Алтын күзім келдің бе?
Жарқын жазды артқа тастап, алтын күзім келді күлімдеп. Саф алтындай сары күзімді жаным сағынып, асыға күткен сол бір мазасыз шағымды қалай ұмытамын. Осы мезгілде менің көңіл- күйім мынау ғажап дүниеге қарап, жай табатын секілді. Аспаннан қалықтаған сары ала жапырақтар қайталанбас сурет сыйлайтын сияқты. Сол сурет шабыттың шалқар әлеміне жетелейтін секілді. Күздің қоңыр әуені жаныңды әлдилейтін секілді. Осындай тамаша көріністен ажырамай, аяқ астындағы гүл болып шашылған жапырақтарды жайлап басып, гүлге көмкерілген беймаза өмірді бастан өткересің. Сары түспен жасанып сылаң қаққан тал-дарақтар жақсылық атаулыға, сәттіліктер мен жетістіктерге бастап тұратындай әсер қалдырады. Соларға қарап бой түзеп, алтынға пара-пар, сұлу да сүйкімді, көкпен таласқан ақ қайыңды жанарыңа сыйғызасың. Жақсы күндерім мен сәтті сәттерімді алдан күтіп, алтын шұғыласын шашқан мына әлемнің құшағында жүргендей сезінесің.
Күз айы молшылық айы, құт-береке айы. Еккен егіннің, өсірген дақылдың, жаз бойы баптаған жеміс-жидектің толық пісетін айы. Қамбамыз астыққа, өрісіміз малға толатын, сап-сары балапанды күзде санайтын сағынышты ай. Міне, осындай берекелі мезгілді қалай сағынбайсың? Қалай күтпейсің? Осы шақпен неге бірге өмір сүрмейсің? Алтын күздің шуағына малынып, алтын ғұмырыңды өткізуге неге талпынбайсың? Табиғаттың осынау тамаша мезгілімен қауышқанымды бақыт санаймын. Елімнің, қалың қазағымның молшылыққа кенеліп, бай- қуаттылығы артып, жеріміздің барлық қазына байлығы өзіне ғана бұйыртқан ақжарылқап заманның орныққанын қалаймын. Әлемнің озық елдерінің қатарында болғанын армандаймын. Лайым, соған жеткізе гөр деп бір Алладан тілеймін.
Көңіл-күйдің көкке өрлеген осы бір тамаша шағында мен үшін үлкен тұлға саналатын – бағбан атамның бейнесі көз алдыма оралады. Мен ес білгелі Малдарбек атам бау-бақшаның бел ортасында өмірін өткізді. Еңбекқор, шаруақор бейнесінде әлі күнге есімде сақтаулы тұр. Қашан көрсең кетпенін иығына асып, бақшаның бабын тауып, суын суарып, шөбін шауып, кәдімгі құмырсқа тәрізді тырбаңдап, өзіне ғана жарасатын қимыл-әрекетімен көкжиекте көлбеңдеген қарт бағбанды көріп сүйсінетін едім.
Сонда негізгі бағбаншылық кәсібі не дейсіз ғой? Кәдімгі қазақтың басыбалды қауынын одан артық білетін, одан дәмді етіп өсіретін бұл өңірде ешкім жоқ сияқты көрінетін маған. Атамның өз кәсібіне деген адалдығына тәнті болатынмын. Бақшаның ортасына орнатып алған шағын күркесіне қызыққан менің бала көңілімде өшпестей болып қалған суретті ақ қағазға түсіріп, үлкен картина жасауды армандаған кездерімді қалай ұмытайын. Күркенің төрінде жантайып жатып, жайқалып өскен өніміне тамсана қарап отыратын атамның кеңпейіл күн қаққан дидары, әр жерде аттың басындай болып теңкиіп жататын сары ала басыбалды қауындар, бір тал арам шөбі жоқ жап- жасыл бақша, көздің жауын алатын сол бір қайталанбайтын ғажап көріністер менің жадымда сақталып қалды.
Шіркін-ай деймін, қолы неткен алтын, кетпені неткен құтты еді, атамның. Бітік өскен мол өнімді игеріп, соны өткізудің барлық амалын табатындығын қайтерсің. Шиқылдаған темір дөңгелегі бар есек арбасына он шақты қап қауынды тиеп алып, ағайын- туысқандардың үйлеріне апарып бергенін талай мәрте көрдім. Ақысыз- пұлсыз тастайды да кетеді. Мұндай мәрт жұмысқа өзім де атсалыстым, қолдан келгенше көмектестім.
«Неге өйтеді?» деп ойлаймын кейде. «Өзім ғана емес, төңірегім, айналам, жақындарым мен туыстарым да дәмін татсын, ауыз тисін» дегені, барымен бөліскені, бағбаншылық кәсіптің құдіретін басқаларға жеткізгені болар деген сезімдер бойымды билеп тұратын. Бала болсам да, осындай түйсік жанымды жадыратып, атама деген ұлы махаббатым оянып, үнемі оның қасынан табылуға тырыстым. Атам да мені серік етіп, өзіне қолғанат етті.
Атам шағын денелі кісі болса да, шаршауды білмейтін ширақ әрі тындырымды болатын. Жерге еккені шықпай қалмайтын. Шығатын, жемісін көл-көсір етіп беретін. Дүниеде ондай еңбекқор адамды көрмеген шығармын. Атам еңбек етуді ғана білетін, көп сөйлемейтін. Сөзге үйірсек мылжыңдарды ұнатпайтын. Басқалардың үй артындағы бақшасы жұпыны болып, арам шөбі өсіп, берекесі қашып тұрғанда, атамның алтын алқабы жұмақтың бақшасындай болып, ерекше көз тартып тұратын.
Артылып қалатын қауындар қаншама. Қауынды ұрлайтын ауыл балаларына атам қыңқ демейді. «Алсын, ұрламаса да беремін ғой», дейді жай ғана. Неткен кеңдік, неткен дархандық десеңізші! Бәрінен де әркез ағарып жүретін атамның ақ пейілін айтсаңызшы! Артылған қауынды атам не істейді? Арбаға тиеп алып, теміржол вокзалына жеткізіп, сол жерде саудалайды. Өткеніне сатады, сұраған бағасына келіседі, бала-шағасын ерткендерге кейде тегін бере салады. Таразыға салу деген жоқ. Пайда табу деген атымен жоқ.Тапқан азын-аулақ теңгеге үйге шай-қант, нан-тоқаш сатып алады. Қасында көмектесіп мен жүремін.
Атам үнемі қауын өсірумен шұғылданды. Еңбегінің жемісін ғана емес, рахатын да көрді. Еңбектен бақытын тапты. Қартайғанша кетпенін қолынан тастаған жоқ. Еңбегімен ескерткіш тұрғызған даланың дара тұлғасы болғанын мақтанышпен айта аламын. Бағбаншылық кәсібіне дақ түсірмей, кір келтірмей әдемі қартайды. Ауырып сырқаған кезін көрмеппін. Еңбек оны ширатып шынықтырды. Тоқсан жылға жуық ғұмырын абыройлы өткізіп, қазақтың дәмі тілді үйіретін басыбалды қауынын өсірумен ел есінде қалды. Осынша жыл өмір сүруіне асыл әжем Асанкүлдің ықпалы мол болғандығы, атамның қас-қабағына қарап өткізген күндері менің жүрегімді жылыта беретіндігі анық.
Атамның тәрбиесімен өсіп, мен де жігіт болдым. Атамның баласы болып, еңбектің дәмін таттым.Университетті бітіріп, журналист мамандығын алып, қызмет еттім. Өз кәсібіме кір жолатпауды ойлап, атам секілді еңбек етуге күшімді салдым. Бұл ой-мақсаттарым орындалған секілді. Қырық жылға жуық журналистика саласында тер төгіп, азды-көпті құрметке бөлендім. Өмірімнің 33 жылында көп қабатты тас үйдің тар бөлмесінде тұрып келіппін. 2016 жылдың қыркүйек айында тас үйден жер үйге көштік.
Келесі жылдың көктемінде бізге бұйырған үйдің бау-бақшасын гүлдендіру енді менің еншіме тиді. Жұбайым екеуміз жерді аударып, топырағын өңдеп, көшеттер отырғыздық. Көкөніс пен жеміс- жидектің алуан тұқымын ектік. Оны күтіп-баптадық. Қысқасы, жерге қатысты шаруаның барлығын әліміз келгенше өзіміз істедік. Атамның кетпен арқалап, қауынын баптаған қыруар еңбегі көз алдымда елестеп, «Атам секілді мол өнім алам ба, жоқ па?» деген сауалдар туындады. Шүкір, жаз бойы атқарған жұмысымыз зая кетпеді. Өнім жақсы шығып, кәдімгідей марқайып қалдық. Қызарған қызанақ пен көгерген қиярды қолымызбен үзіп жеп, алғаш рет дәмін таттық. Неткен тәтті, неткен шырын көкөніс десеңізші! Өз қолыңмен үзіп алып, жей бергің келеді. Дәл осы кезде бағбан атамның күн қаққан бейнесі көз алдыма келді. Атамның берген аманатын, айтқан өсиетін орындай алғаныма қуанып, осындай күнге жеткенімізге шүкіршілік еттім.
Сосын жұбайым Розаға мынадай әңгіме айттым. «Баяғыда атам қауынды үйді-үйге өз аяғымен жеткізіп беретін. Өзгелер де дәмін татсын, бөлісіп жегеніміз жөн болар. Ата жолымен өсірген өнімді біз де таратып берейік», деп көкейде жүрген ойымды білдірдім. Ол қарсы болмады. Туыстарға, жақындар мен дос-жарандарға хабарлап, өз қолымызбен баптаған жеміс-жидектерді сыйға тарттық. Олар қуана қабылдап, бұл ниетімізге алғыстарын жаудырды.
Жер үйдегі алғашқы еңбек жылымыз осылай басталып, осылай жалғасуда. Атам өмір бойы кетпенін иығынан түсірмеген еді. Мүмкін сол кетпенді маған аманаттаған шығар. Аманатқа қиянат жүрмесе керек. Мен де Жер- Анаға деген махаббатымды суытпай, оның бетін гүл етуге күш салып келемін. Құдайға шүкір, биылғы жылдың жеміс- жидегі де мол өнімін берді. Базарға бармай бау-бақшада жайқалып өскен көкөністі аралап жүріп, көгерген қияр мен қызарған қызанақты, басқа да өнімдерді жинап әкеп, дастарқанға қоямыз, келген қонағымызға береміз. Жұбайым жеміс-жидектен қайнатпа жасап, компот дайындап, қысқа әзірлеп қойды. Бау-бақшадағы бағбандық жұмыс таусылмайтын сияқты. Ерінуге, шаршауға болмайды. Атамның баласы болғанымды, атамның салып кеткен жолына адал екенімді дәлелдеуім керек қой.
Маған «Еңбегі көркем, көңілі дария, жүрегі дархан адам кім?» десе, бірден «Ол менің атам» дер едім. Бүгінде мен де ата болдым. Немерелерім Әлихан мен Гүлнисаны бау-бақшаға тартып, өнім өсірудің қыр-сырына баулып жүрмін. Қолымдағы шағын кетпенімді күнге шағылыстырып, оларды еңбекке қызықтырамын. Жердің адамға берер пайдасы жайлы айтамын. Олар да түсінгендей кейіп танытады. Ата мен немере арасындағы сабақтастық жібі үзілмесе дейсің, отбасы құндылықтары арта берсе дейсің. Соның орындалуын Тәңірден тілейсің!
Бұл өмірде бар менің көздегенім,
Білемін жақсылық қой іздегенім.
Жаз қызығын қызықтап жүрген кезде,
Келіп қапты мінеки күз дегенің.
Үлкен арман қуамыз біз дегенің,
Кейде болмайды ғой, өз дегенің.
Көк аспанда көшеді ала бұлттар,
Салқын тартып барады күз дегенің.
Жақсы адамды өмірде жүз көремін,
Көз алдымда керемет күз көремін.
Алтын күзім келдің бе, сағындырып,
Жыл он екі ай күтемін, сөз беремін.
Сөз берген соң қалайша өзгеремін,
Алтын күзім өзіңмен көгеремін.
Саф алтындай жарқырап бұл өмірде,
Алтын ғұмыр кешкенді жөн көремін!
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ, ардагер журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді