Жұмбақ тағдыр, жалын жыр
Руми мен Рудакилерден бастап, шығыстың жыр ғалилары ғасырлар бойы жырлап өткен Тараз шаһарын күні бүгінге дейін ақындар мен ғашықтардың рухы кезіп жүр. Күллі қазақ даласында аты да, заты да тарих көмбесіне таңбаланып, қисапсыз қара өлеңге өрнектелген дәл осындай қасиетті қала жоқ та шығар. Тараздың рухы әр дәуірдің ақындары жазған жырларда жаңғырып тұр. Жаңғырып тұра береді де. Өкініштісі, екімыңжылдықтың куәсі болған қарт қалада отыз тұрмақ, жиырманың жалынан сипап үлгермей қыршын кеткен таланттар да аз болған жоқ. Соның бірі һәм бірегейі, табиғи талант иесі Артығали Ыбыраев, көзі тірі болғанда биыл жетпіс жасқа толатын еді... Батыстық әдеби атмосферада ғұмыршуағы ерте сөнген ақындардың ешқашанда сәулесі халықтан ажыраған емес. Себебі, олардың жыры мәңгілік жылуға ие деп түсінеді. Ол расымен солай да. Тіпті, «Қарғыс атқан ақындар» тізіміндегі кез келген тағдырлы таланттарының өзі бұл дүниеден қанша ғасыр алыстаса да асқақтай береді. Қызғыш ғұмыры қысқа болған мұндай таланттар бізде де аз емес. Қазақ әдебиетінде 23 жасында «Менің құрдастарымды» жазып қалдырған Саттар Ерубаев, 30 жасында бар қазақтың өзегін өртеп кеткен Төлеген Айбергенов, айта берсек жан тебіренер жауқазын ғұмырларымыз жүрекке жүк, санаға салмақ салары анық. Жалпы, отыз жастың өзі қазақ үшін аяулы өмір өлшемі іспетті. Шоқанның жасы, Сұлтанмахмұт жете алмай кеткен жас. Сол сияқты, Әулиеата өңірінде де Серік Томанов, Бауыржан Үсенов, Әзімбек Жанқұлиев, Салтанат Абашова, Өрнек Құлекеев сынды өмірден ерте озған таланттар бар. Солардың арасында ардакүрең ақын Артығали Ыбыраевтың орны алабөтен. Әрине, дәл қазіргі жастардың арасында қазақ поэзиясына ынтызар жүректер жоқ емес, бар. Бірақ, олардың әрбіріне Артығалидан қалған соқпақ із жастық жалынның мәңгі сөнбес бағдаршамы іспетті. Бүгінгі әдебиетсүйер жастардың буыны оның көзін көрген жоқ. Бірақ сөзі жүрекке жетті. Тіпті, арамызда Артығалиша ойлап, Артығалиша армандайтын жастар да жоқ деп айта алмаймыз. Себебі, Әулиеата жері һәм оның әр уыс топырағы бір-бір кітап өлең секілді. Жас буын сол кітаптың бір парағынан жаралып, әр жазуынан нәр алары анық. Бәлкім оның бірі сол Артығали жырларының жалғасы шығар...
Мейірімге жетім әрбір жүрек үшін жырлары жаназық болар Артығали ақын 1953 жылы талайғы тарихы бар Сарысу ауданында, Байқадам ауылында дүниеге келді. Көзкөргендердің айтуынша, хакім Абай айтқан «көрсем, білсем» деген жас еді. Шаршамай оқып, ізденді. Осылайша 1970 жылы қара таныған ауыл мектебін үздік аяқтап, қазақ поэзиясының Парижіне теңелген Алматыға аттанды. Шайырлар шаһарындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Жастық дәурені енді жалындай бастағанда Тараз қаласында қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Бұл 1974 жылдың 4 сәуірі еді. Бар болғаны 21 жас. Осылайша Артығали ақынның артында небәрі 30 шақты өлең мен аңызға айналған аты қалды. Оның өзінде басым көпшілігі мектеп қабырғасында жүргенде жазған өлеңдері. Ал студент кезіндегі жазбалары ұшты-күйлі жоғалып кетті.
Бұл туралы Артығали ақынды еске алу кештерінің бірінде Қадыр Мырза Әлі терең тебіреніп: «Бұл өзімізді-өзіміз жұбату кеші. Артығали ақынның дүниеден озар алдында жазған біраз өлеңі жоғалып кеткен екен. Жоғалған нәрсе табылуы да мүмкін. Өйткені, тарихта мұндай жағдайлар болған. Күдер үзген қолжазбалар да табылған. Мысалы, орыс жазушысы Ю.Домбровский соғыс кезінде романын бітіріп баспаға тапсырған. Ол аласапыран кез. Қиын кезең. Сол роман баспадан жоғалып кеткен. Көпке дейін табылмаған. Кейіннен ғайыптан табылды. Француз жазушысы Альбер Камюдің де бір романының тағдыры солай. Жазушы өзі жүргізетін көлігімен апатқа ұшырағанда роман көлік ішінде ғұламаның өзі ғана білетін қуыста қалып қойған. Бұл да біраз жылдардан соң табылған», деп үміт отын маздатқандай ой айтыпты.
Лайым солай болғай. Артығали ақынның сол жазбалары табылса, ол тек тараздық әдеби орта үшін ғана емес, бүкіл қазақтың әдебиеті үшін үлкен рухани олжа болар еді.
Жалпы, Артығали ақынның поэтикалық потенциалы бозбала кезінен анық байқалған. Оның талантын республика көлемінде алғаш танытқан «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газеті болды. Сұрапыл жырларына сәт-сапар тілеп отырған басылым талантты жазбай тани білді. 17 жасында жазған «Соқпақ соңы» өлеңі өзінің адуынды мінезін айшықтап тұрды.
Тұлпар – өмір,
Жалыңа ерте жабыстым.
Тіршілікпен,
Тізе қағып таныстым.
Езге атылдым,
Жебесі боп намыстың, –
деп өзі жырлағандай, жас та болса жалғандық, жағымпаздыққа жаны қас, өр мінезді болмысы жанартаудай жалын шашты. Қазақтың ғажайып ақыны Ұлықбек Есдәулет ол туралы «Көздері бір нүктеде тұрмайтын еді. Бойында бөріге тән қасиет басым болатын. Жойқын қуаттың иесі еді» деп еске алса, дәл сол Сарысу топырағынан туып-өсіп, қазақ әдебиетіне «мылтық атылғандай» жан-жағын жалт қаратып келген Маралтай Райымбекұлы «Артығали – жұмбақ ғұмыр кешкен тағдыр иесі. Ол небәрі жиырма бір жыл өмір сүрді. Бұл уақыт Артығали үшін жеткілікті еді. Артығали он бесінде-ақ сол кездегі қазақ әдебиетінің бүгінгі марғасқаларына айналған Мұқағали, Төлеген сияқты алыптарынан дүниені түйсіну, оған көркемдік тұрғыдан баға беру, тіпті, ақындық болмыс жағынан да ілгері тұрғанын айтуға тиіспіз. Ол өз отына өртеніп кетті. «Жүрегін шың-құзға емес, жұлдызға соғып жарған қаршыға» еді. Өзі солай жазған... Расында да шын ақындар табыт түгілі, уақытқа сыймайтынын ол жақсы түсінген. Ол өзімен бірге көп нәрсені о дүниеге ала кеткен сияқты. Ол көбіміздің әлі түйсіне қоймаған жұмбақтарымыздың шешіміне нүкте қойды», деп толғана ой салмақтайды.
Шүйкімдей дене шүмектей терге
малшына,
Шулы өзеннің үстінен өтті таң шыға.
Қара жер шетін таба алмай,
талып келеді,
Қара жердің бетін көрместей
болған қаршыға.
...Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады,
Жүрегін, мүмкін, жұлдызға
соғып жарады?
Арманы үшін азапқа түскен осы құс,
Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады, – деп жан дүниеңе қанатын сабалайтын осы «Қаршыға» атты өлеңі еді. Артығали ақынның өзі де дәл осы азапқа түскен құстың кейпін кешіп, мән-мағынасы бөлек мәңгі дүниеге аттанып кете барды.
«Неткен ұқсас тағдыр! Ақанның (Сері) Қаршығасын бай-бектер түтінге тұншықтырса, Артығалидың «Қаршығасы» жүрегін жұлдызға соғып жарады. Тағдырын зерттеушіге өз тылсымының болашақ бекзат баянын «Қаршығасында» аңдатып кеткен жоқ па арманшыл, арынды ақын. Шіркін, талдаушысы табылса, бір есті эссеге нысана болғалы тұр. Бұл ойымыздың ұшқынын Аманхан Әлім сездіріп кетіпті. Ол «Қаршығаны» Лермонтовтың «Тұтқынымен» қатар қояды. Дұрыс-ақ. Сыншы Сағат Әшімбаевтың Артығали шығармашылығына жасаған қамқорлығы, бір жылдары Байқадамға арнайы барып, ақынның басына зиярат еткен азаматтығы өз алдына, осы өлеңді ақындар бас қосқан жерде оқуды дағдыға айналдырып, «өлең осылай жазылуы керек» деп отырады екен. Расында, бізді де кейде қазіргі кейбір өзін «Қаршыға» көріп, жер тепсініп, бір өлең жазса төбеңді ойып жібере жаздап, жер-көкке сыймай жүретіндер Артығали өлеңдерін де бір парақтап қойса, тәубесіне келер еді-ау деген ой иектейді», – деп Қали Сәрсенбай айтпақшы, Артығали ақынның жыры әлі де сарала қаздай сағынған оқырманына жетіп, қалам ұстағанын ерлік санайтын «халтура көсемдерінің» миына мірдің оғындай тиетін күн әлі де алда деген сенімдеміз. Осы ретте ақынның жетпіс жылдығы «жетім қыздың тойындай» елеу-ескерусіз қалып кетпей, өз деңгейінде аталса деген үміттеміз. Сөзімізді ақынның өз жырымен түйіндеп, назарларыңызға бірнеше өлеңдерін ұсынамыз.
«Тәкаппарлық талай жанды матады,
Атса Құдай ойда жоқта атады.
Барлық жұрттан биікпін деп ойлаған,
Барлық жұрттың аяғында жатады»!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді