Өсіп-өнген өнегелі әулет

Өсіп-өнген өнегелі әулет
ашық дереккөз
Өсіп-өнген өнегелі әулет
Отбасы құндылықтары – басты құндылық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, әр шаңырақтағы тәрбие перзенттеріне әсер ететіні анық. Сондықтан да, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп, оның облыстық, аудандық, қалалық кезеңдері ұйымдастырылады. Бұл дегеніңіз мыңға жуық отбасы өздерінің өнегелерін көрсетуге мүмкіндік алады деген сөз. Ал, сол өнегелі отбасыларға қарап, қаншама жүздеген жас отбасылар өмірден үлгілі жол таңдайды десеңізші! Осындай тәлім мен тәрбие алуға лайық шаңырақтың қатарында байзақтық Мәсенқұловтар отбасы да бар. Жапырағы кең жайылған бұл отбасында он ұл-қыз дүниеге келіп, бұл күнде өмірден өз орындарын тауып, Абай атамызша айтқанда «дүниеге кірпіш болып қаланып» отыр. Отағасы Жүзімхан Мәсенқұлов Суханбай ауылында дүниеге келген. Қырық жылға жуық зауытта еңбек еткен. Атқарған жемісті жұмысына орай «Еңбек ардагері» медалімен және бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Үздік дайындаушы» атағына ие болғандығы да – оның атқарған еңбегінің лайықты жемісі. Жүзімхан ақсақал ұл- қыздарынан немере, шөбере сүйіп, ауылдың қазыналы қартына айналып, 2016 жылы 79 жасында аз ғана сырқаттанып, өмірден озыпты. Алайда, қазіргі таңда немере, шөберелері өсіп- өнген Жүзімхан қарттың ұлағатты жолы әлі де жалғасып жатыр деп айта аламыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген, сірә, осы болар. Отанасы Орынкүл Мәсенқұлова бұл күнде 86 жасқа жетіп отыр. Өмірге он ұл-қыз әкелген ардақты әже бұл күнде ормандай болған ұрпағының қызығын көріп келеді. Байзақ ауданының Құмжота ауылында дүниеге келген Орынкүл әже Суханбай ауылына жас келін болып түсіп, ақ жаулықты әжесіне айналды. Бұрынғы «Ровный» кеңшарында сауыншы, егінші болып ұзақ жыл бойы еңбек еткен. Алтын құрсақты ана 1989 жылдан бері зейнетте. Алайда, алтын алқалы аналар мемлекеттің жұмысынан зейнетке шыққанмен, ұрпақтарына қызмет етуді жалғастыра береді. Әр тарапта жеке үй болып отырған ұлдары мен қыздарына аналық көңілімен алаңдап отырады. Күн сайын әр перзентіне қоңырау шалып, амандық-саулығын біліп отырмаса, Орынкүл әженің бойына ас батпайды. «Құдайдың берген балаларынан өсіп-өніп отырмыз. Отағасы Жүзімхан да бала тәрбиесіне ерекше мән беруші еді. Жас кезімізде бұйырған балаларды өмірге әкелдік. Оны ерлік деп, батырлық деп есептемеймін. Оны аналық парызым деп білемін. Сонда да мемлекеттің ардақты ана деп құрметтеп жүргеніне рақмет айтамын. Ұл-қыздарым, үлкен немерелерім үмітімізді ақтады. Кейінгілері де сол алдыңғы жарқын жолмен жүреді деген үміттемін. Әр перзентім, немерелерім сағынып тұрады. Маған одан артық бақыт жоқ. Еліміздің аспаны ашық, әр күні нұрлы болсын. Келешегіміз кемел болсын», деді ризашылық пейілмен Орынкүл әже. Бұл шаңырақтың тұңғышы Күләш Тараздағы статистикалық техникумын аяқтаған. Білім саласында ұзақ жыл есепші болып қызмет атқарған. Тағылымды әкеден тәрбие көрген Күләштің өз қызметін жоғары деңгейде атқарып, ұжымына сыйлы болғанын ризашылық пейілмен айтатындар көп. Қазіргі таңда өзі де қарттық жасқа жеткен ол кісі 4 ұл-қызынан 12 немере сүйіп отыр. Әулеттің ұлдан үлкені Серік өмірін ауылмен байланыстыруды жөн санап, мал дәрігерлік мамандықты таңдаған. Алматы қаласында ветеринарлық сала бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, өзінің мақсатына жақындай түсіп, ұзақ жыл мал дәрігері болып абыройлы еңбек еткен. Бұл күнде бақилық болғанымен, жасап кеткен үлгілі істері жұрттың жадында. Үш перзентінен бірнеше немере өсіп-өніп жатқандығы Серіктен мәңгілікке жалғасқан із деп айта аламыз. Жүзімханның бір перзенті Жанат та малдәрігерлік мамандықты қалапты. Зооветеринарлық техникумды бітіріп, мал дәрігері қызметінде абыройға бөленді. Ағасының да осы салада жүргені Жанаттың жұмысына оң ықпал еткені анық. Ол қызықты жылдардың бәрі өткен кезеңнің еншісінде жазылып қалды. Үш ұл-қызынан 6 немере сүйген Жанат қазіргі таңда жеке кәсіпкер. Күлмаш Жүзімханқызына да құрметпен қарайтындар көп. Бұрынғы Жамбыл қаласында медициналық училищені тәмамдаған ол ұзақ жыл Жуалы аудандық ауруханасында мейірбике болып қызмет атқарды. Мамандығы айтып тұрғандай, Күлмаш өзінен ем алған науқастарға ғана емес, төңірегіндегі барша адамдарға мейірім төгіп жүрді. Әлі де сол жақсы қасиет бойында сақталған. Денсаулық саласының білікті маманы 4 ұл-қызынан бірнеше немере сүйіп, қызыққа кенелуде. Бұл әулеттің бір қызы Ләззат та статистикалық техникумды бітіріп, есеп-санақ жағынан қызмет тапты. Қазіргі таңда Меркі ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің есепшісі. Үш ұл-қызынан әзірге 5 немере көріп, балдай тәтті қылықтарына тоймай келеді. Алматы қыздар педагогикалық институтын бітірген Розамен де Мәсенқұловтар әулеті мақтанады. Ол білім ошақтарында ұзақ жыл мұғалім, тәрбиеші қызметтерін жоғары шеберлікпен атқарып келеді. Үш перзентіне тағылымды тәрбие беріп, ізгі қасиеттерге баулығаны және бар. Талғат болса құқық қорғау саласында еңбек етті. Бұл азамат та басқа бауырлары секілді үш перзентінен бірнеше немере сүйіп, соларды өмірінің ең маңызды бөлшегі санайды. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін аяқтаған Сәуле Жүзімханқызы тәрбиеші болып лайықты еңбек етуде. Перзенттері есейіп, немерелердің апасына айналып үлгерді. Адам баласы үшін ол – үлкен бақыт. Әулеттің кенже қызы Гүлнар болса медициналық мамандықты таңдап отыр. Төрт ұл-қызынан немере сүйіп, бақытқа кенелуде. Әулеттің кенже ұлы Саят инженер-механик мамандығының шеберіне айналды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін бітірген. Қазіргі таңда заман талабына сай жеке шаруа қожалықты басқарып, көзге түсуде. Саяттың бұл талпынысы дұрыс. Ол шаруа қожалыққа төраға ретінде техникалардың жаңаруына ерекше мән береді. Себебі, өзі инженер. Тіпті, ескі техниканы қалай жөндеу керек, қай жерінде ақау бар оны да бірден біле қояды. Мамандығының инженер болуы төраға Саятқа көп пайдасын тигізуде. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, егістік жерді де ұлғайтуды көздеп отыр. Отбасына да көңіл бөліп, перзенттеріне жақсы тәрбие беруде аянып қалған емес. Байзақ ауданына есімдері кеңінен таныс өсіп-өнген әулеттің бүгінгі өркендеген қалпы осындай.  

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар