ЕҢБЕКТЕН БАҚЫТ ТАПҚАН ЖАНҰЯ
Ауыл-аймаққа үлгілі шаңырақтың бірі – Жуасбаевтар отбасы екенін төңіректің талайы жақсы біледі. Аталары Жуасбай Есқожаев Ұлы Отан соғысына қатысқан, бейбіт күнде мал шаруашылығы фермасында абыройлы еңбек еткен жаны шуақты ақсақал екен. Ауылға өнегесімен танылып, жастарға ақ батасын беріп жүріп, сексеннен асқан шағында өмірден озыпты. Бүгін біз бұтағын кеңге жайған Жуасбай ақсақалдың ұрпағы Медет Бидәулетұлының отбасына кеңінен тоқталғанды жөн санадық. Әкесі Бидәулет кеңшарда көлік жүргізушісі болып көп жылдар еңбек етсе, анасы Күләз да ауылдың еңбегінен қашқан жоқ. Өмірге бірнеше ұрпақ әкеліп, ардақты ана атанды.
Көпбалалы отбасында өмірге келген Медет Жуасбаев бала күнінен адалдыққа ұмтылды. Талас ауданы, Ойық ауылындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектепті бітіріп, Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқанда ауылдастары бір қуанған. Тіпті, сол жылдары Тәжікстанда болған қақтығысқа өз еркімен барып қатысып, өзінің батырлығын да байқатты. Атасы Жуасбай Ұлы Отан соғысында батырлығымен танылса, Медет әскери қызметте үздік қызметімен ерекшеленді. Әскерден абыройлы оралған Медетпен бүкіл әулет мақтанатын. Сол кезде Жуасбай ата үлкен немересі болған соң, Медеттің аяқтанғанын қалаған. Ауылдың тұнық тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Медет алысқа ұзамай, өмірлік жарын туып-өскен жерінен таңдады. Асыл жары Айман Ошақбайқызы да үлгілі, ұлағатты болып кездесті. Медет екеуінің құтты шаңырағында жыл сайын сәбидің сыңғырлаған күлкісі естіліп жатты. Отағасы да отбасылық жауапкершілікті сезініп, ауылдан Алматыға бет түзеп, құрылыс саласында бел жазбай еңбек етті. Ертеңгі күнін де ойлай білетін Медет Тараз қаласынан жер телімін алып, үй салды. Өзінің қолынан құрылыс саласына икемі болған соң, аянып қалған жоқ. Осылайша, Медеттің тіршілігі Таразда жалғасты. Қазіргі таңда қаланың тазалық жұмыстарына белсене атсалысып, қоқыс жинауға арналған автокөлік жүргізіп жүр. Тараздың тазалығына елеулі үлесін қосып жүрген Медетпен мақтанатындар көп. Қазіргі таңда ауласында жылқы ұстап, қымыз дайындайды. Соншама ауыр бейнетпен әзірленетін қуатты ас- қымызды сатып отырған жағдайлары да бар. Әрине, қазіргі нарық заманында мұндай іске ұмтылып жатқан Медеттің қадамы құптарлық. Бір жағы ұл- қыздары еңбекке жақын болып, шынығып өседі. Айман екеуі алты ұл-қыз өсіріп, перзенттерінен қызық көріп отыр.
Отанасы Айман да – жоғары білімді технолог маман. Алайда, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл шаңырақтың үлкені Нұршат жоғары оқу орнын үздік бітіріп, мамандығы бойынша магистратураға түскен. Ал, Шәкизат Астана қаласында жастар театрында еңбек етеді. Онан кейінгі ұл-қыздары мектеп жасында, барлығы да оқу озаты.
Ең бастысы – бұл отбасында береке мен шаттық, ынтымақ бар. Медет пен Айманның жарасымы, мөлдір махаббаттары арқылы балаларға дарыған тұнық тәрбие, таусылмас тағылым бар. Өнегелі осынау отбасына жақын жүргісі келетіндер аз емес. Сондықтан, Медетте дос та көп, жекжат та көп. Үйінен қонақ үзілмейді. Ол үшін отағасының қабағы ашылып жүргенінен артық бақыт жоқ. Осы шаңырақтың бірлігі мен берекесіне айналып, татулығына үлес қосуды өзіне парыз санайды.
Осынау бақытты шаңырақта қонақ болғанымызда Медет: «Әулеттің үлкен немересі болған соң, Жуасбай атамның тәрбиесінде өстім. Атам мен апамның жылы шуағын, мейірімін көп көрдім. Атам майдангер болғандықтан, бүкіл ауыл сыйлаушы еді. Біз сондай сыйлы кісінің атына кір келтірмеу үшін жақсы қасиеттерге ұмтылдық. Атамыздың бойындағы асыл қасиеттердің шамалы болса да алып қалуға тырыстық. Сол жақсы қасиеттерді ұл- қыздарыма да дарыттым деп ойлаймын. Олар да тәрбиелі болып өсіп келеді. Мен көбінесе жұмыста боламын. Балалардың тәрбиесіне жұбайым Айман көңіл бөледі. Әр баламызбен сөйлесіп, сабағын үнемі қадағалаймыз. Баланың талап-тілегін, нені қалайтынын сұрап, олармен санасамыз. Ұл-қызды өмірге әкелген соң, ата-ана олардың болашағына жауапты. Осы жауапкершілікті жақсы сезінеміз. Перзенттеріміз тәрбиелі, білімді болып, қатарының алды болса дейміз», – деді.
Есет ДОСАЛЫ.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Бар ғұмырын білімге арнаған
- 7 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді