Ақбастау

Ақбастау
ашық дереккөз
Ақбастау
Жер мен бұлақ атаулары өздерімен бірге терең сырлар мен тұңғиық тарих қатпарларын хаттап жатыр. Ерік қойсаң, маңызын ұққанша бойлап, батып кетерің сөзсіз. Сондай құпия сырға көміліп жатқан жерлер мен бастаулар өңірімізде жүздеп, мыңдап саналады. Жалпы, Көкбастау ауылдық округіне қарасты Бақалы ауылының іргесінде бастаулар көп-ақ. Соның бірі – Ақбастау бұлағы. Бертінде жұрт оны «Әулие бастау» атап кеткен. Бастау түбіндегі сай Ақбастау деп аталады. Елуінші жылдары жаңа көше тілініп, ел жаңа қонысқа енді орналаса бастаған тұста елді дүр сілкінткен мына бір оқиға санаулы адамдардың есінде қалыпты. Ауыл жаңа бой түзеп, жұрт ауылдың оңтүстік бетінен су жүретін тоған қазып жатыпты. Үлкендер кетпендерін құлаштай сермеп топырағын сыртқа атып, жас балалар бірін-бірі қуып топырақ үстінде мәре-сәре болып ойнап жатқанда шығыс беттен ақ киімді, ақ түйелі адам көрінеді. Бет алысы осы жақ. Ол келе бұлақ басына түседі. Ел оның түскенін көрсе де «түйемен қыдырып жүрген біреу болар, бұлақ басына су ішуге тоқтаған» деп аса мән бере қоймаса керек. «Ойбай, жаңағы түйелі ақ адам жоқ болып кетті, бастауға түсіп кетті ме?», – деп бір әйел байбалам салғанда ғана барып жұрт орнынан дүр көтеріледі. Ер кісілер қолдарындағы кетпендерін тастай салып бұлақ басына жүгіреді. Олар келсе, бұлақ қаннен-қаперсіз буырқанып, бұрқылдап, құм атып қайнап жатыр. Маңында түйелі адамның болғанын айғақтар із, не бір белгі жоқ. Жұрт ойы сан саққа жүгіреді. Не жұмбақ, не сыр? Әлде бастау иесі өзінің бар екенін сездіріп қойғысы келді ме? Ертеңіне қой сойып, құдайы таратады. Бұлақтың бір ерекшелігі– құм атып жатқан қайнарға шелек салып су алса, бақыр ішіндегі суда түйір құм болмай шығады екен. Ауылға ауыз су құбыры тартылған соң, бұлақ басы қараусыз, күтімсіз қалады. Жағасын құрақ, шөп басып, оның үстіне тура қасынан түскен тоған да оның көзінің ұйықтанып жабылуына сеп болады. Үлкендер басына барып, Құран оқып, арығын тазалап, көзін ашып кетеді. Суын ем үшін пайдалануға алатындар да жоқ емес. Көкбастаудың шырақшысы Гүлназ Тәтенова бастаудың киелілігі Көкбастаумен пара-пар және жерасты сулары арқылы байланыста жатқанын тілге тиек етеді. Ал, осы бастау тұсында тұрған марқұм Сатынбек Әбдикаримов: «Сырқаттанып тұрып бастаудан келіп су ішсем жеңілдеп, тынысым кеңіп, жақсы болып қаламын. Бұрын көршім, марқұм Бәйден Құрманалиев айналасын тазалап тұрушы еді. Әрі бастауға қатысты көп әңгіме білетін», – деп еді. Бәйден ата жас кезінде бірнеше ауыл жігітін ұйымдастырып, бірнеше жүк мәшинесінің дискілерін қосақтап байлап, қасында өсіп тұрған қара ағаштың жуан бұтағына іліп, қайнарға тастап жіберіп, тартып алмақшы болған екен. Бірақ, жігіттер жабылып қанша тартса да, шығара алмапты. Қайта қолдарындағы қыл арқан алақандарынан сусып шыға беріпті. Осындай тартпа бұлақтың басынан жұрт айналып өтсе, үлкендер жағы суын шипа үшін пайдаланатын. Әлі де пайдаланып жүр.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар