«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қамқор аға еді

Қамқор аға еді
ашық дереккөз
Қамқор аға еді
Әдебиет пен өнер – шет-шегі көріне бермейтін үлкен кеңістік. Осы кеңістікте үндемей жүріп үлкен іс атқаратын бір қауым бар. Ол – сыншылар мен өнертанушылар қауымы. Ал, кенжелеу дамыған ұлттық өнертанудың бастауында жазушылар тұрғаны белгілі (бұл  дәстүр өз мамандарымызды тәрбиелеп шығарған тәуелсіздік кезеңімізге дейін жалғасты). Осы бір орайлардан келгенде, қазақ сахна өнері саласында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды ойшыл суреткерлердің дәстүрін өз биігінде жалғастырып, жемісті еңбек еткен қадау-қадау қаламгерлеріміздің бірі – ардақты Қадірбек аға, Қадірбек Уәлиев. Қазіргі ҚазМУ-дың филология факультетін оқып-бітіріп, шығармашылық еңбек жолын Қазақ теледидарынан бастаған Қадірбек ағаның өнер тақырыбына ойысуына «Қазақ әдебиеті» газетінің мәдениет және өнер бөлімінде қызмет етуі игі әсерін тигізсе керек. Менің де аға шығармашылығымен танысуым газет беттеріндегі мақалаларын оқуымнан басталды. Ал, осы беделді басылымға авторлыққа тартқан және балаң рецензия, мақалаларымның жариялануына ықпал еткен – Қадірбек аға. Алғашқы рецензияларым «Жұлдыз» журналында жарық көре бастаған. Одақтағы басқосу, жиындарға қызығып келіп жүрген кезіміз. Бір жолы Жазушылар Одағының ұзын дәлізінде денелі, дауысы зор бір кісіні көрдім. – Тоқта, – деді ол, – сен Әлиясың ба? – Иә. – Онда жүр, – деді де, үшінші қабаттың сол жақ қапталындағы кабинеттердің біріне бастады. Келіп кірдік. Кабинетте беті жасыл түсті, мен білмейтін бір материалмен қапталған, суырмалы үлкен үш үстел бар екен. Соның төрдегі біріне отырды да, маған қарсысындағысын нұсқады. Сонан соң туған жерім, нендей оқу орнын бітірдім, қайда жұмыс істеймін, не жазып жүрмін, деген сипатта сұрақтар қоя бастады. Қал-қадерімше жауаптарымды тыңдап болған соң «Қарындасым болып шықтың ғой (кейінірек білдім, аға Қаратау қаласынан екен, Қаратау мен Саудакенттің арасы алыс емес), талабың жақсы, бізге автор бол» деді де, жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің «Сырғалы қыз» атты кітабын ұсынды. Сонымен рецензияларым «Қазақ әдебиетінде» де шыға бастады. Алғашқы, «Өзімді іздеймін» атты (жастар прозасындағы жастар бейнесі туралы) балаң мақаламды ширата редакциялап, басылымға ұсынған да Қадірбек аға еді. Сол жолы газеттің бір санында бірнеше жас сыншының мақаласы қатар жарияланып, жақсы эффект бергені есімде. Араға бірер жыл с а лып, мен «Қазақ әдебиетінің» сын бөлімінен кезінде Қадірбек аға жетекшілік жасаған өнер бөліміне меңгерушілікке ауыстырылдым. Газеттен кейін «Өнер» баспасында қызмет жасаған аға ол кезде Мәдениет министрлігі театр бөлімі мен репертуарлық-редакциялық коллегиясында. Одақта, министрлікте өтіп жататын небір шараларда кездесіп, пікірлесіп жүрдік. Ағаның мінезі өте ашық, қазіргі тілмен айтқанда, өте коммуникабельді, қай мәселеде де пікірін тура айтатын. Өтірікке, кейбір жалаға жаны шыдамайтын, бұқпантайламайтын мінезі ерекшелендіріп тұратын. Өзі бала кезінде қиындықты көп көрген соң ба (бауырларын ата-ана орнын жоқтатпай өсірген ерлігі тағы бар), жастарға сондай мейірімді және қамқор. Қадірбек ағаны Асекең, Асқар Сүлейменов ерекше сыйлайтын, жақсы көретін еді. Біз бас қосқан сол бір күрделі кезде үйге шақырған таңдаулы қонақтарының бірі Қадірбек аға болғаны бекер емес. 1991 жылдың шамамен желтоқсан айы. Мен екі айлық Әсмәмен үйдемін. Асекең «Парасат» журналында қызметте. Өзі идеяның кені, қазіргі тілмен айтқанда, ұлттық идеяға байланысты небір жобалар жасап жүрді. Бір жолы жұмысына барысымен телефон соқты. «Семейден Төкен келіпті, жұмыстан соң үйге қонаққа келеді». Төкен аға Асекеңе қадірлі жан екенін білемін, сіңлім Ғалия екеуміз дайындала бастадық. Кешке Асекең үш досымен келді. Семейдегі Абай музейінің директоры Төкен аға Ибрагимов Мәдениет министрлігіндегі бір жиынға қатысыпты. Зейнолла аға Серікқалиев ҚР Парламентінде редакциялық бөлімін басқарады, ал, Қадірбек аға Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық бөлімінде қызметте. Тәуелсіздігіміз жаңадан жарияланған, сондай бір эйфория – қоғамның саяси-әлеуметтік температурасы жоғары. Парламент отырыстары театр спектакльдеріндей теледидарда н көрсетілетін, сондықтан болар бүкіл қоғам өзін саяси-қоғамдық мәселелерге қатыстыдай сезінетін. Халықтың тәуелсіз, еркін өмірге, жарқын болашаққа деген құштарлығы сенімге ұласа бастаған кез. Сол кеште де Асекеңнің кенжесі, сүйікті Әсмәміздің құрметіне небір тілектер айтылғаннан кейін дастарқан басындағы сөз саясат, әсіресе, мәдени саясат туралы өрбіді. Пікірталастар да болды, дастарқан қамымен кіріп-шығып жүрген мен неге байланысты екенін білмедім, бір сәт Қадірбек ағаның дауысы қаттырақ шықты. Өзгелері оның айтқанымен келіскендей сыңай танытты ғой деймін, әңгіме артынша қалыпты арнаға түсті. Сондай бір жақсы отырыс. Қоштасарда Қадірбек аға мені құшақтап, ырзашылық танытқандай болды. Сосын «Әй, Асқар, қарындасымды еш ренжітуші болма, әйтпесе...» – деп, әзілмен жұдырығын түйді. «Мұндай жұдырық кімде бар, не мені өле алмай жүр дейсіз бе?» – деді Асекең де қалыспай. Үйден шығар алдында Қадірбек аға маған қарата айтқаны: «Әлия, рецензияға бірер пьеса берейін, ертең алып кет». Ол кезде театрларда Мәдениет министрлігі сараптамасынан өткен пьесалар ғана қойылады. Содан бірер күнде барып екі-үш пьеса алып, рецензия жазып бергенім есімде. Ол рецензияларға қаламақы төленетін кез, ағаның үйде отырған маған бір қамқорлығы екенін сезіндім. Осыдан жарты жылға жетер-жетпесте Асекең, ойламаған жерден дүние салды... Қадірбек аға көңіл айтып келгендердің алдыңғы қатарында болды. Одан кейіндері де Асекеңе байланысты шаралардың барлығына қатысты. Досы туралы «Асқарға тағзым немесе аузымыз қисайып қалар ма еді...» атты жүрекжарды көлемді естелік жазды. «Парасат падишасы» кітабын мазмұндандыра түскен сол көлемді естелікте Қадірбек аға Асекеңнің өмірі мен өнерінен, болмысынан көп сыр шертеді. Аға Асекеңнің анасы Қымбат-Айтотының қырқына берілген аста да керемет сөйлеп еді. Қадірбек Уәлиевтің саналы ғұмыры шығармашылықта, қазақ өнері мен мәдениетіне қалтқысыз қызмет етумен өтті. Оның қаламынан шыққан мақалалар, порт реттер мен мақалаға бергісіз рецензиялары кезінде қалың оқырманмен қатар театр жұртшылығы қажетін өтесе, бүгінде театр тарихы үшін бағалы дүниелер. Театртанушының «Сахна – менің өмірім» жинағын оқысаңыз, 70-90-жылдар аралығындағы қазақ сахнасындағы үдерістер, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Ә.Молдабеков, Қ.Қарамысов, Қ.Жетпісбаев, тағы да басқа сахна қайраткерлерінің шығармашылық-адами бейнелері көңіліңізде жанданады. Қадірбек аға сахна қайраткерлерімен тығыз байланыста, достықта болды. Оны аға буын да, қатарластары да қатты сыйлайтын, жақсы көретін. Осындай сыйластық, шығармашылық қарым-қатынастар нәтижесінде ұлт театрының іргетасын қалаушылардың бірі Серке Қожамқұлов, көрнекті театр-кино актері Ыдырыс Ноғайбаевтар туралы «Актер және азамат», «Тұғыры биік тұлға» жинақтары дүниеге келді. Білімді де қаламы қарымды, ойы сергек Қадірбек аға көрнекті режиссер-ұстаз Асқар Тоқпановпен, ұлттық режиссураның көрнекті өкілдері Қадыр Жетпісбаев, Маман Байсеркенов, тағы басқалармен өнерлік- достық байланыстары екіжақты пайдалы болғаны, оның сахна қайраткерлерінің шығармашылығына игі әсерін тигізгені анық. Қ.Уәлиев драма жанрында да қалам тартты, бірнеше пьесасы облыстық театрларда қойылды. Өкінішке қарай, ол спектакльдерді көре алмадым. Ал, аудармашылық шеберлігін Ж.Коктоның «Адам дауысы» және М.Ғапаровтың «Тұзды шөл» пьесаларын қазақша нұсқаларын оқып, спектакльдерді көргендіктен білемін. Ардақты ағамен «Қазақ әдебиетінде», сонымен қатар М.Әуезов театрында да шығармашылық байланысымыз үзілген емес. Аға кейін зейнетке шыққан соң да театрға келіп тұратын. Бір жолы түс әлетінде Орталық стадион жанындағы бір дәмханада отырып, біраз әңгімелескеніміз бар. Аға сонда бақилық достарын еске алып, Жазушылар одағының кезекті бір құрылтайындағы бір оқиға жайлы, көңілі толмайтын рухани ахуал туралы айтып еді. Жаңа пьеса жазбақ ойы бар екенін де. Қазір ойлап отырсам, ол соңғы кездесуіміз екен. Қадірбек аға қазақ өнеріне бар болмысымен қызмет еткен, адал да атпал азамат, ұлтжанды тұлға болды. Қуатты да қамқор дауысы құлағымда жаңғырып, жанды жылытады.  

Әлия БӨПЕЖАНОВА,

әдебиеттанушы, сыншы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар