Меркіде мерейлі іс көп
Туған жерді түлетіп, елге қызмет ету – әр азаматтың парызы. Меркі жерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары, табиғи мүмкіндіктері мол, киелі мекен екені рас. Дегенмен, 90 мыңға жуық халқы бар өлкеде мол мүмкіндіктермен қатар, түрлі мәселелер де болуы заңдылық. Мерейлі өлкенің осынау мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, оны іс жүзінде жүзеге асыру – алдымен аудан басшылығының міндеті. Әрине, бір жыл ішінде бір ауданның барлық мәселесін түбегейлі шешу мүмкін емес. Осы уақыт аралығында алдымен аудандағы барлық елді мекенді жеке-жеке аралап, ауыл тұрғындарымен кездесу өткіздік. Кездесулер барысында тұрғындардың талап-тілектері тыңдалып, олар көтерген әлеуметтік- тұрмыстық, коммуналдық-шаруашылық көптеген мәселелердің барлығы жинақталды. Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік және кәсіпкерлік, қызмет көрсету нысандары мен өндіріс орындарының жұмыстары назарға алынып, ауыл шаруашылығы бағытындағы өзекті мәселелер де сараланды. Осы зерделеу жұмыстарының нәтижесінде ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспары дайындалып, бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарға түзетулер мен толықтырулар енгізілді.
Ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, алдағы жылдары бюджет есебінен құны 42,1 миллиард теңгені құрайтын 156 жоба, инвестиция тарту арқылы 11,5 миллиард теңгеге 132 жоба іске асырылатын болады.
Халықпен болған кездесулерде көтерілген мәселелердің басым бөлігі жол жөндеу жұмыстарына қатысты болды. Қазіргі уақытта аудан бойынша жалпы 453 көше жолдары болса, оның 103-і жөндеуді қажет ететіні анықталып отыр. Сол жөндеуді қажет ететін көшелердің ішінде алдымен жағдайы қанағаттанарлықсыз деп табылған көшелерді жөндеуден өткізу күн тәртібіне қойылып, 2025 жылға дейін жөнделген аудан көшелерін 100 пайызға жеткізу межесі қойылды.
Осы орайда, өткен жылы аудан аумағында 16 жоба аясында 48 ауылішілік көше жолы жаңарды. Ал, биыл жалпы 72 көшені жөндеу жоспарланса, оның ішінде 31 көше «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 41 көше жергілікті бюджет есебінен жөнделетін болады. Сонымен қатар, ауданның бас жоспарына енгізілген толықтыруға сәйкес, орталық Ысмайылов көшесін төрт жолақты етіп кеңейту жоспарланып, жөндеу жұмыстары биыл басталатын болады. Сондай-ақ, бас жоспарға кәріз жүйесінің енгізілуіне байланысты, М.Мәметова және Сарымолдаев көшелері кәріз жүйесі жүргізілген соң күрделі жөндеуден өткізіледі.
Жалпы, жол жөндеу жұмыстары – қозғалысқа қолайлы орта ғана қалыптастырып қоймайды, сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық әртүрлі мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпалын тигізеді. Сондықтан, Меркі жерінің тамаша табиғатын республикаға танымал ету мақсатында, тау бөктері мен таулы аймақтарда инфрақұрылымды дамытудың да маңызы зор. Міне, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін таулы және құмды аймақтарға жол салу – күн тәртібіне қойылып отыр.
Осыған орай, Меркі шипажайынан жоғары Қасқасу арқылы Сандықтас тауына дейінгі 56 шақырымға тас төселіп, жол салынатын болады. Сондай-ақ, құмды аймақты мекендеп, ауыл шаруашылығымен айналысып отырған 148 шаруаға қолайлы жағдай жасау үшін Сарғобы құмына 87 шақырым жолдың құрылысы басталды. Бұл туризм саласының дамуына да септігін тигізіп қана қоймай, құмдағы малшы қауымның тұрмыс сапасын жеңілдетері анық.
Соңғы бір жыл ішінде аудан тұрғындарын газбен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Ақкөз, Қайнар, Беларық ауылдары тұрғындарының көп жылдан бергі сұранысы орындалып, аталған ауылдарға газ құбыры тартылып, халықтың игілігіне берілді. Сондай-ақ, Қарасу ауылында да газ құбырларын тарту жұмыстары басталып, жоба биыл жалғасын табуда. Осы кезге дейін газ жүргізілмеген Мыханды ауылына биыл газ құбырын тарту мақсатында жұмыс жүргізіліп, қазіргі уақытта мердігер мекеме анықталды. Алдағы уақытта газ құбырларын жүргізу жұмыстары басталатын болады. Бұл ауыл тұрғындарының көптеген жылдардан бергі сұраныстары. Осы орайда, биыл аудандағы аз қамтылған 50 отбасыны табиғи газға қосып беруге әлеуметтік қолдау көрсету жоспарлануда. Яғни, бұл мүлдем көгілдір отыны кіргізілмеген, тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін үлкен қолдау екені анық.
Сонымен қатар, білім және мәдениет сынды әлеуметтік салаларда да жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, биыл аудандағы ең ірі аймақтың бірі – Ойтал ауылындағы саябақта заманауи талаптарға сай 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға таяу. Дәл сол сияқты Мыңқазан ауылында да 90 орындық ауылдық клубтың құрылысы қызу жүргізілуде. Маусым айында пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, Ақермен ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өту үстінде. Мәдениет саласын дамыту мақсатында клубтарға 11 бірлік үйірме жүргізетін штат ашылды.
Білім саласы бойынша Ақарал ауылындағы №5 мектеп гимназиясы мен Меркі ауылындағы «Балауса» бөбекжай бақшасы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл Аспара ауылында 150 орындық, Ақ жол ауылында 80 орындық жаңа мектептер бой көтеруде. Бала санының өсуіне байланысты орын тапшылығы сезіліп отырған №21 орта мектеп жанынан 150 орындық ғимарат және 50 орындық асхана құрылыстары, №48 орта мектепке 200 орындық жапсарлас ғимарат салу жоспарлануда.
Денсаулық саласында Тәтті ауылдық округінде 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Гранитогор ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік акушерлік пунктінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Биыл Аспара және Т.Рысқұлов ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өтетін болады. Жалпы, медициналық ғимараттармен қамтылу 100 пайызды құрап отыр.
Аудан бойынша елді мекендерді медициналық нысандармен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Меркі аудандық орталық ауруханасының гинекология бөлімін, ХҚО жұқпалы аурулар бөлімін, балалар бөлімін, қабылдау бөлімін қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Андас батыр ауылындағы ауылдық аурухана ғимаратының және ауылдық емхана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы жылдары аудан бойынша медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді. Бұл жыл сайын медицина жүйесінің жаңартылып, жаңа жабдықтар мен қызметтер түрінің толықтыруымен байланысты. Былтырдан бастап аудандық емхана үздік тәжірибе орталығы болып жаңғыртылса, аудандық медициналық мекемелер жалпы сомасы 173 миллион 698 мың теңгеге заманауи талаптарға сай жабдықтармен толықтырылды. Осылайша, ауданның денсаулық сақтау саласының жабдықталу көрсеткіші 91,1 пайызға жетті. Жалпы, аудан бойынша 43 емдеу мекемесі жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Оның ішінде аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, «Андас Батыр» ауылдық емханасы, сонымен қатар, 13 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік акушерлік пункті және 19 медициналық пункті бар.
Аудан әкімінің елді мекендердегі кездесулерінде тұрғындар тарапынан балаларға арналған ойын алаңшаларының қажеттігі жөнінде де көптеген ұсыныстар түскен болатын. Осыған орай, Меркі, Ақарал және Сыпатай батыр ауылдарында балалар алаңшасы салынса, жуырда Аспара ауылдық округінің екі елді мекенінде қос ойын алаңы пайдалануға берілді. Тұрғындардың игілігіне берілген спорт алаңшалары салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеріне сенім мол.
Сонымен қатар, спорт нысандарын салу да күн тәртібіне қойылып отыр. Қазіргі уақытта аудан бойынша үш үлкен спорт кешені бар. Әрине, бұл халық саны көп ауданға аздық етеді. Мәселені шешу үшін биыл Сарымолдаев және Андас батыр ауылдарында спорт кешендерін салу жоспарлануда. Алдағы жылдары Жамбыл, Ақтоған, Сұрат ауылдық округтерінде ангарлы спорт кешендерінің құрылысы жүргізілетін болады.
Аудан бойынша соңғы жылдары асарлатып үй салу аясында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аталған жоба аясында өткен жылы 9 үй, 2 асхана тұрғындар игілігіне ұсынылса, биыл тағы 11 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аудандағы су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 46 ұңғыманы қазу жұмыстары жүргізілуде. Ұңғыма құрылыстары толығымен аяқталған соң 2200 гектар жерді ағын сумен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, Андас батыр және Жаңатоған ауылдық округтерінде Андас І, Андас ІІ және Андас ІІІ су қоймаларын салу жұмыстары басталды. Су қоймаларының құрылысы аяқталған соң, тағы 700 гектар алқапты ағын сумен қамтуға болады.
Ауданда 45 елді мекен ішінде бір ғана ауылда электр жүйесімен қиындықтар болған. Ол Қырғыз елімен шекаралас Жауғаш батыр елді мекені. Ауыл тұрғындары электр қуатын көрші елден алып отыруына байланысты есептеу тарифі сол елдің бағасымен төленіп келген еді. Тұрғындардың сұранысын ескеріп, былтыр қарыздары жедел шара қолдану арқылы төленіп беріліп, қазақстандық тарифке ауыстырылған. Биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард 100 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.
Тұрғындар көшелерді жарықтандыру туралы көп өтініш білдіреді. Дегенмен, ауданның барлық көшесіне бірден жарық орнатудың мүмкіндігі болмағандықтан, алдымен мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар орналасқан негізгі көшелерді жарықтандыру жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар, электр қуаты төмен елді мекендерде былтыр 8 трансформатор қойылса, биыл да бұл бағытта жұмыстар атқарылатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылы 23739,6 гектар алқапқа бидай, 27417 гектарға арпа, барлығы 51156,6 гектар дәнді масақты дақылдар орақтан өткізілді. Қант қызылшасының облыс бойынша жиналған өнімінің 50 пайызын Меркі ауданы өндірді. Қант қызылшасының 1 тоннасына қант зауыты 15000 теңге төлейтін болса, Үкімет тарапынан 1 тоннасына 15000 теңге субсидия төленді. Осы орайда, аудандық қант қызылшасын өндірушілері 582 миллион 98 мың теңге субсидия алды. Биыл қант қызылшасы алқабы 3000 гектарға ұлғайтылды. Аталған саланың жұмысын жандандыру үшін ауданда жаңбырлатып суару тәсілі кеңінен қолданылуда. Атап айсақ, «Мыхан Орда» серіктестігінің өз қаражаты есебінен іске асырылып жатқан жобасының жалпы құны 228,4 миллион теңгені құрайды. Агроқұрылым 792 гектарға айналмалы жаңбырлатып суару технологиясын енгізуде. Технология енгізілген алқаптың 400 гектарына қант қызылшасы отырғызылса, 392 гектарына жоңышқа егілген. Түркиядан әкелінген 19 жаңбырлатып суару агрегатын шаруашылық қолданысқа енгізу үстінде. Аталған елдің «Atlantis» компаниясымен жергілікті билік келіссөздер жүргізіп, шаруалар бастапқы 25 пайыз қаражатын төлесе, компания қондырғыларды орнатып беруге дайын. Бұл агрегаттардың 50 пайыз қаражаты мемлекет тарапынан субсидияланатыны туралы халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл су тапшылығымен күресте басты маңызды іс- шара екенін атап өткізіміз келеді.
Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары бойынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық бағдарлама аясында былтыр 5957 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 253 азаматқа қаражат берілді. Қысқа мерзімді оқуға 138 азамат жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша 100 адам жұмысқа жолданды. Жастар тәжірибесі бойынша 131 адам, алғашқы жұмыс орны бойынша 10 адам жұмысқа жолданды. Ал, бос жұмыс орындары бойынша 2580 адам жұмысқа орналасты.
Меркі ауданы бойынша биылға облыстық басқарма тарапынан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы» бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға берілген жоспар 4624 адам болса, 2023 жылдың 4 айында жұмыспен қамтуға 1794 адам кайырылып, 1792 жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты.
«Ауыл аманаты» жобасы туралы айта кетсек, Сұрат ауылдық округі тұрғындары осы жобаға алғашқылардың бірі болып еніп, пилоттық жобаға қатысып, оң нәтиже көрсеткен болатын. Бұл жобаға Ақермен, Жаңатоған, Ақтоған, Ақарал ауылдары еніп, құжаттарын дайындап, қаражаттарын алу жұмыстарын жүргізуде.
Жоба ауылдықтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын көтеру мақсатына бағытталып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, осы жобаға енген ауылдарды инфрақұрылыммен толықтай қамту көзделуде.
Ауданда жалпы 17300 аула бар. Жер кезегінде 12 мың азамат тіркеліп отыр. Осы мәселені шешу үшін Сарымолдаев, Т.Рысқұлов ауылдарында жер телімдері берілді. Енді Тескентоған, Аққайнар, Ақтоған, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарымолдаев ауылдарында берілетін жерлердің инфраструктурасы дайындалуда. Алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Сонымен қатар, 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің жобасы да жоспарда бар. Бұл жұмысты қолға алу үшін ауданда орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселесі шешімін табуы тиіс. Бұл жұмыстар да қолға алынып, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Жалпы, ауданда бақылаудан тыс қалған мәселе жоқ. Барлық шешімін күтіп отырған жұмыстар кезең- кезеңімен атқарылатын болады.
Ауданға инвестиция тарту жұмыстары жолға қойылған. Өткен жылы ауданымызда «ZETA» жиһаз өндіру цехы ашылып, 100 адам жұмыспен қамтылса, «Meralco» спирт зауыты іске қосылып, 120 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, алдағы жылдарда инвестициялық бағытта ауыл шаруашылығы бойынша 50 жоба, өнеркәсіп саласында 57 жоба іске асырылмақшы. Мәселен, Ақарал ауылдық округінде жеке инвестор шағын қант қызылшасын өңдеу зауытын және сұйық май өңдеу зауытын салуды қолға алып отыр. Зауыт іске қосылса күніне 100 тонна өнім өндіруге қауқарлы, ал ауылдықтар жұмыспен қамтылатын болады. Аудандағы ауқымды бірнеше жоба «Мерагро» ЖШС-мен бірге Тәтті ауылдық округінде жүзеге асырылады деп күтілуде. Яғни, аталған округтен алдағы уақытта құрама жем цехы мен сүт-тауарлы фермасы салынатын болады. Осы жобалар орындалған соң, құрама жем цехында 23 жаңа жұмыс орны, сүт фермасында 88 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарының бос уақытын қамту мақсатында Ойтал ауылында жеке кәсіпкер тарапынан бассейн, монша, тұзды шахта, фитнес зал, тамақтану орындары құрылысын 500 миллион теңгеге жүргізетін болады. Ірі инвестициялық жобалардың бірін іске асырған «Жеміс-жидек» серіктестігі биыл 10 гектарға «Альбион» сортты құлпынай дақылын отырғызды. Польшалық «Arno Group» компаниясының инженерлік сүйемелдеуімен іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны 90 миллион теңгені құрайды. Жылына 200 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отырған серіктестікте 50 адамға дейін жұмыс орны құрылған.
Сонымен қоса, 1998 жылдан бері асыл тұқымды жылқыларды өсіру бағытында жұмыс істеп келе жатқан «Ар-Ас» шаруа қожалығы өткен жылы 125 тонна «Тау қымызы» атауымен қымыз өндірген. Жылына 182 тонна өнім өндіретін қожалықта бүгінгі күні 400 бас бие бар. Оның 200 басы сауынды биелер. Шаруашылықта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл шаруашылық ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына үлесін қосқанын атап өту керек.
Ауданда даму жоспарынан бөлек, алдағы жылдарға перспективалық жоба да жасалған. Мәселен, орталық базарды көшіріп, онда аспан астындағы музей жасау, Орталық Торғаев көшесі бойын – «ММ Меркі» сауда үйі орналасқан алаңды жастар алаңына – арбатқа айналдыру секілді жұмыстар кезегін күтуде.
Меркі өңірінің әлеуметтік-экономикалық саласының дамуы жұмылған жұдырықтай болған – ел бірлігінің арқасы.
Халықтың сенімін ақтаудан артық ештеңе жоқ. Аудан халқының сұранысынан туындап жүрген өзекті мәселелерді шешуде жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.
Жорабек БАУБЕКОВ, аудан әкімі
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді