«41-жылғы келіншек»
Жазушы-публицист, шындықтың шырақшысына айналған Шерхан Мұртазаның әңгіме, повестері, романдары қалың оқырманның көңіліне жол тартып, жүректерінен өшпестей орын алғаны анық. Қаламгердің өмірден өрнектелген шығармаларын жас та, жасамыс та, еңкейген қартқа дейін қызыға оқиды десек, артық айтқандық емес. Жазушының сондай жан тебірентер әңгімелерінің бірі – «41-жылғы келіншек» әңгімесі. Бұл әңгімені оқи отырып көзге еріксіз жас келіп, көңілің алай-дүлей күй кешеді. Әңгімеде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жолдасы Мақсұт соғысқа кеткеннен хабар-ошарсыз жоқ болып, жесір қалған Хадишаның аянышты өмірі суреттеледі.
Жесір келіншектің Шалабайдың қорлығына шыдай алмай, Мақсұтты жан даусымен айқайлап шақыруы, сол түні Мақсұттың Хадишаның түсіне еніп, келіншектің жолдасына бар мұңын шаққаны да жан тебірентеді.
«– Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт? Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды. – Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде мен жиырма сегізде едім ғой. Ол үндемеді. – Қартайдым, Мақсұт. Ал, сен дәл осыдан отыз жыл бұрынғы қалпыңда қалыпсың. Ол үндемеді. – Танымадың ба, Мақсұт! Мен Хадишамын ғой! Сені әне келеді, міне келеді деп отыр едім. Жұрт көрсе, сені менің балам дер. Сен, сірә, сол сөзден қорқып тұрсың ғой. Ол үндемеді. Босағада тұрғаның қалай, Мақсұт! Төрге шық, өз үйің ғой. Хадиша Мақсұтты қолынан ұстап төрге алып шықпақ болып, ілгері аттайын деп еді, орнынан қозғала алмады...». Иә, тірі адам тіршілігін жасайды. Шығармадағы Хадишаның прототипі Болдықызды ауылдағы ағайындары әмеңгерлік жолмен қайнысы Қорғанбайға қосқан екен. Күйеуі Оқа (Мақсұт) соғыстан оралмаған. Оқадан Айман атты қыз туған. Ал, қайнысы Қорғанбайдан төрт бала көтереді. Бүгінде олардың бәрі өсіп-өнген, жетілген. Бұл әңгіме баспадан 1972 жылы жарық көрді. Сол кезде Шерхан Мұртазаның кейіпкері шамамен қырықтардың үстінде болса керек. Одан бері де қаншама уақыт өтті. «41-жылғы келіншек» атанған апамызға қазағының тәуелсіз ел болғанын көріп, оның тәп-тәтті нанын жеп, тілеуін тілеу бақыты да бұйырды. Болдықыз апа 2014 жылы 96 жасқа қараған шағында өмірден өтеді.
Менің анам Раушан Құдайбергенқызы Талапты ауылында туып-өскен. Жазушының әңгімелерінің басты кейіпкеріне айналған Болдықыз апа нағашыларымның үйіне көрші тұрған екен.
Анамның айтуынша, Болдықыз апа өте сабырлы, салмақты, көп сөйлегенді ұната бермейтін, ақылды, салиқалы, сұлу әйел болған.
– Жүзінен нұр төгіліп тұратын, жарықтықтың, – деп еске алады анам. – Тазалықты жаны сүйетін, кез келген істі иіріп алып кететін. Биені де, сиырды да сауып, тауық асырап, малды жайғап, үй шаруасына да, бала тәрбиесіне де бірдей үлгеретін. Керек кезде әке-шешемізге ақыл айтып, жөн көрсетіп, ақ пен қараны ажыратып беріп отыратын. Менің шешем жаңадан келін болып түскен жылдары ауыл колхозындағы жұмысқа ертіп барып, көп іске машықтандырған. Соғыстың зардабын көрген өте мықты адамдар ғой. Онша-мұнша қиындықтарға мойымай, еңселерін тік ұстап, «Бастысы – амандық. Қалғаны бола жатар», деп әр күніне шүкіршілік айтып жүретін. Бірақ, ішінде мұң-зары бар екені жүзінен білінетін. Біздің үйге жиі келіп, анаммен сырласатын, – дейді анам.
Иә, зұлмат соғыстың зардабы кім-кімге де оңай соқпағаны айқын. Жастай жесір қалып, балалары жетім қалған отбасылар да болған. Бірақ, олар қиындыққа қасқая қарсы тұрып, қатал тағдырдың тауқыметіне көне білді. Ал, жазушы сол замандардағы барлық жесір әйелдердің образын аша білді. Қайғыдан қан жұтып, өңменіне өксік тығылып жүретін жесір әйелдердің тағдырын, жанайқайын Хадиша арқылы халыққа жеткізді...
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді