Елу жылдан кейін соғылған қоңырау

Елу жылдан кейін соғылған қоңырау
ашық дереккөз
Елу жылдан кейін соғылған қоңырау
Әрбір азаматтың туған жері – Мысыр шаһары іспетті. Сондықтан да олар қайда жүрсе де, кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен ауылға бүйрегі бұрып тұрады. Шежірелі Сарысу ауданының Саудакент ауылындағы Байқадам Қашқынбаев атындағы қазақ орта мектебін 1973 жылы бітірген түлектері араға 50 жыл салып бастарын Саудакентте тоғыстырды. Олар туған өлкеге оралып, өздері оқыған мектепке тағзым етіп, өскелең ұрпаққа үлгі көрсету мақсатында туған ауылдарына оралды. Алдымен, өз сыныбымызда оқып, өмірден ерте өтіп кеткен сыныптастарымызды ауылдағы «Майлыбай» мешітіне барып, еске алып, марқұмдардың рухтарына Құран бағыштадық. Қазақтың «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзі бар емес пе?! Достарымызға дұға жасап, оған қол жайғанымыз сауапты іс болды. Бұдан кейін өзіміз орта білім алған қара шаңыраққа барып, онда мектеп мұғалімдермен, 10-11-сынып оқушыларымен кездесу өткіздік. Кездесуде алдымен мектеп директоры Лаура Нұрмаханова мектептің 50 жылдық түлектерін жылы шыраймен қарсы алып, мектептің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстары, қол жеткізген жетістіктері туралы әңгімелеп берді. Іс-шараға қатысқан мектеп түлектері Ғалия Телібаева, Дүйсенбай Боқанов, Зәуре Үсенбаева, Жаңабек Саражанов, Рая Әбілдаева, Дүйсенбай Смайылов, Сапар Сұлтанбеков, Есенгелді Болатов, Тұрған Өксікбаев мектепте оқып жүрген кездерімізден естеліктер айтып, осыдан 50 жыл бұрынғы сәттерге саяхат жасадық. Әсіресе, соңғы қоңырау соғылып, мектеппен қимай қоштасқан сәттер есімізге оралды. Жиын барысында 11-сынып оқушыларымен мамандық таңдауға байланысты әңгіме қозңғадық. Әрқайсысымыз өз мамандықтарымыз бойынша еткен еңбектеріміз, жетістіктерімізді ортаға салдық. Оқушылар қойған сұрақтарға жауап беріп, өз ақыл-кеңестерімізді айттық. – Мамандықтың жаманы жоқ. Тек оны өз қалауыңмен таңдау керек. Таңдаған мамандығын шын сүйіп, мектептен алған білімін үнемі жетілдіріп, жан-жақты ізденіп отырған адамдардан жақсы маман шығады. Мемлекетімізге пайдасы тиіп, абырой биігінен көрінетін болады. Мен өзім ұстаздықты қалап, қазіргі Түркістан облысындағы білім саласында 40 жылдай абыройлы еңбек етіп, зейнетке шықтым. Енді міне, сол еткен еңбектің рахатын көріп отырмын, – деді ардагер ұстаз, білім саласының үздігі Ғалия Айтқожақызы. Осындай жақсы тілектерді жалғаған Жаңатас қаласында өндіріс саласында ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарған, бүгінде Тараз қаласында тұратын Дүйсенбай Боқанов, Сарысу аудандық әскери комиссариаттан зейнетке шыққан тараздық Жаңабек Саражанов және басқа да түлектер жылы лебіздерін білдірді. Сөз кезегі келгенде мен де 40 жылдай Мойынқұм ауданында әртүрлі салада басшылық қызметтер атқарып, абыройға бөленгенім, бірнеше мемлекеттік марапаттарға қол жеткізіп, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы атанғанымды айттым. Іс-шара барысында мектептің облыстық, республикалық байқаулардан жүлде алып жүрген өнерлі оқушылары қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, әннен шашу шашты. Күмбірлете күй тартып, мың бұрала би биледі. Реті келгенде түлектер атынан мектепке ақшалай және заттай сыйлықтарымызды тапсырдық. Ал мектеп кітапханасына өзімнің осы ауданның перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, ширек ғасыр Көктерек, Мойымқұм аудандарын басқарған айтулы азамат Айтбай Назарбеков туралы жазған «Адамдық пен адалдық шамшырағы», Мойынқұмдағы өмірім туралы жазған «Мойынқұмның ыстығы мен суығы» атты кітаптарымды табыс еттім. Сондай-ақ, кешегі Кеңес Одағы кезінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған мойынқұмдық атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев туралы жазылған «Жалпақ жұрттың Жаз- атасы» атты түрлі-түсті суреттермен безендірілген үлкен кітапты сыйға тарттым. Кездесуден соң түлектер мектеп ішін аралап, әрбір сынып бөлмелерімен танысты. Өздері 9, 10-сыныптарда оқыған тарих кабинетіне барып, өздері отырған партаға отырып, балалық шақты тағы бір еске түсірді. Осы күннен естелік болсын деген ниетпен жапа-тармағай суретке түсіп жатты. Өз мектептерін ұмытпай, арнайы келіп тағзым еткен жомарт түлектерге мектеп басшылығы алғыстарын айтты.  

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

мектеп түлегі.

Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар