25 білім нысанының құрылысы жүруде

25 білім нысанының құрылысы жүруде
ашық дереккөз
25 білім нысанының құрылысы жүруде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында маңызды мәселелердің бірі – білім беру жүйесі екенін айтып, бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін айта келе, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс екенін баса айтты. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын мәлімдеді. «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді ел Президенті. Мемлекет басшысыны осы тапсырмасы облысымызда қай деңгейде орындалып жатыр? Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ата-аналар балаларына мектепке қажетті оқу құралдары мен мектеп формасын алып, қызу дайындықты бастап кетті. Біразы мектепке сақадай-сай дайын деуге де болады. Ал, білім ошақтары оқушы қабылдауға қаншалықты дайын? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбекпен әңгімелескен едік. Басқарма басшысының айтуынша, облыста білім саласын қаржыландыру көлемі едәуір артқан. Өткен жылы бұл салаға 244,1 миллиард теңге қаржы қарастырылса, биыл 284,8 миллиард теңге бөлінген. Ал, жаңа оқу жылында 494 мектепке болжаммен 251 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. 1-сыныпқа бүгінгі күнге 22 118 оқушы қабылданған.
Жыл басынан 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тараз қаласында төртеу, Қордай ауданында екі, Байзақ ауданында бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тараз қаласында төртеу, Қордай ауданында екі, Байзақ ауданында бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биылғы оқу жылында құрылыс есебінен 9 мектеп пен 5 жапсарлас құрылыс пайдалануға беріледі деп жоспарланған. – Осы жылы 17 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 миллиард теңге қаралып, жөндеу жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі күні Тараз қаласындағы «Мейiрiм» мектеп-интернатын күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Алты мектептің күрделі жөндеу жұмыстары мемлекеттік сараптамада көрсетілген мерзімге сәйкес, 5-6 ай аралығына жоспарланған. Бірақ, күрделі жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау мақсатында жұмыс қарқынын күшейту, яғни жұмысшы санын көбейту үшін мердігерлермен келіссөздер жүргізілуде. Оның ішінде Тараз қаласындағы №28, №34, №44, №46 орта мектептер және Мойынқұм ауданындағы Қ.Рысқұлбеков және №2 орта мектептер бар. Бүгінгі күні білім нысандары жылыту маусымына 90 пайызға дайын. 690 білім нысаны 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылды, – дейді Мейірхан Азатұлы. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінде облыста үш ауысымды төрт мектеп, апатты үш мектеп, оқушы орнының тапшылығы бар екі мектеп тіркелген. Үш ауысымда оқытылатын төрт мектептің мәселесі 2023-2024 жылдары, ал, екі мектептің мәселесі қосымша құрылыс есебінен шешілсе, екі мектептің мәселесін «Жайлы мектеп» құрылысы есебінен шешу жоспарланып отырған көрінеді. Ал, 2023-2025 жылдары апатты бір мектептің мәселесі қосымша құрылыс, екі мектептің мәселесі жаңа мектеп құрылыстары есебінен шешілмек. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы оқушы орны тапшылығы бар екі мектептің мәселесі осы жылы Арай алабындағы жаңа мектептің құрылысы есебінен шешіледі деп күтілуде.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар