Білімнен басталған жол – баянды болашаққа жетелейді

Білімнен басталған жол – баянды болашаққа жетелейді
ашық дереккөз
Білімнен басталған жол – баянды болашаққа жетелейді
«Білімді мыңды жығады». Отанын өркениет бәсекесінде оздырады. «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой- беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Балабақшада, бастауыш мектепте дұрыс қаланған іргетас – болашақ ұрпақтың біліміне берілген кепілдік. «Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет. Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», – деді Президент. Осы бағытта салалық министрлік те салмақты бастамаларды қолға алып отыр. Бүгінгі оқушы ертеңгі ұстаз десек, кешегі оқушы бүгінгі оқушыға ұстаз болып отыр. Өмір диірмені шыр айналғанда, кешегі ұрпақтың бүгінгі ұрпаққа тәлім үйретерін ескерсек, білім саласындағы ұстаз-оқушы дуетінің үндескені маңызды. Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну идеясының тікелей амалы да, болашақта өркениетті елдермен терезені тең ұстау қағидаты да білім саласын көтермелеумен, оның мемлекет тарапынан қолдауымен тығыз байланысты десек болады. Шындығында, ғылыми бәсекеге төтеп берудің жолы көбінесе білім сапасына байланысты болып отырады. Ал бірақ білімнің сапасы қандай білім берілгендігіне байланысты емес, сол білімді сананың қаншалықты қабылдап, сіңіре алғандығына да байланысты. Ендеше, қазіргі заманғы білім бәсекелестігінде екі негізгі мәселе айқындалған деп айтуға негіз бар. Мұның бірі – білімнің сапалы іргетасын қалап, сол арқылы үздіксіз білім беру болса, екіншісі заман ағымынан қалмай адамды өмір бойы оқыту. Қорыта айтқанда, білім сапасы жақсарса, тұтас ұлттың бәсекеге қабілеті артады. Салаға салынған инвестиция болашақта еселеп қайтады. Қазақ жастарының жаһандық дәрежеде биік табыстарға жетуіне жол ашылады. Олай болса, бұл бағыттағы Президенттің игі бастамалары ел игілігі үшін еңбек ете бермек.  

Жанар БЕКБЕРГЕНОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің магистрі.

Ұқсас жаңалықтар