сандықтан тартып, сыртындағы қазақы үйлесім тапқан оюларға дейін адамның жанына тазалық пен рухани ләззат сыйлап тұр. Алтыбақанның көрінісі, оның қасында айнакөлде жүзген аққу-қаздар сардаланың сарбаздарына сәттілік тілеп тұрғандай.
Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ.
Ұқсас жаңалықтар
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Бар ғұмырын білімге арнаған
- 7 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді