Отбасы – бақыт бесігі
Он екі адамдық көліктің ішінде келе жатырмыз. Шопырдан кейінгі орындықта отырғандықтан, қасымдағылардың дауыстары ап-анық естіледі. Телефонынан әлеуметтік желідегі ақпараттарды қарап отырған кексе әйел жолаушылардың бәрін соңғы жаңалықтармен хабардар етуде:
– «1 қыркүйектен бастап үй жануарларын тіркеу міндеттеледі. Оларды тіркеу немесе чиптеу қалай, қайда жүзеге асады? Видеодан көріңіз» дейді. «Тараз» футбол клубы Зайнутдинов үшін 245 мың еуро алды». «Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепке хиджаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді. Министр бұл сауалға еліміздің Конституциясына сүйене отырып жауап берген. «Талап бойынша барлық оқушы мектепке мектеп формасымен келуі керек. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бұл білім алуға тең мүмкіндіктер беру аясында жасалып жатыр. Осы тұрғыда ешқандай өзгеріс жоқ. Барлығы заң аясында және бекітілген талаптар аясында болады», – деді ол». «Жастарға арналған кредит: Үкімет үш мыңнан астам жобаны мақұлдады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға жеңілдікпен шағын несие беру тетігі іске қосылған болатын: 5,3 мыңнан астам өтінім түсіп, 3344 жоба мақұлданды. 2577 жобаны іске асыруға 11,4 миллиард теңгеге несиелер берілді. Несие 21-35 жас аралығындағы азаматтарға өз кәсібін ашу немесе оны кеңейту үшін беріледі».
– Осы несие деген де бір бәле болды, – деп қалды артымыздағы келіншек. – Кредиттен көзіміз ашылмай қойды.
– Бұл жұмыс істеймін дегендерге іс бастауға беріліп жатқан үлкен мүмкіндік қой.
– Біліп отырмын. Иә, бұл басқа кредит қой. Мен жалпы кредит дегенді айтып отырмын. Жалғыз біз емес, қазақтардың көбі несиеге қарыздан белшесінен батқаны өтірік емес қой... Суицидтің де көбейіп кеткені содан...
Сол сол-ақ екен, әлгіні мақұлдаған көлік салонындағылар тұрмыстың қиыншылығын санамалап, тіршіліктің түйткілдерін термелеп, бірінен-бірі іліп әкетісіп, гуілдеп ала жөнелісті. Үндемей тыңдай берейін десең, жаныңды түршіктіретін оқиғаларға дейін дендеп кетіп қалған әңгіменің ауанын амал жоқ, араласып, басқа арнаға бұруыма тура келді.
– Жаман әңгіменің жалауы тез желбірейді. Әйтпесе, қазір «шүкір» деп айтатын жақсы тақырыптар да жетіп артылады емес пе? Жол үстінде не болса соны қозғамай, көңілдеріңізді көтеріп отырғандарыңыз жөн.
Мені дұрыс ұғынған егде замандасым смартфонындағы жағымды жаңалықтардың легіне кезек берді:
– «Ауылға инвестиция тарту жұмыстары қалай жүзеге асуда? Бұл туралы бүгін Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Т.Рысқұлов ауданына қарасты Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров айтты». «Asar-ume» қайырымдылық қорының қолдауымен және «Асар» бағдарламасына сәйкес Қордай ауылында жалғыз басты әйел, алты баланың анасы Махаббат Пахитжановаға тұрғын үй берілді. Іс-шараға аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әлімбет, Қоғамдық кеңесінің төрайымы Б.Қарамолдаева, кеңес мүшесі К.Ағыбаева, Қордай ауылдық округ әкімі Ә.Қаспақбаев және ауыл тұрғындары қатысты. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әлімбет үйдің лентасын қиып, батасын берді».
– Е, міне, енді, мына хабарламаларыңыз өте оңды болды! – деп ем, елдің бәрі ду күліп жіберді.
– Қараңыздаршы, мұнда алып нәресте туылыпты! «Салмағы – 6 келі 880 грамм. Алып сәби – Мұнайлы ауданы тұрғынының төртінші баласы. Анасының да жағдайы жақсы. Олар қазір үйінде. Дәрігерлер оны кесір тілігі арқылы босандырып алған. Операция сәтті өтті, деп жазады lada.kz».
– Не дейд?!
– Құдайдың құдіреті, ә. Бауы берік болсын!
– Қандай ғажап! Аман болсын балапан!..
– Негізі, біздің халық о бастан алып халық болған ғой. Қазір ғой майдаланып кеткеніміз. Аттың жалы, түйенің қомында тек қана қымыз бен шұбат, айран секілді таза ағарған ішіп, адал аспен қоректенген, – десіп, ата-бабалар аруағын бір аунатып, мәз-мейрам болған үзеңгілес жолдастарымның марқайған дауыстары мені де әсем ойлардың жетегіне ілестіріп жіберді.
Бәрін айт та, бірін айт. Өмірге адам келіп, халқымыздың санының көбейгенін естуден артық қуаныш бар ма.
Еліміздегі демографиялық саясаттың бұл бағытында елеулі қадамдар жасалынып жатқаны да баршамызға мәлім. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап бала күтімі бойынша төлем ұзақтығы 1,5 жасқа дейін ұзартылды. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттен 107,2 мың жұмыс істемейтін ата-ана 20,9 миллиард теңге сомасына жәрдемақы алды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 439,6 мың ата-ана 144,8 миллиард теңге сомаға табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды. Орташа тұрғынының тамақтану шығындары айына 213 долларды құрайтын елімізде табысының жартысына жуығын азық- түлікке жұмсайтын қазақстандықтарға бұл едәуір көмек.
Білім саласы бойынша да отбасыларға жасалынатын жеңілдіктер көбеюде. Жамбыл облысында, мысалы, биылғы білім күнінен бастап барлық 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылатын болды. Оған облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Мектепке дейінгі ұйымдардағы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11326 баланы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 425678,0 мың теңге қарастырылған. 2023 жылға жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамтылған отбасынан шыққан 49137 оқушыны әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 6,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінген шығындарынан облыс бойынша 6,3 пайызды құрайды. Балаларды киім-кешек және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуге 2022 жылы әр балаға 37389 теңгеден қарастырылса, ағымдағы жылы әр балаға 40 567 теңгеден бөлініп, ата-аналардың жеке шоттарына аударылуда. Өңірдегі «Мейірім» жобасы аясында 96 мекеме 137 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға әлеуметтік қолдау көрсетуде. Жоба аясында 1331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 65 миллион теңгеден астам қаржы аударды. Жас ұрпақтың өмірден өз орнын табуына зор септігін тигізетін жобаға қолдау көрсетіліп отырған бұл аймақта балаларды қоғамға бейімдеу бойынша жұмыстар да күн тәртібінен ешқашан түспек емес.
Қысқасы, Ата Заңымызда белгіленгендей, адам факторы – басты капиталымызға мемлекетіміз барынша қолайлы жағдай туғызу үшін барлық мүмкіндікті аямайды. Ал, әрқайсысы бір-бір шағын мемлекет саналатын отбасылардың өздері осы қамқорлықтың бағасын қаншалықты деңгейде сезінеді?! Осы қамқорлықтарға лайықты өмір сүруді қаншалықты деңгейде түсінеді?! Бұл басқа мәселе.
Мемлекеттің іргетасы негізінен отбасынан құралады дейміз. Адам баласының өзінің отының басы – өсіп-өнетін, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Оның өскелең ұрпаққа әсер етер ықпалы зор. Алтын діңгек іспеттес туған үй – адамзат өмірінде ең маңызды рөл атқарады. Кезінде он бір жыл Ұлыбританияның премьер- министрі болған «темір ханым» Маргарет Хильда Тэтчерден бір журналист «Өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не?» деп сұрағанда, ол «Отбасын құрып, ана болғаным» деп жауап беріпті. Өте кеш некелесіп, бала санын шектейтін жоспармен күн кешіп, есеппен отау құратын батыс өркениетінде де отбасының бүкіл қоғам үшін теңдесі жоқ құндылық екенінің айқын дәлелі емес пе бұл мысал?!
Қазіргі таңда біздің ел-жұртымыз да осы құндылыққа өте бай деп ауыз толтыра айта алатын халде болсақ, арман не?! Дәстүрлі, қазіргі және тәрбиелі отбасылық құндылықтар деп үш топқа жіктелініп жүрген ұлттық байлығымыздың қайнар көзі былғанбай сақталса кәнеки!.. Алайда, ашық ақпарат көздерінен жиі қылаң беріп қалатын тұрмыстық келеңсіздіктер біздің жоғарыдағыдай үмітімізге селкеу түсіріп жататыны да ащы шындық. «Айтпаса сөздің атасы өлетінін» меңзеп кеткен көнелеріміздің көрікті сөздері мен көркем ойлары бүгінгі ұрпағының көңілдерін тербетіп, көкіректерін толқыта бермейтін заманға тап болғанын кімнен көреміз?
«Үйлену оңай, үй болу қиын» мәтелінің тереңіне байыптай бермеушілік көбейді. Жастардың арасында асығыс үйлену белең алды. Үй боп кетсе жақсы ғой. Керегелері дұрыс керілмейді. Уықтары бұрыс шаншылады. Сосын әрине, шаңырақ шайқалады.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген нақылдың мәнін әлсіретушілер үдеп барады. Ұлының алдындағы парызын, қызының алдындағы міндетін ұмытып кететін әкелер мен шешелердің саны ұзарған. Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сенсек, жыл басынан бері бала тәрбиесі ісінде өз міндетін орындамаған 6 мыңнан астам ата- ана жауапкершілікке тартылыпты. Көбіне балалар ата-анасының еріп жүруінсіз, үйден тыс және ойын-сауық орындарында болғаны үшін ұсталады. Осындай әрекеті үшін жыл басынан бері 64 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ойын- сауық орындарының 1,5 мың иесі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мекемелерде болуына жол бергені үшін әкімшілік жазаға тартылған. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қараусыз қалған 2,5 мың бала жеткізілген. Биыл жасөспірімдер жасаған қылмыстар санының 11 пайызға өскеніне де осындай жағдайлар әсер етпеді дей аламыз ба.
«Бала таппайтын әйел жоқ – тұрарын айт, Мал таппайтын еркек жоқ – құрарын айт» деген ілгерілердің дуалы ауыздарынан шыққан ақылды да мойындай бермейтін жұптардың пайда болуы жақсы нышан емес. Отағасы өз орнын біліп, табыс тауып, отбасын қамтамасыз етіп отыруды басты міндетіне алмайынша, үйде қалыпты атмосфера орнамайды. Сондай- ақ, қазіргі заманауи қоғамда әйелдің білім алуына, мансап жасауына, ары қарай сол жолда тұрмыс құрмай кете беруіне толық мүмкіндіктің болуы да отбасылық құндылыққа кері әсерін тигізуде. Соның нәтижесінде халықтың 30 пайызын толық емес отбасылар құрап отыр. Құқығы мен бостандығы мәселесі бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда нығайып қалған әйел адам ғана емес, ер адамдарда да, жалпы қоғамның дамуында да эгоцентристік менмендік көзқарастың басым болып бара жатуы үлкен қауіп. Дегенмен, үкіметтік емес ұйымдардың жүргізген сауалдамаларында қазақстандық азаматтардың өз өмірлеріндегі ең үлкен құндылық ретінде отбасын санайтыны анықталды. Азаматтардың 93 пайыздан астамы отбасы құндылығының маңыздылығын алға қояды екен. Екінші орынды мансап қуушылық алған – азаматтардың 49 пайызы қызметтік орынтақпен өсуді армандайды, достарды бағалау – 43 пайыз, бос уақытын құнды санау – 35 пайызды құраған. Бұдан шығатын түйін – азаматтардың қоғамдағы негізгі қажеттіліктері қанағаттандырылмай, олардың өміріне, заманның ағымына елеулі өзгерістерді енгізудің оңай болмайтындығы.
«Ұрыс-керісті көп естіп өскен бала қатыгез болады, Жылы сөзді көп естіп өскен бала мейірімді болады» деген сөзді білмейтіндер де қоғамымызда жиі кездесіп қалуда. Ал, бұл немқұрайлылық отбасындағы әлеуметтік теңсіздіктерге апарып соғуы кәдік.
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық статистикасы көңіл көншітпейтінін мәлімдеген болатын.
«Кейінгі екі жарым жылда үйдегі зорлық- зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 дерегі және орташа зиян келтірудің 808 дерегі тіркелген. Осындай құқықбұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді.
Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды. Көптеген әлеуметтік кеселдің түп-тамыры, соның ішінде қылмыс – көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысының «Адамдардың құндылықтар жүйесі» мен «мінез-құлық моделі» туралы айтқан сөзі бүкіл қазақстандық азаматтарды ойландыруы қажет. Өйткені бұлардың әрбір қоғам мүшесінің, әрбір отбасы мүшелерінің өмір сүру салтына игі ықпалы немесе кері әсер ету күші болатыны айдан-анық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» жас өскін «Отан – қуат, Отбасы – шуақ», «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі», «Жанұясыз адам – жеміссіз ағаш», «Үйді пеш емес, махаббат жылытады», «Жақсы адам бақытқа ұмтылады, жаман адам бақытты күтеді» деген сияқты көптеген нақылдарды жадына құйып өссе ғана біздің қоғамның моральдық нормаларын дұрыс игерер еді. Бұл жерде әлбетте отбасы мәселесі бірінші орында тұрмақ.
Ежелгі заман ойшылдарынан бастап бүгінгі ғалымдарды да бейжай қалдырмаған отбасы мәселесінің өзіндік тарихы мен даму ерекшелігі бар. Отбасын құрап, түтін түтетудің мәселесін жан-жақты зерттеп, оның түпкі мәнін шешуге ұмтылған ойшылдар мен ғалымдардың да қарасы көп. Мысалы, әлемнің бірінші ұстазы атанған ғұлама Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол – мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған. Ал, классикалық неміс философиясының өкілі Иммануил Кант отбасындағы адамдардың құқықтық жағдаяттарына көп көңіл бөлген. Неміс пәлсапашысы Йоһанн Готтлиб Фихте «Отбасының негізі – махаббат» десе, Георг Вильгельм Фридрих Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын ұсынды.
Әріге бармай-ақ, отбасы туралы терең мағлұматқа бай өз халқымыздың ұлағатынан көп нәрсе алуға болады. Әрбір отбасының ерекшелігіне орай өз құндылықтары қалыптасады. Ол құндылықтар ежелден бері келе жатқан немесе жаңадан шығарылған құндылықтар болуы мүмкін. Қалай болғанда да адамдар отбасы деген ұғымның құнын айқын қадірлемейінше Жаратушының тарапынан берілген өмірді дұрыс сүрдім дей алмайды. Отбасының құндылығы деген әрбір адам баласының ең алдымен өзі дүние есігін ашқан ұясында алғандарынан, көрген-баққандарынан түп санада түзу кірпіштей сұлу қалануы керек. Қыз болса, өзінің жолы жіңішке әйел заты екенін сәби кезінен санасына сіңдіріп өсуі тиіс. Етегін жауып жүруден бастап, әйел баласына қатысты қырық үйден тыйымды жадына мықтап тоқуы қажет. Ұл болса, өзінің қыздан артық жаратылған еркек бала екендігін, нәзік жандыларға қорған болатынын түйсініп өсуі тиіс. Өзінің болашақта ана, жар, келін болатынын бүлдіршін кезінен біліп өскен қыз өз отауында отбасылық салтты ізгілікпен жалғастыратын болады. Өзінің келешекте әке, ер, күйеу болатынына балдырған шағынан дайын боп өскен ұл өз шаңырағында отағасылық дәстүрді дұрыс жүргізетін болады. Тату-тәтті әулеттің тәлімін алған тәртіпті ұл мен жарасымды жанұядан шыққан тәрбиелі қыз отбасылық құндылықтың басты негізі сүйіспеншіліктен тұратынын бағамдайды. Махаббатпен қосылады. Ақ некені аялайды. Аяулы балаларын дүниеге әкеледі. Оларды өздері мен ата-бабасы жүрген тура жолға салады. Немеренің де, шөберенің де осы бағыттан ауытқымауына бар күш-жігерін жұмсауға тырысатын ата-ана өзінің бұ дүниедегі мақсат- мұратына сөзсіз жетеді.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді