Бұралқыдай болыс өткен өңірде

Бұралқыдай болыс өткен өңірде
ашық дереккөз
Бұралқыдай болыс өткен өңірде
Аумалы-төкпелі заманда қазақ жерін сақтап қалу үшін аянбай күрескен XX ғасырдың басындағы ұлт қайраткерлерінің – Алаш арыстарының өнегелі өмірі бүгінгі күні қайта зерттеліп, зерделенуде. Жуырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Тараздың тарландары – Алаштың ардақтысы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл ғылыми- танымдық басылымды құрастырушылар – Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Тұңғышбек Байқұлов және әдебиетші-аудармашы, белгілі баспагер Ерлан Сатыбалдиев. Кітап Алаш қайраткері, ғалым Мұстафа Бұралқиев пен әкесі Бұралқы болыс жайында тарихи деректер мен естеліктердің негізінде құрастырылған. Расында, Әулиеата өңіріндегі Алаш қозғалысының белді өкілі, Алаш партиясының мүшесі, Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген, қазақтан шыққан тұңғыш білімді агроном Мұстафа Бұралқиевтің өмірі мен қайраткерлік қызметі жайында қазір көпшілік көп біле бермейді. Ол туралы бірен-саран естеліктерде айтылғаны болмаса, мұрағат құжаттарындағы аз-кем деректер тарихшылар тарапынан түбегейлі зерттелмеген. Ұсынылып отырған «Тараздың тарландары – Алаштың ардақтысы» атты еңбек осы олқылықтың орнын толтырып отыр. Кітапта Мұстафаның әкесі Бұралқы Сұлтанбекұлы туралы біршама деректер бар. Бұралқы болыс – Шу-Мойынқұм өңірінде ұзақ жыл ел басқарған, орысша жетік білетін, халыққа сыйлы кісі болған. Ел ішіндегі даулы мәселелерді әділетті шешіп, кедей-кепшік пен жетім-жесірдің жоғын түгендеген, әділ болыс болғаны елдің есінде мәңгі сақталып қалды. Тіпті, Бұралқы болыс 1913 жылы Романовтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толу салтанатына Санкт-Петербургке Қазақстанның оңтүстік өңірінен арнайы шақырылған азаматтардың бірі. Ол – «Романовтар әулетіне – 300 жыл» медалін алған өз заманындағы беделді би. Ғылыми еңбекте Әулиеата өлкесіндегі Алаш қозғалысының белгілі өкілдерінің бірі, 1930-1935 жылдары жазықсыз жапа шегіп, негізсіз айыпталған Мұстафа Бұралқиевтің өмірі мен қайраткерлік қызметі және әкесі Бұралқы болыс жайында оның ағайын-туыстары мен көзін көрген көнекөз қарттардың шындыққа негізделген естеліктеріне басымдық берілген. Сонымен қатар, жинақта мұрағат құжаттарынан табылған 1928-1930 жылдардағы ұжымдастыру кезеңі, 1932- 1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан болған тарихи оқиғаларға қатысты мәліметтер мен еш жерде жарияланбаған, сирек кездесетін фотосуреттер ұсынылған. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне ғалымдар, Бұралқы болыстың ұрпақтары мен жастар қатысты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Айжамал Құдайбергенова баяндама жасады. Ғалым тәуелсіз елімізде болыстар жайында бірен- саран мақалалар болмаса, олардың өмірі мен болыстық қызметі толық зерттелмегенін, Кеңестік билік болыстарды «қанаушы тап» ретінде қарастырып, олар туралы жазуға да, айтуға да қатаң тыйым салғанын, соған қарамастан би-болыстар қарамағындағы елге қамқорлық жасағанын, жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктерге, жарлы-жақыбайларға барынша көмектесіп, малмен, дүние-мүлікпен қарайласып отырғанын айтып өтті. Әулиеата уезінде (қазіргі Жамбыл облысының территориясы) XX ғасырдың 30 жылдарына дейін 9-10 болыстың қарамағындағы жұртшылықпен бірге уездің оязына бағынған. Бүгінде бұл жөнінде Шу-Мойынқұм өңірінің қариялары айтып отырады. Мойынқұм даласындағы Қарабөгеттен Құмөзекке дейінгі аралықтағы елді басқарған Бұралқы болыстың тазалығын елі ұмытқан емес. Шу өзенінің оң жағалауындағы Көктөбе ауылы аудан орталығынан 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл елді мекен ел аузында «Сиқым ауылы» деп аталады. XX ғасырдың екінші жартысында Сиқым болыстығын басқарған Құтан төре Бұралқы болыспен тығыз қарым-қатынас жасаған екен. «Құтан болыс тікелей Абылайханның ұрпағы болып келеді», дейді көнекөздер. Бұл болыс жайында Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатындағы (ҚРОММ) 3, 44-қорларында көптеген деректер берілген. Аталған ғылыми басылымның авторы Тұңғышбек Байқұлов мұрағат қорларындағы құжаттарды ақтарып, Құтан болыстың халқына жасаған қамқорлығын толық зерттеу келешектің ісі екендігіне тоқталды. Құтан Сұлтанбекұлы Шу өңірінде ғана емес, бүкіл Жетісу өлкесіне танымал болыс және батыр ретінде белгілі тұлға болған. Болыс қазіргі Шу ауданы, Көктөбе ауылына қарасты Кербұлақ өзені бойында дүниеден өтеді. Бүгінде бабаның ұрпақтары жерленген жеріне үлкен құлпытас орнатқан. Болыстың шөбересі Бибігүлдің айтуынша, Құтан төреден тараған үрім-бұтақтары Көктөбе ауылынан басқа Астана, Алматы, Тараз және АҚШ-тың Техас штатының Хьюстон қаласында тұрып жатыр екен. Ал, «Мектеп» баспасының Бас директоры Ерлан Сатыбалдиев өз кезегінде бүгінгі күні өскелең ұрпақ қазақ қоғамындағы болыстық тарихты білуі тиіс дегенді алға тартып, оның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар болыстың ұрпағы Жұмабек Әбілдаев Бұралқы болыстың қазіргі ұрпақтары жөнінде мәліметтер келтірді.  

Ерман ӘБДИЕВ,

Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар