«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құмар ойынның қасіреті көп

Құмар ойынның қасіреті көп
ашық дереккөз
Құмар ойынның қасіреті көп
Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері қарастырылғаны баршаға аян. Мемлекет басшысы басқосу барысында осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойынға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. «Кейінгі жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылары үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы кеңес отырысының қорытындысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдауды жүктеді.

 ҚҰМАРЛЫҚТЫ ТӘУЕКЕЛМЕН ШАТАСТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Жасыратыны жоқ, бүгінде адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалтасын қампайтқысы келетіндердің қатары көбейген. Бәс тігуден алдына жан салмайтын мұндайлар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түсіп, тапқан-таянғанын «желге ұшырып» жатыр. Рас, «тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Бірақ, бүгінгі «ойыншылар» құмарлықты тәуекелмен яки игі іспен шатастырып алғандай. Олай дейтініміз, отызында орда бұзбақ түгілі, қырығында қамал ала алмайтын масыл, бойкүйез буын өсіп келеді. Осыдан-ақ, құмарлық әрекеті әлеуметтік мәселеге айналғанын аңғара беріңіз. Ендеше, бұл мәселеге бұдан әрі көз жұма қарауға әсте болмайды. Еңбекқор әрі ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрбиелегіміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті.

ЖЕЛГЕ ҰШҚАН 200 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Естеріңізде болса, былтыр Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданының тұрғыны сондағы «Лото» клубын өртеп жіберген болатын. Ол өз сөзінде 20 жылда 200 миллион теңге ұтылғанын және ойын алаңдары өмірін ойран еткенін айтты. Жігіт ағасы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында да өзі туралы мәлімет жариялаған болатын. «Сол ақшаға бір нан алмайсың, иә бала-шағаңа бұйырмайды. Астыма көлік, басыма баспана алған жоқпын. Үйім жоқ. Қор болдым. Тепсе темір үзетін қаншама нар жігіттер осыдан қор болып жүр. Қаншама отбасы бұзылды. Қаншама адам қарызданып, өз- өзіне қол жұмсап жатыр. Менің де өзіме қол жұмсаған кездерім болды. Ал, енді мына Бейнеудегі лотоны өртемеске болмады. Ауылымызда осыдан басқа жын-ойнақ жоқ. Мен ешқандай жауапкершіліктен қашпаймын. Адамдардан алған барлық ақшам осы азарт ойындарға кетті. Ауылдың азаматтары, ауыл жастары мен сияқты қор болмасын. Осы өртенгеннен кейін қайта аша қоймас деп ойлаймын. Әрбір істеген ісімді көтеремін. Ауылдарыңда осындай бәлелер ашық болса, шама келгенше иелеріне барып түсіндіріңдер. Бұл азарт ойыннан ешкім ұтпайды. Баршадан кешірім сұраймын», – деп жазба қалдырды. Міне, атпалдай азамат ойнаған ойынның ақыры осы жағдаймен түйінделді. Әрине, екі он жылдықта 200 миллион теңгені желге ұшырып жіберген адамды бұрын-соңды кездестірмеген боларсыз. Десе де, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады-ақ. Мәселен, бірнеше жыл бұрын «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының Жуалы аудандық филиалының бір қызметкері опасыз ойынның кесірінен опық жеді. Көп уақыт өтпей жас жігіттің заңсыз әрекеті әшкере болып, сенімге селкеу түсірген банк қызметкері түрмеге тоғытылған еді. Ал, жақында спорттық құмар ойындар салдарынан қарызға батқан Тараз қаласындағы шағын қаржы мекемесінің директоры өз фирмасын тонаған. 47 жастағы ер адам кассирді дәретхана бөлмесіне қамап, кассадан 24,5 миллион теңге көлемінде қаражатты иемденіп, белгісіз бағытқа қашып кетеді. Оқыс оқиға орнына жедел барған тәртіп сақшылары «Тосқауыл» жоспары негізінде әрекет етіп, тонаушының туыстарымен және айналасындағы жақын араласатын адамдармен байланыс орнатады. Нәтижесінде күдікті қала аумағынан тыс жасырынып үлгермей, өз еркімен ұрланған ақшаны алып, полиция органына келуге мәжбүр болды. Бүгінде осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 191-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде жасалған тонау) бойынша қылмыстық іс тіркелді. «Жауап алу барысында ұсталған азамат құқыққа қайшы жасалған әрекетіне өкініп, мұндай мәжбүрлі, үмітсіз қадамға спорттық құмар ойындар салдарынан ұтылысқа ұшырағаны және кезінде осындай құмар ойындар үшін алған 5 несие бойынша жинақталған қарыздарға байланысты барғанын айтып түсіндірді. Қазіргі таңда күдікті уақытша қамау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу амалдары жалғасуда», – делінген өңірлік полиция департаменті таратқан ақпаратта.

ҚҰМАРЛЫҚ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда біздің елде құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады екен. Ал, бір ойыншының орташа қарызы 10 миллион теңгені құрайды. Әрине, бұл аз ақша емес. Халық саны небәрі 20 миллионға жуық елімізде құмар ойынның кесірінен қарызға батқандардың көбейе түсуі көңілге кірбің ұялатады. Себебі, бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейді. Иә, қалтадағы қаражатты көбейтіп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер батпаққа белшесінен батқанын кеш білетіні өкінішті-ақ. Кездейсоқ жетістік пен бос үмітке тәуелді олар қолындағы ақшасының құмдай сусып кететінін дер кезінде аңғармайды. Осыдан соң, «амалсыздан» қылмысқа баруға мәжбүр. Психолог Аделя Оспанның айтуынша, көп адамның ойынға әуестенуі балалық шағында ата- анасымен қарым-қатынас кезіндегі келіспеушіліктердің салдарынан туындайды. Ең жақын адамдарымен сырласпайтын жас жеткіншек бойын ойын арқылы бір сәтке болса да жағымсыз жайттардан аулақ салдым деп тұжырымдайды. «Күйзеліс, депре ссия, жанды жегідей жеген жалғыздық, үрей мен қорқыныш өскелең ұрпақтың санасына әсер етпей қоймайтыны белгілі. Медицина мен психологияда мұны аурудың бір түрі деп есептейді. Яғни, «лудомания» деп атайды. Әке- шешесінің ұрыс-керісінен қажыған бала не істерін білмей, күн ұзаққа бақылаусыз жүруі оның шалыс басуына әкеп соғады. Мәселен, қарапайым ғана карта ойынының да құмарлыққа ұласып, кейін өкінішке соқтыру қаупі жоғары. Картаның жетегіне еріп, жетесіздікке бой алдырғандардың саны күн сайын көбею үстінде. Уақыт өте карта ойнап, құмары қанбайтындар түрлі ойынханалардың босағасын жағалайды. Казино біреулердің қа лт асын қа лыңдатқанымен, тиісінше өзгелерді көк тиынсыз қалдырып жатыр. Сондықтан, бұл мәселеге отбасы – ошақ қасында да жіті мән берген дұрыс. Өйткені, балаңыз құмар ойынның құрығына бір іліксе, аман алып қалуыңыз неғайбыл», – дейді маман. Атап өтерлігі, құмар ойын бизне сімен айна лыс атындар салық төлемдері арқылы бюджетті де қаржыландырып отырғаны ақиқат. Шын мәнінде, біздің елде Көкшетау мен Алматыдан 70 шақырым қашықтықтағы Д.Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қаласында ғана ресми түрде жұмыс атқаруға рұқсат берілген. Бірақ, заңсыз бағытта құмар ойынның өзге де түрлерін таратып, қалтаға түсіп қана қоймай, келушілердің өмірін өкінішке айналдырғандар қаншама?! Әріге бармай-ақ, облыс орталығындағы қаптаған букмекерлерден көз сүрінеді. Жалпы, Қазақстан букмекерлер және тотализаторлар ұйымының құрамына 30-дай букмекерлік кеңсе тіркелген. Кейбір деректер бойынша елімізде бұл бизнес саласында шамамен 30 миллиард теңге айналымда жүрген көрінеді. Негізі, букмекерлік кеңсе қызметіне біздің елде рұқсат етілген. Оны ашу үшін керекті құжаттарды жинап, жауапты министрлікке тапсыру керек және лицензия алу құнын төлесеңіз жеткілікті. Тіпті, бұл орталықтарға қолжетімділік арта түскені соншалық, ұялы телефон арқылы да ұтыс тігуге мүмкіндік бар. Ал, бұл ойын аппараттары мен орталықтар қаншалықты бақылауда? Мұны ешкім де дөп басып айта алмайды.

«АЗАРТНИКТЕР» АҚЫРЕТТЕ ҚАТАҢ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Иә, құмар ойынға бір бас сұққан жан букмекерлік кеңсеге қайта- қайта барғысы келіп тұратын психологиялық дертке ұшырайтыны белгілі. Алдымен қолындағы барын берсе, кейін үйіндегі бағалы заттарға қол салады. Ал, мұндай ойындардың кез келген смартфонда жарнамасы жарқырап жүруі жығылғанға жұдырық. Сондай ойындардың ішіне кірсең «карта нөміріңді жаз» деп тұрады. Кейінгісі белгілі ғой. Алдымен 5 мың, 10 мың, кейін есепшотыңдағы қаражатыңның қайда кеткенін білмей қаласың. Нәтижесінде пайдаға кенелемін деп батпаққа батасың. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «...Мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының барлығы бекершілік. Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжыңдасудан басқа», деген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде құмар ойындары жайлы былай бұйрық етеді: «Ей иман келтіргендер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және пал ашу оқтары лас, шайтанның амалдары. Одан аулақ болыңдар, бәлкім құтыларсыңдар». Ал, келесі аятта: «Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық пен кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ендеше тыйылмайсыңдар ма?», – делінген. Алайда, кейбір адамдардың саналы ғұмырында осындай ойындарға ілігіп, өздерінің күнәлі істер жасап жатқанын ойлап жатпайтындары өкінішті әрине. Қысқа өмірдің қадір-қасиетін жете түсінетіндер болғанымен, өкінішке қарай, бағамдай білмейтін жандар да жетерлік. Олар арақтың арбауына түскендер мен құмар ойынның құрсауында қалғандар. Ең сорақысы, мұндайлар құмарға қалай құмартып қалғандарын өздері де аңғармай қалады.

«ҚҰМАРЛАНЫП, ШАТТАНБА, ОЙНАП БОСҚА КҮЛУГЕ»

Сөздері сан ұрпаққа сабақ болған Абай Құнанбайұлының терең мағыналы шығармалары әлі күнге дейін қазақ қоғамында құнын жоймай келе жатқаны анық. Бүгінгі мақаламызға хакімнің «Құмарланып, шаттанба, Ойнап босқа күлуге» деген өлең жолдары дөп келетіндей. Расында, ұлы Абай айтқан құмарлық бүгінде қоғамға қауіп төндіріп отыр. Адам болғысы келетін кейбір жандар талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым секілді бес асыл іске ұмтылудың орнына бес дұшпанын шебер меңгеріп алды. Өсек пен өтірікті мейлінше айтып, мақтаншақтыққа бой алдырған олар еріншектіктің кесірінен мал шашудан да алдарына жан салар емес. Жуырда Gasym.kz сайтында құмар ойынын мейлінше ойнаған егде адамның өзекті өртеген өкініші туралы әңгімесі жарияланды. Шағын әңгімеде бір жас жігіт құмар ойнаудан ешкімге де с бермеген атақты бір құмарпаздың барын естіп, іздеп барады. Сонда жас жігітке егде тартқан әлгі кісі: «Балам-ау, сенің мұнша құмарпаз болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Байығың келеді ме? Егер сол арқылы баюға болатын болса, мен бай болар едім. Мен шынында да елдің айтқанындай құмарлықтың шегіне шыққан адаммын. Бірақ қазіргі халімді қара. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айырылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да, ғибрат ал», деп жауап қатады. Иә, санасы бар адам ғибрат алатындай- ақ оқиға. Алайда, осы бір ауыз сөз құмар ойын ойнайтындарға әсер ете қояр ма екен...  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар