36 мектепте асхана жоқ
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл 1 қыркүйек- тен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыруды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Президенттің бұл оңтайлы бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні белгілі. Жаңа өзгеріс ата-ана үшін де, балалар үшін де қуанышты жаңалықтардың бірі болды.
Осындайда облыстағы асханасы жоқ мектептердің бұл жаңашылдыққа дайындығы қандай? Мұндай мектептер оқушыларды қалай тамақтандырмақ, деген заңды сұрақтар туындайды. Онсыз да мектеп асханалары турасында даулы мәселелердің осы уақытқа дейін айтылып келгені жасырын емес. Бір кездері облыстағы бірнеше мектеп асханасының тазалығы жөнінде, санитарлық талапты қатаң сақтамай, тағамнан шыбын-шіркей шыққаны да дау тудырған болатын.
Дәл осындай даулы мәселелерді тудырмас үшін, асханасы жоқ мектептер алдын ала қамдануы тиіс емес пе?!
Мектеп оқушыларын тамақтандыру мәселесіне біз атүсті қарамауымыз керек. Себебі, бала – біздің болашағымыз, көз қуанышымыз.
Аталған сұрақтарға жауап беру үшін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбекті сөзге тартқан едік.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылында 494 мектепке болжаммен 251 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Сонымен қатар, 1-сыныпқа бүгінгі күнге 22118 оқушы қабылданған.
Ал, 1-4 сынып оқушыларының бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуына облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге қаржы бөлінсе, мектепке дейінгі ұйымдардағы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11326 баланы тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 425678,0 мың теңге қарастырылған.
Ал, облыс бойынша 36 мектептің асханасы жоқ болып шықты. Олардың қатарында Байзақ, Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандарындағы мектептер және Тараз қаласындағы бір мектеп бар. Олардың біреуі орта, үшеуі негізгі және 32-сі орта мектептер. Онда 1-4 сыныптарда 892 оқушы білім алады.
– Жаңа оқу жылынан оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта асханасы жоқ, атап айтқанда Байзақ, Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарындағы мектептердің оқу кабинеттеріне ыңғайластырылған асхана жасалады. Сонымен қатар, Сарысу ауданындағы екі мектепке модульдік асханалар сатып алынып, орнатылып жатыр. Одан бөлек, Меркі ауданындағы Алтын арық бастауыш мектебіне қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген модульдік асхана қойылатын болады. 20 мектепке жақын орналасқан мектептерден ыстық тамақ тасымалданып, жеткізіледі, – дейді Мейірхан Азатұлы.
P.S. Шыны керек, басқарма басшысының «тасымалдап тамақтандырамыз» деген терминін қабылдай алмадық. Әрі-берлі тасымалданған тамақтың мәнісі кетпей ме?! Ол-ол ма, онсыз да сынып бөлмелері жетіспей жататын мектептердегі кабинеттерді асхана етіп жасақтау да қисынға келмейтін сынды. Асхана мәселесі, балалардың дұрыс тамақтануы туралы проблемалы мәселелер алдағы уақытта ата-аналардың наразылығын тудырып, ушыға түспесе игі еді. Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді