Антына адал ару

Антына адал ару
ашық дереккөз
Антына адал ару
Бүгінгі бейбіт күннің қаһармандары – тәртіп сақшылары. Себебі, қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыспен күресу, мемлекет пәрменін орындау, халық пен биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметкерлерінің басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік жүгі ауыр салада еңбек ететін құқық қорғау саласының қызметкерлері уақытпен санаспайды. Ішкі тәртіп осындай. Осы саланы таңдап, тыныштықты күзеткен нәзік жанды арулардың бірі – Әмина Масатбай. Ол бүгінде өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде кадр саясаты тобының аға инспекторы болып қызмет етеді.

Антына адал ару

Кейіпкеріміз тарихы терең Тараз шаһарының тумасы. Оның бала кезгі мұраты – ата-анасы Қанат пен Гүлмайра секілді әдемі форма киіп, ай күмбезді шен тағу болатын. Табиғатынан шыншыл әрі тік мінезді қыз білімге деген жан-жақты ұмтылысының арқасында облыс орталығындағы №36 орта мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Бұдан кейін, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне оқуға түсіп, «Психология және педагогика» мамандығын меңгереді. Еңбек жолын өңірлік Қылмыстық- атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/1 мекемесінде арнайы есеп бөлімінің технигі болып бастайды. Осылайша үлкенге ізетті, кішіпейіл, биязы мінезді Әмина қиындығы мол салада өз қолтаңбасын қалдыруға мүмкіндік алады. Жалпы, қайс ар қыз 2019 жылдың наурыз айында офицер шеніне қол жеткізген. Ол кезде түзеу мекемесінде психолог болып жұмыс істейтін. Араға алты ай салып, қалалық №3 пробация бөліміне ювеналды әділет тобының инспекторы болып ауысады. Ата-анасының тұла бойы тұңғышы өзінен кейінгі қос сіңлісіне қашанда қамқор. Оларға дұрыс бағыт көрсетіп, еңбекке баулуды өзіне міндет санайды. Айта кетейік, Әминаның әкесі Қанат Сабырұлы саналы ғұмырының 24 жылын осы салаға арнаған жан. Ол 2010 жылы әділет подполковнигі шенінде ЖД-158/5 мекемесі бастығының режим және жедел жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметінен құрметті зейнет демалысына шыққан. Анасы Гүлмайра Кәрімқызы құқық қорғау саласында 30 жылға жуық қызмет етіп, әділет майоры атанады. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытпен санаспайтынын ескерсек, Әминаға сондай сәтте дем беріп, бойына берік сенімді ұялататын да ата-анасы. Шын жанашырлары үнемі с енім білдіріп, қолдау көрсеткенінің арқасында ол өз қызметін абыроймен атқаруға жанын салып жүр. Себебі, ол бір үйдің үлкені болғандықтан, жауапкершілік жүгін жүрегімен сезінеді. – Ес білгелі тәртіп сақшысы болуды армандадым. Өйткені, ата-анам осы салада абыройлы қызмет етіп, зейнетке шыққан. Рас, кез келген жұмыстың өзіне тән қызығы мен қиындығы болары анық. Жүрек қалауымен осы саланы таңдаған соң, еш өкінбеймін. Бастысы, бала күнгі арманыма қол жеткіздім. Ата- анамның ізі сайрап жатқан салада өз қолтаңбамды қалдырсам деймін. Темірдей тәртіпке бағынып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бізге міндет. Сот үкімімен кінәлі деп танылған азаматтарды қайта тәрбиелеп, олардың қоғамда өз орнын табуына жәрдемдесу айтуға ғана оңай. Десе де, менің әріптестерім бұл үдеден шығып жүр. Олар өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып келеді, – дейді әділет капитаны Әмина. Иә, құқық қорғау қызметі – батылдықты, өжеттікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала. Дегенмен, қызығы мен қиындығы қатар жүретін осынау салада ата-анасының үкілеген үмітін ақтап жүрген Әминадай сақшы қыздарымызға сүйсіне қарайтынымыз рас. Өйткені, мұндай арулар «Қазақ қызы» деген атқа әбден лайықты. Әңгіме барысында оның инабаттылығының астарында ер адамға бергісіз қайсарлық пен өжеттік жатқанын аңғарып, оның нақ осы саланың қызметкері болу үшін жаралғанын түсіндік. Ендеше, кәсіби мереке қарсаңында сақшы қызды құттықтап, қызметіне сәттілік тілейміз!  

Есен ӨТЕУЛІ

     

Ұқсас жаңалықтар