Өмір жолы өнеге

Өмір жолы өнеге
ашық дереккөз
Өмір жолы өнеге
Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау десек, қателеспейміз. Бұл өте жауапкершілігі мол әрі маңызды іс. Мамандық – қарапайым өмір сүрудің көзі болып сапалы дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Мал дәрігері болуды кейбіреулер сәннен қалған деп менсінбейді. Бүгінде мал дәрігері болу үлкен сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін бұл мамандықты екінің бірі таңдай да бермейді. Алайда, біздің кейіпкеріміз өзінің қалауы бойынша осы мамандықты таңдап, жұмысын қызығушылықпен атқарып жүр. Ауылдағы ағайынның негізгі күн көрісі мал шаруашылығы десек, оларды күтіп-баптау, саулығын қамтамасыз ету мал дәрігерінің мойнында. Мал дәрігері де өзіндік қызығы мен шыжығы мол кәсіп. Бастысы жүрекпен қалап, ісіңе адал болсаң болғаны. Өмірін осы салаға арнаған Асқар Тохабаев «Адамзат игілігі үшін еңбек етеміз» дейді. Сонымен қатар, мамандығымен мақтанады. Асқар Тұңғышұлы №7 (сол кездегі) Карл Маркс орта мектебінде оқып жүріп, «Мамандық таңдау» кешінде өзінің мал дәрігері мамандығын таңдайтынын айтқан екен. Сол мақсаты жетелеп, 1978 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына барады. Ол жылы емтихандардан алған балы жетпей, өз ауылына қайта оралып, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс атқарады. 1979 жылы қайта сол оқу орнына барып студент атанады. 1984 жылы мал дәрігерлік мамандығы бойынша аяқтап, оқу орнының жолдамасымен Мойынқұм ауданындағы Хантау қой совхозына барып, бөлімшенің мал дәрігері қызметімен сүйікті мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды. Сол кездегі совхоздың бір бөлімшесінде 14-15 мың бас қой, 20-21 отар болған. Малшылармен бірге қыс қыстауда, жаз жайлауда малдардың саулығын қамтамасыз ету жолында 2,5 жыл жұмыс атқарды. Еңбегінің жемісін көріп бөлімше меңгерушісі дәрежесіне сайланады. Бас совхоздың мал дәрігері қызметтерін қоса атқарды. Үш жылға жолдамамен барған кейіпкеріміз Мойынқұм ауданында 12 жыл жұмыс істеп, 1996 жылы туған жері Луговой ауданы, «Болтай батыр» өндірістік кооперативіне келіп сүт-тауарлы фермасының меңгерушісі, ӨК бас мал дәрігері болып еңбек етеді. 2000 жылдан бері мемлекеттік қызметте абыроймен жұмыс атқарып келеді. Асқар Тұңғышұлы мемлекеттік қызметте–мемлекеттік саясатты қалтқысыз жүзеге асыратын, мемлекет және халық тарапынан сенім білдірілген, заңмен үлкен жауапкершілік артылған тұлға ретінде танылды. Мемлекеттік қызметші мінсіз қызметімен, жұмысындағы жақсы көрсеткіштерімен көрінді. Мемлекеттік қызметші жай қызметкер емес, ол – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, ал оның басты ұстанымы – өз қамы емес, елдің қамы, мемлекет мүддесі, өзі қызмет атқаратын мекемесінің абыройы болды. Мемлекеттік қызметтің мәртебелі міндет екенін біліп, 23 жыл көлемінде мемлекеттік қызметте еңбек етті. 2000 жылы конкурстық негізде Құлан ауылдық округінің ветеринариялық инспекторы, бас маманы, әкім орынбасары қызметтерін атқарды. 2005-2007 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалдау бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. 2007-2009 жылдары осы аудандағы Новосель ауылдық округінде әкім болды. 2010-2020 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен аудандардағы ветеринария бөлімдерінің жабылуына байланысты облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы болып еңбек етті. Халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзін негізгі ұстанымы ретінде бағалап, өзіне тиісті жұмысты бар ынтасымен атқарды. Ветеринария саласында ұзақ жылғы еңбегі бағаланып аудан әкімдігінің, аудандық мәслихаттың, облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен, «Айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен марапатталған. Адам баласының ұзақ өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Міне, ол, ортамызда аман-есен алтыншы асқардың шыңына қол созып, жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты, мағыналы ғұмырдың биік бір беле сіне жетіп отыр. Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Еткен еңбек, көрген бейнет, жеткен зейнет, алған асу, бағындырған биік әркімнің өмірінде әрқилы. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан Асқар Тұңғышұлының саналы ғұмыр жолын жастар үлгі етіп, мақтан тұтады. Өнегелі өмір сүріп, бақыттың бағында ұл-қыздарының қызығы мен қуанышына, немере, жиендерінің сүйіспеншілігіне бөленіп, ағайын-туыс ортасындағы алтын көпірдей қадірлі қалпын сақтап келеді.  

Талғатбек КӨПБОСЫНҰЛЫ,

әріптесі.

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар