Рухтың анасы – ана тіліндегі кітап,тірегі – баспасөз

Рухтың анасы – ана тіліндегі кітап,тірегі – баспасөз
ашық дереккөз
Рухтың анасы – ана тіліндегі кітап,тірегі – баспасөз
Әуеліде, қазақ баспасөзінің жағдайы мен келер жылға баспасөзге жазылу жайында ғана өз ойымды ортаға салайын дегенмін. Ойды ой қозғады. Қазір не көріп отырмыз, өзі? Мансабы биік, лауазымы асқақ қазақ ағайындардың көбі қазақша газет-журнал, көркем кітап оқымайды. Қоғамдық пікір осы ыңғайда жиі айтылады. Қазақ шенеуніктерінің дені қазақ басылымдарына жазылмайтынын ешкім де жасыра алмайды. Бұл айдай шындық. Көзге шұқып айтылатын бұл жағдай неден болып отырғанын интернеттен, әлеуметтік желіден көреміз бе, әлде басқалай ма? Қазақтың атымен өмір сүріп, қазақтың атымен қызметке ие болып, қазақтың атымен дүниені шарлап жүрген шенеуніктерде ұлттық намыс болс а, бұл көзқараст ары мен тірліктерінен ұялар еді. Талаптанар еді. Бірақ өкінішке қарай, бұл қағазға жазылып қойылатын шарт та емес, ереже де емес, ақылына артылған азаматтық істің жолы болатын. Амал нешік, рух жетіспейді, рух дімкәс болса, өршілдік қасиет болмайды. Түпкі ойымыз осылай тарқатады. Ендеше үнсіз қалуға болмайды. Шындап келгенде ел тарихының шежіресі, идеологиялық тәрбиенің тұтқасы, ұлттық мүдденің қорғаны – қазақ баспасөзін жаздырып алып, оқу мәселесі біздің бәрімізге сын болып табылады. Ой, неғыласыңдар, ол мәселе өткен кезеңнің жағдайы, керек болып жатса, интернеттен оқып аламыз ғой, деп жақаурату біржақты түсінік. Халық жазушысы, қазақ журналистикасының тарланбозы Шераға – Шерхан Мұртазаның «Рухтың анасы – ана тіліндегі кітап» деп айтып кеткен сөзіне орайластырып ой қосатын болсақ, ал рухтың тірегі – ана тілінде шығатын газет-журналдар! Қазақ баспасөзі! Осы қастерлі егіз ұғым бәрімізді ұлттық намыстың ұшқынындай сезіндіріп, серпілтіп тұруы керек деп айтудың өзі артық, біле білсек.

***

Қалам мен қаламгер туралы айтсақ… Рас. Қазір өткен шақта өмір сүретін, өткен шақты жазатын жазушылар көбейіп кетті. Бүгінгі құбылыстар туралы жазатындар некен- саяқ. Бұл жиі айтылып, жиі естілетін сөз. Оған қарсы өз ойларын айтып жатқандар да бар. Бұрынғы әдеби орта мен бүгінгі әдеби ортаның үлкен бір айырмашылығы бәлкім, осында жатқан болу керек. Белгілі бір ортада ғана әдеби өмір өтіп, жалғасып жатқан секілді. Бірақ, көзі ашық, көкірегі ояу халық пен ізгілікті қоғам әдебиетсіз өмір сүре ала ма? Жоқ, әрине! Ал, ақпарат кеңістігі ше, өрісі кең, ауқымы зор, зымыраған уақытпен жарысқан журналистика қандай болмақ? «Қазіргі баспасөздің хал- ахуалы қандай? Бағыт-бағдары қандай? Бір орнында тұрып қалғандай көрінбей ме», – деген сауалдар жиі қойылады. Тасқа басылған газеттің насихатшы, үгітші және идеологияның құралы екенін данышпан адамдар баяғыда айтып кеткен. Ой-с анаға мықтап кірген мық шеге әлі де орнында мызғымай тұр. Қазақ баспасөзінің өрлеу мен қарыштап даму дәуірі деп өткен ғасырдың 60-80 жылдардың еншісінде деп атайды. Ел тәуелсіздігінің арайлы таңында да қазақ баспасөзі өзіне артылған міндеттерді абыроймен орындап отырғанын ада лдықпен ат ап өтуіміз керек. Ал, нарық жағдайында баспасөзде қызмет ету мен олардың қызметкерлері түрлі қиындықтарды бастан кешкені, тұрмыс тауқыметі мен журналистердің әлеуметтік жағдайы төмендей бастағаны жасырын емес. Әсіресе, баспасөзге жазылу науқанында алашапқын, қолдаушылар мен демеушілердің алдында алақан жаятын, кіріс іздейтін күн туды. Баспасөзге жазылу науқаны дегеніңіз қызықтан гөрі азапты бола бастады. Қанша жерде «Намысың келе ме, келмей ме?» деп кезінде Премьер-Министрдің идеология жөніндегі орынбасары, қарымды қайраткер ағамыздан бастап қаншама айтулы тұлғалар, беделді қаламгерлер төпелеп жазғанымен, сол егемендіктің алғашқы жылдарының өзінде нәтиже барлық жерде бірдей болған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарымен журналистердің де жағдайы түрлі қиындықтармен бетпе-бет келді. Сол өтпелі кезде өткір, өміршең публицистикалық мақалаларымен атақ-даңқы абырой асып, кеңінен дүрілдеп тұрған Шераға – Шерхан Мұртаза «Қазақ журналистері түйе секілді… Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын!» деген еді. Адал сөзді қаhарлы үнмен ашық айтты. Журналистер еңбегінің қандай ауыр, қиын, соны билікке қоғам мен ұлт мүддесіне қызмет еткен адамдардың жанкешті іс- әрекеттерін лайықты бағалау керектігін алаңдаушылықпен жеткізген. Әрбір журналистің арқалаған «алтыны» қоғамға белгілі – ел бірлігі мен тұтастығына, ұлт мүддесі мен қоғамдық құндылықтарды байытып, сақтауға, өмірдің ащы шындықтарын айта отырып, ағаттықтар мен кемшіліктерді түзетуге, жақсы мен жаманды ажырата білуге, ақпарат кеңістігінің құралдарын жаңа заман үрдістеріне сай дамытуға, айналып келгенде егемен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына, туған елімізді дүниежүзіне танытуға зор үлес қосуымен танылды. Теңізге тамшыдай болса да үлес қосқан әр журналист, әр тілшінің тағдыры мен тарихы және бар. Қазақ журналистикасының арғы- бергі тарихындағы қайталанбас жарқын тұлғасы мен ірілердің інісі, айрықша талант иесі, жазғандары түгел оқылатын делінетін журна листерге дейінгі аралықта талай-талай дарынды әріптестердің мақалалары мен жазғандарында ғажайып, тамсандыратын құнды дүниелер көп болды. Бұл кезеңдер қоғамдық талғам мен тарих ретінде алдағы уақытта үлкен ғылыми-зерттеулерге арқау болатыны анық. Билікте мемлекеттік баспасөздің таралымын көбейтуге ден қойып отырды, өз кезегінде талантты журналистерге белгілі бір деңгейде қолдау көрсетті. Жұрт та сүйікті газеттерінің әр санын асыға күтетіні де қызықты көрінетін… «Егемен Қазақстан» газетінің таралымы бертінде 200 мыңнан асты. Басқа да газеттерде өз оқырмандарын тауып жатты. Алайда, соңғы үш-төрт жыл бедерінде газет-журналдардың таралымы тіптен төмендеп кетті. Енді заман мүлдем басқа дейтін шақта газеттердің шығу форматы да, қаржылық жағдайы да қатты өзгеріп шыға келді. Соған сәйкес журналистердің таныл у мүмкіндігі де басылымдар таралымының көлемі күрт түсіп кетуіне байланысты қатты тарылды деуге болады. Қазір шау тартқан аға ұрпақ өкілдері осы жағдайларға байланысты «Е, біздің кезімізде сүбелі бір мақалаңмен де оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленетін едік» деп айтса, қазір «Журналистерді танып, білу қиын әрі обал» деген сөзді айтады. Себебі мен оның салдары жақсы бола қойған жоқ. Сан себептің ең үлкені – бірер жыл бұрын ғана 20-30 мың таралыммен тарайтын аймақтық газеттер бүгіндері небәрі 3,5-7 мың мөлшерінде ғана шығады. Ілдәлап жүргендері жүздеп саналады. Елімізде бүгіндері 100 мың таралыммен шығатын бірде-бір газет жоқ. Байырғы журналдардың да аты дардай, ал әлеуметтік-қаржылық жағдайы онша мәз болмай тұр. Республикалық бірқатар танымал басылымдар да осы төңіректе күн көріп жүр. Жұрт осындай факторлардың әсерінен газет беттерінде журналистердің жазғанын жаппай оқуына деген құшт арлығын бірте-бірте жоғалта бастағаны рас. Бұл ыңғайда өз күнін өздері көруді және интернеттік, цифрлық ойлау жүйе сін мойындау талаптарын тілге тиек ететіндер болса, сөз өнері иелерінің тасқа басылған дүниелерін интернет арқылы оқи алады деген пікір көпшілік аудиториясы бар дегенді білдірмейді. Алайда, интернеттік байланыспен барлық елді мекеннің толық қамтылуы, алты мыңнан астам ауылдың оқырмандарының осы жаңа заман технологиясына ет үйретіп, бой үйретуі, бетбұруы да алдағы уақыттың талабы болмақ. Десе де, «Газет – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген ертеден ілескен түсінік- ұғымда ұмытылмайтын мән бар. Ашық айтайық. Республикамызда және өңірлерде баспасөздің таралым мәселесі соңғы жылдары ең өткір сұрақтардың біріне айналды. Бұл жағы ақпараттық мемлекеттік тапсырыс алуға да өз әсерін тигізуде. Жарнамаға да оның теріс ықпалы бар. Журналистердің де, басқа да шығармашылық ой иелерінің көз майын тауысып, ізденіп жазған дүниелеріне қаламақы алмайтынын қоссаңыз, жағдайдың мәнісі тіптен алаңдатады. Бұл арада әрбір газет басшылығының ұйғарымы мен шешімі бойынша қаламақы төленетін тәртібі бар. Дегенмен, дені «жағдай көтермейтінін» себеп етіп айтады. Сонда газет- журналдар өздерінің тұрақты авторларының ынтасын тудырмаса, басылым қызықты, тартымды, жұрт іздеп жүріп оқитын құнды дүниелерді қалай, қайтіп табады? Бұл да қиын сауал. Егер газет редакциясына айына бір хат (жыл бойы болуы да мүмкін) не кәдуілгі пошта немесе электронды пошта арқылы келіп түспейтін болса, онда оқырманмен қалыпты байланыс туралы сөз айту да қиын. Және көпшілік егер баспасөз қоғам мен биліктің арасында дәнекер екені рас болса, онда газет көтерген мәселеге, орынды сынға тиісті атқару органдары неге жауап бермейді? Сын шын болса да жауап жоқ, нәтиже жоқ, деп айта ма, айтады. Қозғау салады дейтін қоғамдық пікірден сескеніп, екі беті қызарып ұялатын шенеунікті кім көріпті? Бұл және қоғамда шешуін күткен жаңа талаптар мен өзгерістердің тұжырымдамасы, құқықтық айқындамалар мен өзге де қызу талқыға түсіп келе жатқан қажетті мәселелер Парламент қарауына ұсынылған «Масс- медиа туралы» заң жабасында қалай көрініс табады, оны уақыт көрсетеді. Ал, біз жаңа уақыт биігінде бұл заң жобасы жан-жақты қаралатынына сенімдеміз. Басты мәселе – ақпарат қауіпсіздігі, ұлттық құндылықтар мен елдік дәстүрдің сақталуымен қорғалуынан туындайды деп ойлаймыз. Сөз бостандығы мен ой еркіндігінің қай уақытта да маңызы зор. Түрлі көзқарастар аясында айтылып жүрген бір-екі мәселені айта кетейік. Біраздан бері о сы заманда, нарық жағдайындағы қоғамда газет сұранысқа ие тауар ма, әлде идеологиялық құрал ма деген сұрақ қызу пікірталас туғызып келеді. Егер сатылымдағы тауар болса, онда мемлекет тарапынан субсидия сұрайды, ал идеологиялық құрал болудың мағынасы жоғары дейді кейбір қоғамтанушылар. Ешбір әлеуметтік санатқа жатпайтын журналистердің әлеуметтік қорғалуына келсек, біздің әріптестерге мемлекет тарапынан жеңілдіктермен баспана алу мәселе сі заң жүзінде әлі шешілетін түрі жоқ. Иә, өткен жолы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір топ БАҚ қызметкеріне елордадан жаңа пәтерлердің кілтін табыстағаны баршамызды қуантты. Бұл игі іс аймақтарда жалғасын тапса, қанеки! Біздің негізгі айтпағымыз, әуеліде жергілікті баспасөзге жазылу науқанының ерекшелігі мен мәдениеті туралы еді. Ілгеріде барлық өңірде ірілі-ұсақты ұжым болып баспасөзге жазылу көзі ашық, көңілі ояу азаматтардың төл міндеті, саяси-мәдениеттің бір белгісіндей көрінетін әрі бұл жазылмаған заң тәрізді сезілетін. Шығармашылық ұжым үшін Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы сан мың оқырмандарға есеп беру және еркін ойласудың қымбат сәттері екіжақты пайдалы болды. Қазір бұлай етуден гөрі әлі де болса жергілікті атқару органдары арқылы тиімді жұмыс жүргізуді жөн санайды. Бірер жылдан бері газет- журналға күштеп жаздыруға болмайды деген ішкі тәртіп орнады. Бұл дұрыс та болды. Әйтсе де, таңдау мен талғам әлі де үйлесімділікті таныта қойған жоқпыз. Еркіндік енді қоғамшыл болудан гөрі жеке пиғылда басқаша сипат алғаны жасырын емес. Бірақ, қажетті үгіт-насихатты ешкім шектеп жатқан жоқ. Нарық, нарық деп баспасөзге жазылу парқын елемейтін болдық па, адамдар газет оқымайды, деген сөзді әлдебір ықтиярсыз дүниеден босап шыққандай сезіммен айта бастады. Бұрынғыдай негізінен бюджеттен қаржыландыратын мекеме қызметкерлерін жаппай тізіммен жаздыратын жағдай келмеске кеткелі екі-үш жылдың ішінде оқырмандар қауымының саны күрт қысқарғаны анық сезілуде. Енді қалай болмақ? Баспасөздің келешегі қандай? Бағыт-бағдары қандай? Әлеуметтік желінің қажеттігін және электронды нұсқаларды, сайттарды алға тартып, әдеттегідей әр елді мекенде біртекте с архитектурамен тұрғызылған пошта ғимаратынан әр шаңыраққа жеткізілетін газет-журналға жазылу науқанын «орақ ору», «қой қырқу», «қоғам малына жемшөп әзірлеу » с екілді естен шыға бастағанын іштей мойындап қана қоямыз ба? Сонымен қатар, «хат тасушы», «пошт ашы» деген сөз де ұмытыла бастайтын шығар. Курьерлік қызмет күшейе түссе, оған таңғалмай-ақ қойыңыз… Түйіндеп айтсақ, алдағы кезде ұлттық, елдік газет те, журнал да тоқтаусыз шыға береді. Әлемдік тәжірибе осыны айғақтайды. Ал, халықтың ең беделді, сапалы, мазмұнға бай, бәсекеге қабілетті, тарихи үн жариясын жаздырып алып, қалаған уақытында зейінмен оқитын әдемі дәстүр жалғасатын болады. Оны жоғалтып алуға негіз жоқ. Дүние жүзінің барлық өркениетті мемлекеттерінде байырғы газет те, журнал да қағаз нұсқасында миллиондаған, миллиардтаған таралыммен шығады. АҚШ-та да, Жапонияда да, Еуропа елдерінде де дәстүрлі газеттердің халықаралық ақпарат кеңістігіндегі абырой- беделі еш төмендеген емес. Өмір бір орнында тұрмайды. Мың құбылып, мың түрленген мына жаңа технологиялар мен құндылықтардың тайталасында, адам құны мен дүние құны қабаттасқан заман ағымында кешегі ойыңа бүгін бір өзгеріс келсе, ертең жаңа өзгеріс, одан әрі де өзгерістер бола беретініне көзіміз жетіп отыр. Бәрі де өтеді. Белгілі әдебиетші-ғалым, саясаткер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов «Еуропа елдерінде осыдан оншақты жыл бұрын адамдардың бәрі телефоннан бас алмайтынын көріп едім. Жақында қарт құрлыққа жолым түскенде сол жағдайдың мүлдем басқаша өзгергеніне куә болдым. Адамдар жаппай кітап оқуға мойын бұрып, жан азығына қайта оралған. Асықпайық, бізде де солай болады. Өйткені, бұрынғы ойшылдар айтып кеткеніндей, кітап – мәдениеттің мәйегі, онсыз қоғамдық тәрбие ойсырап қалады» деген пікірде. Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында ел Президентінің жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін жастар кітапханасын ашу туралы айтқан ұсынысының мәнісін ел-жұртқа өркениетке апаратын дұрыс жолды көрсетті деп санаймыз. Сондықтан, бұл руханият мәселесіндегі даму мен дәйектілікте қоғамдық қолдау өте маңызды. Ең әуелі оқырманның жан- жақты ақпарат алу қажеттігін толыққанды өтеу, баспасөз – мәдениеттің айнасы және сөз бостандығы мен ой еркіндігінің демократиялық көрінісі екенін айтып, ел ішінде мұрағаттық құндылықтары мен рухани тиімділігін ашық насихаттауымыз керек. Бұл өтпелі кезеңнен байсалдылықпен және іштей түсіністікпен шыға білудің де ортақ жауапкершілігі бар.

***

Қоғамдағы оң өзгерістер мен ілгерілеуді әділ бағалай білудің өзі әрбір адамның, әсіресе, зиялы қауымның ақылдылығы және осы уақыттағы азаматтық турашылдығына тәуелді. Мына бір дерекке ғана тереңірек мән берейікші: қазіргі таңда елімізде 2 миллион 307 мың 969 оқушы қазақ тілінде білім алады. Жоғары оқу орындарында 377 мың 467 қазақ тілді студент оқиды. Олардың қатары қазіргі демографиялық даму үрдісінде жыл сайын еселеп көбейе түседі емес пе? Қашаннан бері «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген мемлекеттік саясат және тұр! Қазақ баспасөзінің оқырмандары осы ұлы мақсат жолында өсіп, оқып жатқан саналы жасөспірімдер мен жастар емей, кім болады? Біздің барлық ата-аналар, алдыңғы толқын – аға буын өкілдері ел мен жердің келешектегі иелері – өскелең ұрпақтың қамын ерте ойласа, ұлттық рухани құндылықтардың ұрангері қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарына ынтымақтастықпен қолдау әрі үлгі көрсетуі аса қажет. Ел серкелерінің жеме- жемге келгенде «Біздің ұлттық саяси партия – қазақ тіліндегі баспасөз» дегенінен артық қалай айтуға болады?  

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

қоғам қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар