«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасын бейнесіне жасырынған жан

Жасын бейнесіне жасырынған жан
ашық дереккөз
Жасын бейнесіне жасырынған жан
Әрбір әйгілі шығарманың мықтылығы, оның кейіпкерінің мінезіне, болмысына, шырғалаңы көп шытырманда шұғыл қабылдаған шешімдеріне, тіпті, жүріс-тұрысына тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әрбір киноның өзін кейіпкері, болмаса сол кейіпкерді сомдаған актері үшін көретіндер аз емес. Жазылған шығармада да жағдай сондай. Белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің «Қарғын» романының бас кейіпкері Жасынның да прототипі әдеби ортаға белгілі болғанымен, талайға жұмбақ болғаны мәлім. «Қарғын» романы жастардың сүйікті шығармасына айналғаны жасырын емес. Өйткені, аталған туындыда сезім мен сенім арасындағы арпалыс, жастардың шынайы махаббаты, адал сезімі мен биік парасат жан-жақты сипатталады. Романның негізгі оқиғасы Алматы қаласында өтеді. Бас кейіпкерлер Жасын мен Бағила алғаш рет пойызда кездесіп, кейін екеуі де өздеріне түсініксіз сезімді бастан кешіреді. Неліктен түсініксіз? Себебі, Жасын әйелі, екі баласы бар бола тұра он екіден бір гүлі ашылмаған жас қызға қалай ғашық болып қалғанын түсінбей дал болса, Бағила әйгілі жазушының өзіне немесе шығармашылық қабілетінің қайсысына ынтызар болғанын білмей әбден шатасады. Кітапта Жасын ойы алғыр, өмір шындығына жасқанбай қарайтын талантты жазушы, ал Бағила жоғары оқу орнына енді түскен бойжеткен ретінде сипатталады. Әңгіме Бағила мен әкесі Қаратайдың Алматыға сапарынан басталады. Осы кезде Жасын әлдеқандай себеппен Бағилалардың купесіне жайғасады. Бірақ, аудан басшысы Қаратай бұл жігітті жақтырмай дереу купені босатуын талап етеді. Тік мінезді, өткір тілді Жасын болса үлкен басшысының қол астындағы қызметкерлерге қарап «Жарайды, көндім. Сендерге жаным ашығандықтан келістім» дейді. Әрине, бұл мінезі әуел баста Бағилаға ұнамайды. Бірақ бойжеткен жазушының жалт етіп жоқ болған қыран көзін, мірдің оғындай өткір сөзін, өн бойындағы батылдығы мен қайсарлығын естен шығара алмайды. Жасын купеден кеткенде бір бет қағазын түсіріп алады. Онда жазушының ойлары, өмірге көзқарасы, әлем әдебиетінің классиктері жайлы сын-пікірлері мен басқа да ойлары жазылған екен. Бұларды оқыған Бағила бұрынғысынан да Жасынға қызығушылық білдіріп, ынтызар бола түседі. Алайда, пойыздағы кездесуден кейін ол жігітті кездестірмейді. Арада бір жыл өткен соң Бағила мен Жасын кездейсоқ таксиде кездесіп қалады. Бұл екінші кездесу екеуін жақындата түскендей. Бір-бірімен ауық-ауық кездесіп, өзара пікір алмасып, сыр бөліседі. Уақыт өткен сайын Бағила Жасынның өз ішкі дүниесімен арпалыс үстінде жүретінін, атақты жазушы болғанымен, оның досы жоқ екенін, жалғыз екенін, ой бөлісер тең таппай азап үстінде жүретінін байқайды. Мұның жас қыз екенін ескермей, ауық-ауық арына тиісіп, қатты сөйлеп қоятыны да осы жалғыздықтың кесірінен екенін ұғынды. Ақыр аяғында Жасынды сүю – бақыт емес, азап екенін де сезді. Бірақ, оның ішкі ойы «Бұл азап та бақыт» деп пендешіліктен гөрі парасаттылыққа жетелей берді. Ал Жасынның әйелі, екі баласы бар. Алайда, әлдеқандай сезім қанша кедергі тұрса да жас қызды Жасынға жетелей берді. Бойжеткен екінші онымен кездеспеймін деп қанша оқталса да, телефонның арғы жағынан жазушының қоңыр даусы естілгенде алып ұшып кететін. Ал Жасынның махаббаты ше? Атақты жазушы жас қызға ғашық па, әлде сұлулығына қызығып, мінезіне сүйсініп жүргендердің бірі ме? Бұл жағы оқырман түгілі Жасынның өзіне де белгісіз еді. Себебі, Жасын өз сезімін Бағилаға ашып айтпайтын. Екеуінің әңгімесі әдемі сөздермен, астарлы оймен жалғасын табатын. Екеуінің ендігі өмірі не болмақ? Елегізген егіз жүректің өмірі қай арнаға бұрылады? Роман осындай күрделі сұрақтармен аяқталады. Шығарманы жас деңгейіне қарай әр оқырман әрқалай қабылдайды. Мәселен, Бағиланың қатарлас құрбылары оны түсінбей, кешірмей, айыптап жатса, жасы ұлғайған оқырман романдағы әр кейіпкердің тағдырына түсіністікпен қарауға дайын. Романның құндылығы оның ішіндегі күрес. Адамның ішкі жан дүниесінде болып жатқан арпалыс. Романның өн бойы күрес, ақыл мен сезімнің, жеке өмір мен қоғамның арасында ешқашан бір арнада ақпайтын, аға қалса, бір-біріне кесірін тигізетін арна. Кейіпкер сол арнаның бірін таңдаса, екіншісіне кесірін тигізеді, сондықтан қанша арпалысса да, өзінің шарасыздығын біледі. Бұл романның басты идеясы, ал қалған көтерілген тақырыптар тек соны айқындай түсу үшін немесе соны көрсету үшін таңдалған жол болып табылады. Жалпы, романда адамның қоғам алдында, отбасы алдында, ата-ана алдында міндеттері бар екенін және соны орындау үшін талай нәрседен бас тартуға тура келетіні туралы жазылған. Бұл өз кезегінде қазірге кезде көптеген жастарға керек нәрсе. Сондай-ақ, роман ірі мен ұсақтың ара жігін көрсетуге арналған. Роман туралы көп айтуға болады, тіпті пікір талас туғызуға да. Қарғын романы 80 жылдары жарық көрсе де бүгінгі уақытта өте өзекті шығарманың бірі. Романды оқыған жанға бас кейіпкер Жасын әсер етпеуі мүмкін емес. Ақылды, білімді Жасынды жігіттер үлгі тұтса, ешкімге илікпейтін паңдығы мен парасаттылығына қыздар ғашық болды. Дулат Исабеков бір сөзінде: «Маған бір қыздар келіп, жігітіме «Неге Жасындай болмайсың» деп, араздасып қалдым» деген кезі де болды», – дейді. Дулат Исабековтің өзі: «Қарғынды» бастап жазған кезде дәл Асқарды прототип етіп алайын деп ойлағам жоқ. Асқармен бірге көп жүрдім, білім дәрежесіне, интеллектуалдық деңгейіне бір мысқал шек келтірген емеспін. Тіпті, коньяктан ұрттап алса да, ол ешқашан ойынан жаңылыспайтын, кез келген шығарманың бір әрпінен мүлт кетпейтін, әлем әдебиеті, әлем кинематографиясы, әлем театры, ондағы белгілі режиссерлар, әйгілі актерлар, таңдаулы шығармалардың көркемдік деңгейі, идеясы, ондағы кейіпкерлердің аттарын бүгінгі компьютерден кем білмейтін. Кез келген отырыстарда, әдебиетшілердің басы қосыла қалған әдемі ортада туындап қалатын, айтыла салатын, тап сол сәтке байланысты сол шығармалардан мысал келтіре салатындығы, әдебиет пен өмірді астастырып, үнемі байланыста ұстайтындығымен ол бәрінен ерекше, бөлекше болып тұратын. Ондай биік талғамды басқа біреудің бойынан көру де қиын еді. Асқармен етене жақын араласқаннан кейін шығар, оның бейнесі, мінезі санама әбден сіңіп, берік орнап қалған екен. Романның ортасына жеткенде жазып отырған жазушы Жасынымның Асқарға ұқсайтынын, тіпті нақ Асқардың өзі екенін бір-ақ аңдадым. Бұл шығарма мені жазушы ретінде әбден қинаған, шиыршықталып, шымбайыма бата бергеннен кейін қолыма қалам алдырған дүние еді. Біз, жазушылар, өндіріс дедік, шаруашылық дедік, әйтеуір сол кезде партияның идеологиясына байланысты отыра салып жазып тастайтын дүниелер де, маусымдық тақырыптардан малтығып шыға алмайтын жазушылар да көбейіп бара жатты. Роман бір ай ғана жазылды. Бұл 1979 жыл болатын. Шығарманы аяқтап болған соң оқып шығуға бірден Асқардың өзіне бердім. Ертеңінде Асқар: «Слушай, детектив оқып шыққандай болдым» деді,– деп еске алады. Осылайша шығарма жарыққа шыққаннан кейін әдеби орта Жасынның бейнесінен Асқар Сүлейменовті бірден таниды. Тек қаламгерлердің ортасы ғана емес, былайғы жұрт та шығармадан Асқар келбетін шырамытады. Шығарма қолдан-қолға өтіп, Асқар Сүлейменовті іздеп келетіндер көбейіп, онысымен қоймай: «Жасын деген сен ғой?» деп мойындатуға дейін тырысып, танығандарына масаттанып кетеді екен. Жоғары оқу орындарының аудиторияларында, кітапханаларда студенттер, басқа да жастар, әдебиетсүйер қауым арасында «Қарғын» романы қызу талқыланып, Дулат Исабеков бораған хаттың астында қалады. Тіпті, Оңтүстік Қазақстан облысының педагогикалық институтының студенттері «Қарғын» романының жалғасын жазуды, Жасынның бейнесін тереңдете түсуіңізді талап етеміз»деп, өктемдеу өтініштерін де айтады. Сонау Қырымда демалып жатқан Әзілхан Нұршайықов: «Дулат, осында демалысқа келіп едім, романың қолыма тиді, оқып шықтым. Меніңше, бұл шығарманың жалғасы міндетті түрде болуы тиіс» деп хат жолдайды. Тоқсан толғаудың түйінін де жазушы Дулат Исабековтің өзі: «Қарғын» шыққан сексенінші жылдан бері Жасын образы әлі қозғалып келе жатыр. Әркім әртүрлі пікір айтады. Прототиптің Асқар Сүлейменов екені ақиқат. Бірақ, Асқар ондағыдай әрекеттерге бара ма, бармай ма? Мәселе одан күрделірек. Асқар – кейде қатыгез адам. Тіпті, бірде, Омархан Қалмырзаев деген радионың дикторы бар, бәріміз коньяк ішіп отырғанбыз. Сол кезде темекіні алып, жанып тұрған қалпында Омарханның басына мыжып- мыжып өшірген болатын. Оның себебі не екенін білмейсің. Мен кітаптарды қалай оқу керек екенін, нені оқуға тиісті екенімді содан үйрендім. Асқар «Адамның басы үйдің шатыры емес, кез келген нәрсені лақтыра беретін. Көрінген нәрсені оқыма. Бастың да сыйымдылығы (бүгінгі жастардың тілімен айтқанда, мегабайты – Д.И.) бар» дейтін» деп қорытындылайды. Ал, бұл шығарма кез келген туындылардың қатарынан емес. Оған оқырман куә.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар