Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды
ашық дереккөз
Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Еңбек күніне арналған форум аясында еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында жыл сайынғы «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Форум қатысушыларына Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ тақырыптық екі сессия өткізілді. «Менің жетістігім – менің нәтижем» сессиясы аясында «Қазақстанның Еңбек ері» атағының иегерлері Ұзақбай Қарабалин, Мұрат Қайыргелдин мен Мұхтар Төлеутаевтар жоғары оқу орындары мен ТжКБ ұйымдарының студенттері және жұмыс істейтін жастармен сұрақ-жауап форматында кездесу өткізіп, өздерінің кәсіби жетістіктері туралы әңгімеледі. «Еңбек нарығы. Болашақ мамандықтар» сессиясында жаһандық трендтер, ағымдағы сын-қатерлер және экономика мен еңбек нарығындағы болып жатқан өзгерістер талқыланды. Спикерлер қатысушыларға еңбек нарығының жай-күйі, келешекте сұранысқа ие және пайда болатын жаңа мамандықтар туралы хабарлады. Форумның шарықтау шегі «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова құттықтау сөзінде іс-шара қатысушыларына табыс тілеп, жылы лебізін білдірді.
«Еңбек күні қарсаңындағы кездесулеріміз жақсы дәстүрге айналды. Біз бұл жиынға байқау жеңімпаздарын құттықтау үшін ғана емес, сонымен қатар еңбек адамына: құрылысшы мен энергетикке, диқаншы мен мал өсірушіге, ұшқыш пен теміржолшыға, аспазшы мен бағбанға; емдейтін және өмірге арашаға түсетін, балаларымызды оқытатын және тәрбиелейтін, үйлерімізді жылытатын, ұйқымызды қорғайтын және сақтайтын адамдарға; күнделікті қажырлы, әрі күрделі еңбегімен біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы жазылатын 9 миллион қазақстандыққа алғыс айту және құрмет білдіру үшін жиналамыз. Сіздердің бұл еңбектеріңіз ел экономикасының биылғы 8 айда 4,9% - ға және өндіріс көлемінің 3,1% - ға өсуін қамтамасыз етті. Атап айтар болсақ, 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 12 мектеп салынды. 110 мектеп, мүгедектерге арналған 6 оңалту орталығы, 220 спорт ғимараты салынуда. 6,4 мың шақырым автожол салынды және қайта жаңартылды», – деді Тамара Дүйсенова.
Өз сөзінде ол сондай-ақ Мемлекет басшысының еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жастарды даярлау үшін жағдай жасауға, еңбек ресурстарын сақтауға, қауіпсіз еңбек ортасын құруға бағытталған тапсырмаларын іске асыру бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы туралы хабардар етті. Премьер-Министрдің орынбасары «Қазақстанның Еңбек ері» құрметті атағының иегерлері мен марапаттау рәсіміне қатысқан еңбек ардагерлерінің, сондай-ақ «Еңбек жолы» байқауының барлық жеңімпаздарының Қазақстанның дамуына қосқан зор үлесін атап өтті. Премьер-Министрдің орынбасары төрт еңбек ардагерін «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады: Базарбай Қарағаев – «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ агрохимигі, Ақмола облысы, 68 жаста; Гүлжан Мершенова – «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ отбасылық медицина кафедрасының профессоры, Қарағанды облысы, 67 жаста; Абай Шангитбаев – «Электр энергиясы және қуат нарығының қазақстандық операторы» АҚ аналитика және жобаларды басқару департаментінің директоры, Астана қаласы, 58 жаста; Лидия Роот – Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ бөлме-тазалықшысы, 60 жаста. «Еңбек жолы» байқауы жыл сайын екі кезеңмен, атап айтқанда өңірлік және республикалық деңгейлерде үш номинация бойынша өткізіледі: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, өте тиімді жұмыс істейтін тәлімгер; «Өндіріс үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор жұмыскері таңдалады. Биыл жергілікті атқарушы органдар конкурсқа қатысу үшін 591 өтінім қабылдады. Олар: «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша – 143 өтінім, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша – 215 өтінім, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша – 233 өтінім. Конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері орынбасарлары төрағалық ететін комиссиялар анықтады. Конкурстың республикалық кезеңінің жеңімпаздарын Еңбек министрлігі жанындағы комиссия анықтады. Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР ЕХӘҚМ, «Атамекен» ҰКП, «Қоғамдық келісім» РММ және әлеуметтік әріптестер өкілдері бар.

Ұқсас жаңалықтар