Қала экономикасы артып келеді

Қала экономикасы артып келеді
ашық дереккөз
Қала экономикасы артып келеді
Көне шаһар – Тараздың тізгінін ұстағаныма бүгін міне бір жыл толып отыр. Әрине, бұл бір қарағанда аз уақыт болып көрінгенімен, осы аралықта қалада біршама жұмыстар атқарылды. Осы орайда сол жұмыстарға кеңінен тоқтала кетуді жөн санап отырмын. Облыс орталығы – Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл санап артып келеді. Атап айтқанда, осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуында оң өзгерістер қалыптасып отыр. Атап айтсақ, өнеркәсіп саласында 295,6 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 107,3 пайызға жетті. Ал, ауыл шаруашылығы саласында 2,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды құрады. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 62,5 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 100,9 пайызға жетті. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 30,6 миллиард теңгеге, нақты көлем индексі 100,7 пайызға орындалды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 174,7 мың шаршы метрді құраған. Бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі 184,2 миллиард теңгеге немесе нақты көлем индексі 101 пайызға атқарылды. Сондай-ақ, инфляция деңгейі 13,7 пайызды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарлары – 14, азық-түлік емес тауарлары – 15,3, ақылы қызметтер тарифі 11,1 пайызға өскен. Ал, жұмыссыздық деңгейі 5,7 пайызды құраса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 527 теңге, орташа номиналды айлық жалақы 285 131 теңгені құрады. Денсаулық саласына келетін болсақ, есепті кезеңде бір ана өлімі тіркелді. Өкінішке қарай, 44 нәресте өлімі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 6 жағдайға өскен. Қалада қылмыспен және құқықбұзушылықпен де күрес күшейіп келеді. Айталық, құқық қорғау саласында есепті мерзімде шаһарда 1538 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 22,5 пайызға төмендесе, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 25,4 пайызға азайған. Сондай-ақ, жеті айда қала бойынша жол- көлік оқиғалары 38 пайызға төмендеген.   Жаңа индустриалды аймақ құрылуда Шағын және орта бизнестің дамуына барынша көңіл бөлініп келеді. Атап айтсақ, қалада «Дәмді себет» ЖШС «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасын іске асыруда. Жоба құны 700 миллион теңгені құрайды, оның жылдық қуаттылығы 2160 тонна. Жоба жүзеге асырылса 105 жұмыс орны ашылмақ. Аталған жобаның іске асырылуы бойынша «Ұлы дала» шағынауданынан 0,5 гектар жер телімі берілді. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары жалпы құны 32,2 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда 884 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, қала аумағында «Тараз» ӘКК» АҚ сенімгерлік басқаруымен «Тараз» индустриялық аймағы» ЖШС жұмыс істеуде. Оның жалпы ауданы 184 гектарды құрайды. Тараз қаласының жаңа бас жоспарында қаланың батыс бөлігінен Шөлдала алқабына барар жолда 1150 гектар жерді, Аса ауылына шыға берісте 500 гектар жерді химиялық индустриалдық аймаққа, Асқаров көшесі соңынан Элеватор маңынан 13 гектар жер агроөнеркәсіптік кешенге берілмекші. Сонымен қатар, 1 847 гектар жер шаһардың өндірістік әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа берілгелі отыр. Бүгінгі таңда қатысушылар тарапынан онда 7 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның 4-еуі биыл іске қосылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің кіші индустриалды аймақтардың құрылысын қолдау бағдарламасымен «Кемел» тұрғын алқабы маңынан 28 гектар болатын «Кіші индустриалды аймақ» құру жоспарлануда. Сондай-ақ, Жамбыл ауданының Тараз қаласына қосылатын аумағынан аталған 28 гектар жермен жалғасып жатқан жерден 32 гектар жер резервке белгіленді. Бүгінгі таңда 3,3 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба анықталып отыр (жеңіл өнеркәсібінде 7 жоба, жиһаз өнеркәсібінде 10 жоба, тамақ өнеркәсібінде 5 жоба, құрылыс материалдарын дайындау өнеркәсібінде 4 жоба). Кәсіпкерлерді тарту жұмыстары әрі қарай да жалғасын табады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 10,9 миллиард теңгені құрайтын 504 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігі бойынша 306, «Банк кредиттері» бойынша 198 жоба кепілдендірілді. Ал, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 1 жоба қаржыландырылды. Шаһарда ауыл шаруашылығы саласы да дамып келеді. Биыл «Алель агро» АҚ инкубаторлық цехын ашып, 60 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында ірі сауда орындарымен және 16 әлеуметтік дүкенге тұрақты мониторинг жүргізілуде. Шаһар тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында осы жылдың ақпан айының 11-нен бастап әр аптаның сенбі күндері «GRAND BAZAАR» сауда кешені алдында 26 жәрмеңке өткізіліп, 687,1 миллион теңгені құрайтын, 1076 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен өткерілді. Қоғамдық көлік мәселесі қашанда зор сұранысқа ие. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін сауалдардың көпшілігі осыған байланысты. Осыған орай қала тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында №19 бағыт «Шалғай Қарасу» алқабына, №55 және №28 бағыттар «Ұлы Дала» шағын ауданына, №12 және №34 бағыттар Родничок, Қайнар алқаптарына дейін созылды. Сондай-ақ, «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарына қызмет көрсететін №54 бағыттың кесте саны 5-ке дейін көбейтіліп, жүру аралығы 20 минутқа қысқартылса, қосымша 3 кестемен Құмшағал, Көлтоған алқаптары – Теміржол вокзалы бағытында қызмет көрсетуді бастады. Сондай-ақ, осы жылы қала аумағына 36 аялдама орнату үшін қала бюджет есебінен 95,2 миллион теңге қаржы қаралды. Бүгінде орнатылған аялдама саны – 12. Жұмыстар бірер күнде толық аяқталады. Бұған қоса 9 бірлік жарық диодты таблоларды орнату жұмыстарына бюджет есебінен 17 миллион теңге қаралып «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС тарапынан монтаждау жұмыстары тәмамдалды. Автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстарына келсек, бұл бойынша биыл 38 бірлік жаңа автобус жеткізілді. Атап айтқанда, «Автобус паркі-2020» ЖШС «ZHONG TONG» маркалы 20, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС «ZHONG TONG» маркалы 3 бірлік «ПАЗ» маркалы 5, «Smart City Servise» ЖШС-мен «Golden Dragon» маркалы 10 бірлік автобустар жеткізілді. Сонымен қатар, «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде 10 бірлік Yutong маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 15 бірлік автобус жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, «Smart City Servise» ЖШС-мен 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалды.   Инфрақұрылым жүйесі жаңғыртылуда Облыс орталығын сумен жабдықтау бойынша да ілкімді істер қолға алынған. Айталық, «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Тараз қаласының жеке және заңды тұлғаларын ауыз сумен және кәріз қызметтерімен қамтамасыз етеді. Бүгінде қаланың 92,4 пайызы сумен қамтылған. Жер астынан су көтеру үшін 90 жерасты су ұңғымалары жұмыс істеуде. «Жамбыл су» МКК тарапынан инвестициялық бағдарлама аясында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, 17 нысан бойынша 4183 метрді құрайтын су желілері ауыстырылады. Қазіргі уақытта ұзындығы 2 476 метр болатын 11 нысандағы жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ 8 нысан бойынша ұзындығы 2497 м құрайтын кәріз желілері жаңартылады. Осы кезеңде жалпы ұзындығы 1562 метрді құрайтын 5 нысандағы жұмыстар аяқталды. Басқа бағыттарда да құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жол – экономиканың күре тамыры. Сондықтан да жол жөндеу жұмыстары әрдайым айрықша маңызға ие. Тақтайдай тегіс жол жайлылық сыйлап қана қоймай, тұрғындар қауіпсіздігінің де кепілі. Бүгінгі күні шаһарда жол жөндеу жұмыстары қарқын алып жатқаны баршаға белгілі. Тараз қаласында қазіргі таңда 1 445 көше бар. Оның ішінде асфальт жолдары бар көшелердің саны – 838, шағал тас жолдары бар көшелердің саны – 607. Жолдардың жалпы ұзындығы 1 888,5 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнде конкурс нәтижесі бойынша 44 нысанның 41-інде (133 көше) техникалық қадағалаушы анықталды. Сондай-ақ, 14 нысанда асфальт жабыны төселді. Бұдан бөлек, қайта жаңғырту бойынша 2 нысан жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда, Шостакович – 4 бұр.Момышұлы көше қиылысы аралығында асфальт жабындысының 1-ші қабаты (КЗ) салынса, Жансүгіров көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін жұмыстар аяқталды, Сондай-ақ, Саңырақ батыр көшесінен бастап Момышұлы көшесі аралығында асфальт жабындысының 1-қабаты салынды, Момышұлы көшесінен бастап көпірге дейін кеңейетін жол бөлігінде жұмыстар жүргізілді. Ташкент және Мәмбет батыр нысандары бойынша, облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Ал, көптен бері мәселесі шешілмей келе жатқан «Бурыл» массивінде орташа жол жөндеу жұмыстары басталды. Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі күні шаһарды ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделіп отыр. Бүгінгі күнге шағынаудандарда (№1,4,5,6,7,8,9 шағынаудандар) 9100 метрді құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Жалпы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес 33 шақырымдай арық жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жұмыстарды аяқтау қазан айының соңына жоспарланған. Шаһарды абаттандыру да айрықша назарымызда. Айталық, Тараз қаласының әкімдігі мамандарымен зерделеу жүргізу барысында қала аумағында абаттандыруды және балалар ойын алаңын салуды қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің аулалары мен жеке тұрғын үй секторларының тізімі жасалды. Жасалған тізімге қала тұрғындарының өтініш-тілектері сырт қалмай қосылып отырды. Мәселен, осы жылы Тараз қаласы аумағында 26 ауланы абаттандыру жоспарланған. Ол үшін бюджеттен 675 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 26 аула бойынша «Проект и К» ЖШС жеңімпаз болып анықталып, абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, Тараз қаласының жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша атқарылатын жұмыстардың 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық жол картасы әзірленді. Жол картасына сәйкес, 2 магистралдық және 9 ішкікварталдық жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жалпы ұзындығы 6138,66 метр болатын М-1 магистралдық жылу желісін қайта жаңғыртудан өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы алынды. Тараз қаласы бойынша жалпы 1445 көше мен бұрылыстар бар. Оның 852 негізгі көшелер мен әлеуметтік нысандар орналасқан бұрылыстар. Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша 493 көше мен бұрылыстар түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Таразда тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. Жалпы Тараз қаласы бойынша мемлекеттік қордан пәтер алу кезегінде 22 088 адам тұр. Сондай-ақ, Тараз қаласы «Отбасы банк» АҚ-да «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жалпы Республика бойынша 51 миллиард теңге бөлінген. Жобаға облыс бойынша 1679 отбасы қатысуға өтініш білдірген. Олардың ішінен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті шешіміне сәйкес 342 отбасы негізгі тізімге енген. Сонымен қатар, депозитінде 20 пайыз жарна жинақтаған 4734 салымшы бар. Биыл облыста «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде 2 653 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде 2 353 пәтерлі 41 кредиттік тұрғын үй, 300 пәтерлі арендалық тұрғын үй бар. Жыл соңына дейін тағы 2 248 пәтерлі 33 үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Тұрғын үй қорын жаңғырту «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 2011 жылдан бастап жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан, оның ішінде 477 үй күрделі жөндеуден өткізілді, қалғаны 626 үйді жөндеуден өткізу жоспарлануда. «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бастап 477 үйді жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы 63 көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ал, Бірыңғай Мемлекеттік Жылжымайтын мүлік кадастры (ЕГКН) жүйесінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 116818 азамат тіркелген.   Әлеуметтік саланың әлеуеті артуда Халықты жұмыспен қамту қашанда өзекті.Бүгінгі күні орталыққа өтініш берген азаматтардың саны 13 426 адамды құраса, оның ішінде жұмыcпен қамтылғандар 5887 адам (43,8 %). Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өтініш берген азаматтырдың саны 3745 адамға (28%) өсіп отыр. Мемлекеттік қайтарымсыз грантқа биыл жоспар бойынша 183 адам бөлініп, бүгінгі таңда 91 адам грант иегері атанды. Өткен жылдың осы мерзімінде 100 адам грант иегері атанды. «Жастар практикасы» аясында 215 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен жастар тәжірибесіне жолданған, өткен жылдың осы мерзімінде 195 адам жолданған. Ал, ақылы қоғамдық жұмысқа 1 085 жұмыссыз азаматты жолдау жоспарланып, осы жылдың шілде айында 892 азамат жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 25 жұмыссызды жолдау жоспарланған. Бүгінгі күнге 26 жұмыс берушіге 40 жұмыссыз азамат жолданды, өткен жылдың осы мерзімінде салыстырғанда 13 адамға (32,5%) артып отыр. Бүгінде білім саласына да ерекше екпін түсіріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, биыл 7 мектеп пен 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі, 23 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді. Өткен жылдан бастап облыс орталығында жеке қаражат есебінен 8 жаңа спорт нысаны салынды. Ал, биыл қалалық бюджет қаражаты есебінен 4 аула алаңын салуға 100 миллион теңге бөлініп, «Ұлы дала» шағынауданы №33,34,35 үйлерінің ауласы мен Менделеев көшесінің 3-бұрылыс №13 мекенжайларында 2-і пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Өзбек көшесі 1 және 3-бұрылысының тұрғындарының бірнеше рет жасаған өтініштері негізінде облыс орталығының осы шағын учаскесін спорт алаңдарымен абаттандыруға қосымша 30 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстар өзге шағынаудандарда да жалғасын табуда. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда Тараз қаласындағы спорт нысандарының саны 10 бірлікке артты. Мәдениет саласында да атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Соның ішінде, бүгінгі таңда Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын. Осының аясында тұрғындардың тілегіне құлақ түріп, мәселелерімен жете танысудамыз. «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес 2022 жылғы қыркүйек айымен 2023 жылғы шілде айы аралығында 12 кездесу өткізілген. Кездесу барысында қала тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шара жоспарына жалпы 99 мәселе енгізілген. Оның 69 пайызы тұрғын үйге қатысты. Бүгінгі күнге 99 мәселенің 56-ы орындалса, 35-і орындалу үстінде және 8-і тапсырма қаражат қажеттілігіне байланысты мерзімінде шешімін таппай отыр. Іс-шаралар жоспарындағы мәселелердің орындалу барысы тұрақты бақылауда және халықпен кездесулер алдағы уақытта да кестеге сәйкес жүргізіле береді.  

Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,

қала әкімі

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар