Тапсырма тиісті деңгейде орындалып келеді

Тапсырма тиісті деңгейде орындалып келеді
ашық дереккөз
Тапсырма тиісті деңгейде орындалып келеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығының негізінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудандарды, ондағы ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен ұдайы кездесу өткізуде. Ондағы мақсат – елді мекендердегі мәселелердің дер кезінде көтеріліп, олардың оң шешімін табуына ықпал ету. Осыған орай, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Жамбыл ауданына кезекті іссапары кезінде біраз мәселенің басы ашылған болатын. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегін назарға ала отырып, тиісті басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Ал, әкім тапсырмасы қаншалықты жүзеге асты? Тұрғындардың талабы орындалды ма? Мәселен, Жалпақтөбе ауылының тұрғындары Жалпақтөбе көшесінен В.Чкалов атындағы орта мектебіне өтетін көшеге оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнатуды сұраған болатын. Аудан әкімі аппаратының жауапты мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде бұл мәселе оң шешімін тауып, аталған жол бөлігіне бағдаршам орнатылып берілді. Одан бөлек, «Жолдың жайын жүрген біледі» демекші, қазіргі уақытта ауылішілік көше жолдарын жөндеу өзекті проблемалардың біріне айналған. Сол секілді, ауыл тұрғындарының Жалпақтөбе, Түрксіб ауылдарындағы Нұрлы жол, Р.Рүстембеков көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысы негізінде орта жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Сонымен қатар, Түрксіб ауылындағы Р.Рүстембеков көшесінде ауыз су жүйесін жүргізу кезінде мердігер тарапынан кеткен кемшіліктер толығымен түзетілген. Тұрғындардың тағы бір көтерген өзекті мәселелерінің бірі – Ерназар ауылдық округін ағын сумен қамтамасыз ету үшін «Сұлукөл» су қоймасын толтыру мүмкіндігін қарастыру болатын. Бүгінде «Сұлукөл» су қоймасына 2,5 миллион текшеметр су жиналып, егіс алқаптарына босатылып берілген. Осылайша, өңір басшысының берген тапсырмалары толық орындалып келеді деуге негіз бар.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар