Өзекті мәселелер назарға алынады
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Т.Рысқұлов ауданындағы Ақниет ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Өңір басшысы Президент тапсырмасына сәйкес, жыл басынан бері ауыл және аудан әкімдерінің, өзінің қатысуымен елді мекендерде 600-ден астам кездесу өткенін айтты. Мұндай кездесулерде халық тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, ол мәселелерді бірлесе шешуге күш салатындығын жеткізген аймақ басшысы, облыста атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың барысына тоқталды. Халықпен болған кездесуде округке қарасты Әбілхайыр ауылының тұрғыны Қанат Махатов 30 жылдан бері таза ауыз су мәселесін көтеріп жүргенін, алайда, жергілікті билік құрғақ уәдемен ғана шектеліп келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары Дінмұхамед Қонаевтай тұлғаның есімін иеленген елді мекен жолдарының сын көтермейтінін жеткізді.
Бұдан бөлек, елді мекен атауы 2018 жылы өзгертілсе де, ауылға кіреберістегі маңдайшада әлі «Юбилейный» атауының өзгермегенін атап өтті. Сонымен бірге ауылдағы ең өзекті деген мәселенің бірі – мал жайылымының жайын қозғады.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер әрдайым биліктің назарында болып, кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
– «Бірлік бар жерде – тірлік бар», дейді дана халқымыз. Бұл нақылды тектен-тек айтып отырғаным жоқ. Ауылдағы атқарылатын жұмыстар бұқара халық пен билік өкілдері бірлесе отырып жасайтын жұмыстар. Заң мен тәртіп бәрімізге ортақ. Сондықтан, кез келген мәселені заң аясында шешкен дұрыс. Аудан және округ әкімдері, бөлім басшылары тапсырылған жұмысты соңына дейін жеткізулері тиіс. Сонда ғана жыл сайын «жыр» болып келе жатқан жол, таза ауыз су, жайылым жер мәселелері болмаған болар еді, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Өңір басшысы биыл облыс бойынша жол жөндеу жұмыстарына 24 миллиард 700 миллион теңге бөлініп отырғанын айтты. Сонымен бірге, өңірде 367 елді мекен болса, оның 82-сінде таза ауыз су мүлде жоқ. Ал, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін облысқа қарасты елді мекендерді толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған.
«Жайылым жайына тоқталар болсақ, мәселені жергілікті қауымдастық мүшелері бірлесе, заң аясында шешкен дұрыс. Жайылым жерді тиімді пайдаланудың жолдарын жергілікті әкімдер қауымдастық мүшелерімен бірлесе отырып қарастырғандары абзал», – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғыны Есен Бекенов Дінмұхамед Қонаев ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу керектігін және бүгінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан теміржолдан ауылға кіреберістегі жолдың сапасы қатаң бақылауға алынса деген тілегін жеткізді.
Округ тұрғындары тарапынан қойылған барлық сұраққа аймақ басшысы нақты мысалдар келтіре отырып жауап берді.
Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Көкдөнен ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде Көкдөнен және Жақсылық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары Карбоз Ағыбаев, Әнуарбек Тұрмамбетов ауылда жасалып жатқан игі істерге кеңінен тоқталды. Жақсылық ауылында мәдениет үйі мен спорт кешені салынса деген ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, ағын су тапшылығы да ауыл тұрғындары тарапынан айтылмай қалмады.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделей отырып, жауап берді. Жиын соңында облыс әкімі округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.
Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен «Nomad» балық шаруашылығында балық шаруашылығын дамыту бойынша семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңесте облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев облыст ағы ба лық өсіруді дамыту мәселелеріне, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Болат Асамбеков тауарлы балық өсіру шаруашылығына, «Aqua Alliance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сату менеджері Әділет Саукенов балықтарға арналған жемдер жайына тоқталды. Ал, «Nomad Agua Invest» ЖШС-нің басқарушысы Бибігүл Тәттібаева серіктестіктің жоспарларымен бөлісті. Семинар соңында облыс басшысы балық шаруашылығы субъектілерінің өзекті мәселелері назарға алынып, қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді