Берекесі артқан, ынтымағы жарасқан жанұя

Берекесі артқан, ынтымағы жарасқан жанұя
ашық дереккөз
Берекесі артқан, ынтымағы жарасқан жанұя
Ұлағатты отбасы – мемлекеттің олжасы. Мұндай шаңырақ өздері ғана берекелі болып қоймай, сол сыйластық пен ынтымақты, алтын нұрды төңірегіне де шашады. Сондай озаттардың қатарында сарысулық Шырынбековтер отбасы да бар. Отағасы Жасұлан Шырынбековтың білімі орта. Орта біліммен-ақ ортасына сыйлы. Өз замандастарының арасында абыройы биік. Себебі, еңбек адамы. Жиырма жылға жуық Сарысу орта мектебінде жұмысшы болып істеді. Балдан тәтті бүлдіршіндер білім алатын мекемесінің тап-таза болып тұрғаны қандай жақсы. Мектептің тазалығына, көгеріп көктеп, тал дараққа оранып тұруына Жасұлан үлкен үлесін қосты. Мектептің қызметтік көлігін де жүргізген сәттері бар. Бүгінгі таңда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде көлік жүргізуші болып қызмет атқарады. Бір сөзбен айтқанда, Жасұлан өз ісінің шебері бола білді. Әлі де сол жауапкершілік биігінен көрініп келеді. Жасұлан спорттық іс-шараларға да қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Еңбегі лайықты бағаланып, Сарысу ауданы әкімінің Алғыс хатына ие болған. Ол үнемі отбасына ерекше көңіл бөледі. Алтыннан ардақты жары Нарсұлумен отау құрып, шаңырақ көтергендеріне биыл 22 жыл болыпты. Бұл күнде отбасында 7 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Отанасы Нарсұлу Рустамова М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. 2006 жылдан бері ұстаздық қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда Сарысу орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Сонымен қатар, информатика пәнінің мұғалімі. Педагогика саласында 17 жылдық еңбек өтілі бар. Педогогикалық дәрежесі – педагог-зерттеуші. Нарсұлу Ишанқұлқызы өзінің педагогикалық саладағы ізденісін үнемі дамытып отырады. 2018 жылы аудандық «Үздік педагог» байқауында жүлделі үшінші орыннан көрінді. Биыл аудандық «Жыл әдіскері» байқауының жеңімпазы атанды. 2019 жылы аудандық «Үздік құқықтық кеңес» байқауында жүлделі ІІ орынды иеленді. Қазақтың ұлттық ойындарын дамыту барысында да Нарсұлу айтарлықтай үлес қосып отыр. Ол тоғызқұмалақтан ауданның бірнеше дүркін чемпионы. Аталған білім ошағы жан-жақты, іскер ұйымдастырушы, «Алтын алқа» иегері Нарсұлу Ишанқұлқызымен мақтанады. Оның еңбектерін бағалап, құрмет тұтады. Бұл отбасының тұңғышы Алдияр Жаңатас көпсалалы колледжінің 3-курс студенті. Ол өзінің мамандығынан бөлек, спорт саласына да ерекше көңіл бөледі. Футбол, волейбол ойнап, жақсы қырынан көрініп жүр. Ұлттық спорттан да алшақ емес. Бастысы, ата-анасы секілді адал. Қандай іспен шұғылданса да, қандай жерде бақ сынаса да шешімі әділ болуын қалайды. Мерей Жасұланқызы Сарысу орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Жақсы үлгерімімен және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуымен ұстаздарын қуантып жүр. Болашақта жоғары оқу орнының грантын иеленіп, елімізге аса қажетті маман болғысы келеді. Отбасындағы үлкен қыз болған соң, сіңлілері мен інілерін де қадағалау Мерейдің міндеті. Жақсы тәртіп, тәрбиесімен бір әулеттің мерейін өсіріп отыр. Мектеп қабырғасында жүрген Айкерім мен Көркем де – оқу озаттары. Үнемі жан- жақты ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылып жүреді. Ата-анаға көмектесіп, кішкентай бауырларына да қамқорлық жасайды. Ата-анасының өбектейтіні бір бөлек, аға- әпкелеріне де еркелейтін Жания «Қарлығаш» бөбекжай бақшасына барып жүр. Бұл шаңыраққа Жаратушы барынша мейірім- шуағын төккен. Бес перзенттен кейін бұл отбасында егіз ұл дүниеге келді. Қазіргі таңда кішкентай Абду-Мәлік пен Абду- Мүсілім екі жастан асты. Былдырлап тәтті тілдері шығып, отбасының қызығына айналып отыр. Ата-анасы жұмыстан шаршап келгенде осы екі бүлдіршіннің бір тәтті қылығына, қызықты сөздеріне алданып, демалады. «Балалы үй – базар» деген осы болса керек. «Отбасында береке мен ынтымақтың болуы әркімге өте маңызды. Ол жағынан бақытты отағасымын деп айта аламын. Өмірлік серігім Нарсұлу екеуміз ұл-қыздардың тәрбиесіне үнемі көңіл бөлеміз. Перзенттеріміздің үлкені-кішісіне қамқор болып, мейірімін төгіп өсіп жатыр. Бұл ауылдағы барлық көпбалалы отбасына тән көріністер деп ойлаймын. Өзімнің отбасыма үнемі көңіл бөліп, перзенттерімнің кішкентай жетістігінің өзін бағалап, көтермелеп отырамын. Балаға ондай қолдау керек. Бойында бір жақсы іске икемі жоқ бала болмайды. Бәрінің икемі бар. Бірақ, ата-ана сол қабілетті аша білуі керек, ол үшін ата-ана мен баланың арасы өте жақын болуы тиіс деп ойлаймын. Еліміздің әр шаңырағында бақыт пен береке болуына тілектеспін», дейді отағасы Жасұлан Шырынбеков.  

Есет ДОСАЛЫ

    Сарысу ауданы  

Ұқсас жаңалықтар