Сан салада серпін бар

Сан салада серпін бар
ашық дереккөз
Сан салада серпін бар
Бүгінде Жамбыл облысында көптеген жобалар жүзеге асып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңірдің әлеуметтік- экономикалық ахуалы артуда. Сан салада олжалы жобалар оң нәтижесін беріп, көш бастаған көрсеткіштер көпшіліктің игілігіне айналуда. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Өңір өнеркәсібі өркендеуде

Әуелі облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді жүзеге асыру бағытында аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отырғанын атап өтті. Айтуынша, жалпы өңірлік өнім өткен жылдың қорытындысымен 2 триллион 749 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,3 пайыздық деңгейде қалыптасқан. Осылайша осы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен экономикалық өсім 103 пайызды құраған. – Мемлекет басшысының алға қойып отырған басым міндеттерінің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Ағымдағы жылдың 4 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 292,4 миллиард теңгені құрап, 103,7 пайыз қалыптасты. Өңдеу саласының драйверлері қатарындағы минералды тыңайтқыштар өндірісі 3,1 есе, қант 27,9, ірімшік және сүзбе 32,4, жеңіл өнеркәсіп 22,5 пайызға өсіп отыр. Саладағы 834 кәсіпорында 43 мың 100 адам жұмыспен қамтылған. Биыл саладағы өнім көлемін 105 пайызға көтеру міндеті тұр, – деп атап өтті Нұржан Молдиярұлы.

Игіліктің бастауы – инвестиция

Облыс басшысы биылғы жылдың есепті кезеңінде өңірге 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 7,4 пайызды құрап отырғанын да айрықша атап өтті. Жалпы, осы жылы өңірге 572 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар, биыл 85,4 миллиард теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. – 2025 жылға дейін 1 триллион 900 миллиард теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Өңірде бұл жұмыстар жүйеленген. Апта сайын өзімнің төрағалығыммен инвестициялық штаб отырысы өткізіліп тұрады. Осы жұмыстардың нәтижесінде бүгінге дейін өткен 32 штаб отырысында 84, оның ішінде 21-і шетелдік инвестициялық жобалар қаралып, 69 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар, өткен айдың 26-27 сәуір күндері «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумын өткіздік. Форум аясында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында 17, оның ішінде шетелдік 5 ірі компаниямен 700 миллион АҚШ долларына, 12 компаниямен 96,5 миллион АҚШ долларына келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ, форумға дипломатиялық корпустың 20 өкілі қатысып, өзара ынтымақтастық бөлігінде келіссөздер жүргіздік, – деді облыс әкімі. Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде аталған форумның шеңберінде бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, электр энергиясы бойынша 3, инфрақұрылым тарту 4, жер мәселесі 5 және газ тарту бойынша 2 жоба оң шешімін тапқанын жеткізді.

Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады

Басқосу барысында өңірде баламалы энергия көздерін тиімді пайдаланып, жасыл экономиканы жаңғыртуға бағытталған өміршең жобалар да назардан тыс қалмады. – Облыстың күн, жел және су арқылы электр стансаларын салуға әлеуеті өте жоғары. Сондықтан, бірқатар шетелдік инвесторлар өңірде жел электр стансаларын салуға қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен облыста бірқатар ірі жобалардың іске асуы жоспарлануда. Атап айтқанда, франциялық «Total Eren», Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf» компаниялары ауқымды жел электр стансаларын салуға ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының кешегі Қытай еліне ресми сапары кезінде қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниясымен тағы осындай бір жобаға келісім жасалды. Нәтижесінде бұл салаға тартылатын қаржының көлемі шамамен 3 миллиард АҚШ долларынан асатын болады және облыстың жаңартылатын энергия көздерінің республикадағы үлесін 40 пайызға дейін жеткізу жоспарымызда бар, – деді бұл туралы аймақ басшысы.

Кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда

Нұржан Молдиярұлының айтуынша, осы жылдың 4 айында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102,9 мың бірлікті құрап, 37,7 пайызға артқан. Өткен жылдың қорытындысымен осы салада жұмыспен қамтылғандардың саны 151,9 мың адамды құрап, 22,6 пайызға ұлғайған. – «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 198 жобаға 10,7 миллиард теңге несие берілді. Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында 1100 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсету арқылы жұмыс жасайтын субъектілер санын 106 мыңға дейін арттырып, ондағы жұмыспен қамтылғандардың саны 155 мыңға дейін ұлғаяды деп күтілуде, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. Сонымен қатар, өңір басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 70,7 миллиард теңгеге 190 жоба қаржыландырылғанын да айрықша атап өтті.

Асыраушы саланың ахуалы жақсы

Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға ағымдағы жылы 27,4 миллиард теңге субсидия бөлініп отырғанын да айтып өтті. Нәтижесінде, 4 айда өнім 2,1 пайызға артып, 57,5 миллиард теңгені құрапты. – Ағымдағы жылы салада 11 миллиард теңгеге 11 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Биыл 770,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып, тиісті жұмыстар аяқталуға жақын. Мал шаруашылығында да айтарлықтай өсім бар. Мәселен, 4 айда 36,2 мың тонна ет, 84,3 мың тонна сүт өндірілді. Жыл қорытындысымен саладағы өнім көлемін 10, ал, техникамен жаңару деңгейін 12 пайызға арттыру міндеті тұр. Жалпы, 2025 жылға дейін 181,2 миллиард теңгеге 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын 23 инвестициялық жобаны іске асыруды межелеп отырмыз, – деді аймақ басшысы. Сонымен бірге өңірде биыл қант өндірісін дамытуға айрықша басымдық беріліп отыр екен. Бұл ретте қант қызылшасы алқабының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға ұлғайған. Сол секілді Мемлекет басшысының суармалы жер көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында аймақта арнайы жол картасы бекітіліпті. – Карта аясында 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделуде. Халықаралық қаржы институттары арқылы 40 миллиард теңге қаржы бөлініп, 33,9 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Сонымен қатар, 257 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 54,9 мың гектар алқапты айналымға қосуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 11, республикалық бюджет есебінен 3 су қоймасының құрылысы жүргізілетін болады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы су тапшылығын жоюдың бірден бір тетігі ретінде біз жерасты суы қорын пайдалануды қолға алдық. Айталық, 646 ұңғыма қазу жоспарланып, бүгінгі таңда оның 86- сы қазылды, – деді Нұржан Нұржігітов.

Ауыл халқының табысы артады

Аймақ басшысы 2019 жылы Жамбыл облысында басталған пилоттық жоба өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетіп, Президент пәрменімен оны ел көлемінде масштабтандыру жөнінде міндет жүктелгенін атап өтіп, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған алдағы жоспарлармен де бөлісті. – Жоба басталғалы 18,3 миллиард теңге бөлініп, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастады. Ал, осы жылы қосымша 24 миллиард теңге бөлінді. Онда 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс орындары ашылады. Біз алдағы 2024-2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 миллиард теңгеге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, аталған жобамен қамтылған ауыл тұрғындарының орташа табысы 44 мың теңгеден 135 мыңға артатын болады. Бұдан бөлек, осы жоба іске асқан елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуді қолға алдық. Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтің инфрақұрылымына 9,5 миллиард теңгеге 183 жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде, елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен қамтылу деңгейі 57 пайыздан 63,2 пайызға жететін болады, – деді Нұржан Молдиярұлы. Осылайша, 2025 жылға қарай жобамен қамтылған елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен, қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін 92,2 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Игерілмеген 200 мың гектар жайылым қайтарылады

Баспасөз мәслихатында өңір басшысы Нұржан Нұржігітов көптен бері ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген жайылым мәселесін де кеңінен атап өтті. – Облыста жайылым жер мәселесі 2021 жылдан бері қолға алынып, 5 бағытта жұмыстар жүргізілуде. 683,6 мың гектар жетіспейтін жайылым жерлер анықталған болатын. Мәселен, босалқы жер қорындағы және қайтарылған жайылымды елді мекендерге бекіту арқылы 363 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайттық, елді мекеннен 5 шақырымдық радиуста орналасқан 49,2 мың гектар жайылым жер елді мекендерге бекітілді, орман қорының 1 миллион 80 мың гектар жеріне мал басы көп тұрғындардың 245 мың мал басы шығарылды және 510 мың гектар егістік жерлерге мал жаю үшін шаруа қожалықтарымен меморандумдар жасалды. Шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға 510 мың гектарға меморандум жасалып, игерілмеген 379 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Нәтижесінде, жетіспейтін жайылым жерлердің көлемі 683,6 мың гектардан 164 мың гектарға қысқарды. Биыл жоспарға сәйкес, 200 мың гектар игерілмеген, заңсыз берілген жайылым жерлерді қайтару және 69,3 мың гектарды елді мекендерге жайылым жер ретінде қосу міндеті тұр, – деді бұл туралы облыс әкімі.

Жүзден астам жас баспаналы болады

Өз сөзінде Нұржан Молдиярұлы тұрғындарды алаңдатқан баспана мәселесіне де кеңінен тоқталды. Облыс және аудан орталықтарында жаңадан іргесі қаланып жатқан массивтер мен шағынаудандар үй кезегінде тұрғандардың мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталып отыр екен. – Жыл басынан бері 155,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде құны 13,2 миллиард теңгені құрайтын 3929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның 2564 пәтерлі 45 үйі биыл тапсырылады. Сонымен қатар, облыс жастарының баспана мәселесін шешу мақсатында «Әулиеата жастары» атты өңірлік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында былтыр 40 жас отбасы 500 миллион теңгеге баспаналы болса, биыл 2 миллиард теңгеге 140 жасқа пәтер кілтін беруді көздеп отырмыз. Біз тұрғын үй мәселесін тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі «Асар» тәсіліне де ден қойдық. Мәселен, жоба басталғалы асарлатқан ағайынның көмегімен 338 мұқтаж жерлесіміз баспаналы болса, биыл 105 отбасына қуаныш сыйласақ деген ниетіміз бар. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 3,3 миллиард теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Ал, 42 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларында ойын алаңшалары іске қосылады, – деді Нұржан Нұржігітов. Оған қоса биыл 1 миллиард теңгеге 77 инженерлік инфрақұрылым нысанын іске асырып, 869 жер учаскесін тарату және әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасыларға 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алу жоспарланып отыр екен.

Инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде

Көптің көкейінде жүрген көгілдір отын мен ауыз судың жайын да аймақ басшысы жан-жақты айтып өтті. Сапалы жолдардың санын арттырып, күнделікті тіршіліктің күретамырына айналған көшелерді жөндеу жұмыстары да сөз болды. – Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша облыста 2023 жылы 13,6 миллиард теңгеге 54 жоба іске асырылатын болады. Нәтижесінде, 32 елді мекен қамтылып, сапалы ауыз сумен қамтылу деңгейі 92 пайыздан 96,5 пайызға дейін артады. Сонымен қатар, биыл 11,8 миллиард теңгеге 16 жоба аясында қосымша 18 елді мекенді табиғи газбен қамтып, үлесін 90,2 пайыздан 92 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. 2023 жылы автожол саласын дамытуға 24,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5 миллиард теңгеге артық. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр жөнделген елді мекен көшелері 367 километр болса, биыл 550 километрді құрап отыр. Онда 3,3 километр көше жолдары құрылыспен, 11,4 километр жол қайта жаңғыртумен және 777,3 километр жол орта жөндеумен қамтылатын болады. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 98 пайызға дейін жетеді, – деді өңір басшысы.

Алдағы екі жылда 83,7 мың жұмыс орны құрылады

Облыс әкімі өз баяндамасында халықты жұмыспен қамту мәселесіне де айрықша тоқталды. Айтуынша, биыл тұрғындарды жұмыспен қамтуға бөлінген қаражат өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құруға» қатысты берген тапсырмасына сәйкес, биылға 13 мың 400 жұмыс орнын құру жоспарланып, қазіргі таңда 4486-сы құрылды. Жалпы, биыл 54,2 мың адамды жұмыспен қамтуға 13,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Осы жұмыстардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны жыл сайын азаюда. Мысалы, 2021 жылы атаулы көмек алушылар саны 61,4 мың болса, биыл бұл межені 46,5 мыңға дейін түсіру күтілуде. Ал, облыстың даму жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін барлығы 83,7 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деді аймақ басшысы.

Білім саласында жетістік көп

– Президент айқындап отырған мәселелердің бірі – адам капиталын дамыту. Ол үшін біз бар мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. Атап айтар болсам, ағымдағы жылы облыстың білім саласына 317,7 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Онда 17 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілетін болса, қазіргі таңда 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл 14 нысанның құрылысы аяқталып, 17 нысан түгел күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, мектептерді жаңғыртуға 2 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Жалпы, 30 жыл ішінде облыста барлығы 132 мектеп, 25 балабақша соғылып, 395 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткен. Білім саласындағы жетістіктеріміз де аз емес, – деген аймақ басшысы саладағы жетістіктерді де атап өтті. Айталық, республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14 жыл қатарынан ең үздік команда атанса, биыл қоғамдық гуманитарлық пән олимпиадаларында ең үздік олимпиадалық команда болып отыр. Сол сияқты, Пирлс халықаралық зерттеуінде облыс оқушылары екінші орынды иеленді.

Медициналық қызмет сапасы артады

Нұржан Молдиярұлының айтуынша, өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 52,4 пайызға жетіпті. – Біз осы көрсеткішті төмендету мақсатында 3,3 миллиард теңгеге 20 денсаулық сақтау нысанының, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде 1,7 миллиард теңгеге 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізуді және 1,5 миллиард теңгеге 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 52,4 пайыздан 36,7 пайызға дейін төмендейді. Ал, саланың медициналық техникамен жабдықталу деңгейі – 91,9 пайыз. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2,4 миллиард теңгеге қажетті медициналық құралдар алып, жабдықталу деңгейін 96,6 пайызға жеткізетін боламыз. Халықаралық тәжірибеге сәйкес «Үздік тәжірибе орталығы» пилоттық жобасы облыстағы 5 денсаулық сақтау нысанында іске асырылып, оң нәтиже көрсетуде. Ағымдағы жылы жоба Қордай аудандық орталық ауруханасында және Шу қалалық емханасында енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, бұл пилоттық жоба барлық өңірлерге енгізілуде, – деді Нұржан Нұржігітов. Айта кетсек, қазіргі таңда халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында 3 ауданда орталық ауруханалар құрылысы мен 3 ауданда көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының құжаттары әзірленіп жатыр екен.

Жаңа мәдениет және спорт кешендері бой көтереді

– Дене шынықтыру және спортты дамыту – ұлт саулығының кепілі. 2023 жылы бұл салаға жергілікті бюджеттен 13,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда облыс көлемінде 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 16 спорт нысаны қолданысқа беріледі. Жоспарымыз бойынша 2025 жылға дейін 129 елді мекенде заманауи спорт алаңшасын, ал, 2027 жылға дейін барлығы 59 спорт нысанын соғу межесін белгілеп отырмыз. Жалпы, биыл халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 59 пайызға, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халық үлесін 42 пайызға жеткізіп, 38 елді мекенде заманауи спорт алаңшасын салу көзделіп отыр, – деген аймақ басшысы саладағы айрықша жетістік ретінде күні кеше ғана Өзбекстан Республикасында өткен байрақты бәсеке, бокстан Әлем чемпионатында қос бірдей жерлесіміздің топ жарғанын мақтанышпен айтып өтті. Сол секілді мәдениет саласындағы мақсатты жоспарларға да кеңінен тоқталды. – Ағымдағы жылы мәдениет саласына 11,9 миллиард теңге бөлініп, 14 нысанның құрылысы және 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 84,8 пайызға жететін болады. Сонымен қатар, мәдениет үйлеріне қазіргі таңда қосымша 94 штат беріліп, 143 үйірме ашылды. Үйірмеге 1850 бала қамтылған. 2027 жылы 34 елді мекенге мәдениет үйлерін салып, өңірдегі мәдениет нысандарының қажеттілігін 100 пайызға жеткізу көзделуде, – деді Нұржан Нұржігітов.

Елді мекендер жүз пайыз интернетпен қамтылады

Баяндама барысында өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы облыс халқының 26,8 пайызын құрайтын жастар саясаты мен туризм саласындағы инвестициялық жобаларды атап өтті. Айтуынша, есепті кезеңде 10022 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 344 жас 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған. Кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 347 жасқа 1 миллиард 735 миллион теңге жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздық шағын несие беріліп жатыр екен. Осы мақсатта қазіргі таңда жалпы 616,1 миллион теңгеге 134 жоба мақұлданыпты. Сонымен қатар, «Жасыл ел» еңбек жасағына 136,2 миллион теңге бөлініп, 1900 жұмыссыз, уақытша бос жүрген жастарды маусымдық жұмыстарға тарту көзделіп отыр екен. Сол секілді туризм саласында 7,4 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылуда. Биылғы жылы 1,2 миллиард теңгеге 2 жоба іске қосылмақ. Нұржан Молдиярұлы 2023 жылға өңірге келуші туристер санын 145 мыңға, төсек-орындар санын 6600-ге жеткізу, 35 жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттерін де атап өтті. – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен облыс әкімдігі арасында 2023-2027 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілді. Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін 165 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенді электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен, 155 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен, республикалық және облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты міндеттер тұр. Жалпы алғанда 2025 жылдың соңына дейін облыстағы елді мекендер 100 пайыз 4G-мен қамтылатын болады, – деді облыс әкімі.

Әлеуметтік мәселе – басты назарда

Облыс орталығы Тараз қаласына қатысты аймақ басшысы жүйелі жұмыстарды жан-жақты айтып өтті. – Біз имидждік жобалардан бас тарттық. Бар күшті әлеуметтік мәселелерге жұмсап отырмыз. Бүгінде 1,1 миллиард теңгеге 2 көшені қайта жаңғырту, 3,4 миллиард теңгеге 118 көшені орташа жөндеуден өткізу, 3,5 миллиард теңгеге қаланың барлық ирригация жүйелерін қалпына келтіру, 3,7 миллиард теңгеге 7 массивте ауыз су құбырының құрылысы және 2 теміржол өткелін салуға сметалық құжаттар әзірлеу сияқты ауқымды жобалар іске асуда. Тараз қаласында бүгінгі күнге жер телімін алуға кезекте 114 мыңға жуық адам тұр. Ал, мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде 21122 адам есепке алынған. Осы өзекті әлеуметтік мәселені шешу мақсатында қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, инфрақұрылымды дамыту, көпқабатты тұрғын үй мәселелерін шешу үшін қала маңындағы 2 ауданның аумағы 11 755 гектар жерді құрайтын 14 елді мекенін қосу арқылы қаланы 2 ауданға бөлу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда тиісті құжаттарды рәсімдеу басталып кетті. Бұл бағыттағы барлық қабылданатын шешімдер бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылданатын болады, – деді Нұржан Нұржігітов.

Бір айда бір тұрғынның мәселесін шешу – міндет

– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, өңірде халықпен кері байланыс жүйелі жолға қойылған. Өзімнен бөлек, облыс әкімі орынбасарларының, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлерінің аудандар мен елді мекендерге шығу кестесі бекітіліп, арнайы алгоритмі әзірленді. Азаматтардың өтініштерін сапалы әрі мерзімінде қарау мақсатында облыс әкімдігінде арнайы топ құрылған. Ауылдық округ әкімдеріне әр отбасына кіріп, олардың әлеуметтік мәселелерін қарау, туындаған мәселесін жергілікті жерде шешу жөніндегі міндеттер жүктелген. Нәтиже жаман емес. Айталық, жыл басынан бері түрлі деңгейдегі әкімдермен 610 кездесу өтіп, 1000-ға жуық азамат қабылдауда болса, онда 314 азаматтың мәселесі оң шешімін тапты. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органның басшылық құрамына бір айда бір тұрғынның мәселесін шешу жөнінде міндет қойылып отыр, – деді облыс басшысы. Баяндама соңында Нұржан Молдиярұлы өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екенін жеткізіп, игі жұмыстар жемісті жалғасатынын айрықша атап өтіп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Маңызды сауалдар қойылып, тиісті жауаптар берілді

 Оксана ДАИРОВА, «Zakon kz»: – Өз баяндамаңызда ауыз сумен қамту жұмыстарына толық тоқталдыңыз. Менің сұрайын дегенім – халқы аз елді мекендердің таза ауыз сумен қамтылуы қалай жүргізіліп жатыр? Әрине, ондағы жұрт та сапалы ауыз су тұтынғылары келетіні белгілі. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін барлық елді мекендер сапалы ауыз сумен қамтылуы керек екенін білесіздер. Бүгінде облысымызда 367 ауылдың 82-сі ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Тұрғындары 200-ге жуық 26 елді мекенге өткен жылы кешенді блок-модуль қоюды бастадық, биыл 12 елді мекенге қойылады. Келесі жылы 14 елді мекенге орнатамыз. Осылай бұл мәселе де шешіледі. Жаңа айтып өткенімдей, биыл 32 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен, осы жылдың соңында облыста халықтың сапалы ауыз сумен қамтылу деңгейі 96,5 пайызға жетеді. Одан ары 2025 жылға дейін бұл жұмыс 100 пайыз жүзеге асады. – Екінші сұрағым, транспорт жұмысына байланысты. Бұл мәселеге қатысты кешенді жоспарларыңыз бар ма? – Пандемиядан кейін қалалық, ауданаралық бірқатар бағыттардан айырылып қалдық. Қазіргі уақытта Тараз қаласы бойынша 24 бағытта 360-тан аса автобус жолаушы тасымалдап жүр. Тұрғындар қосымша 15 бағыт ашылғанын сұрайды. Біз бұл мәселені жан-жақты зерттей келе, бірнеше нұсқаны қарастырдық. Соның ішінде кәсіпкерлерге жаңа автобустар сатып алуы үшін облыстық бюджеттен субсидия бөлуге тоқталдық. Мысалы, өткен жылы субсидия көлемі 1 миллиард 900 мың теңгені құраса, биыл біз оны тағы 1 миллиард теңгеге ұлғайттық. Өткен жылдан бастап бүгінге дейін Тараз қаласына 100 жаңа автобус әкелінді, олар заманауи, кондиционермен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы. Алдағы 2025 жылға дейін тағы осылай 200-250 автобус әкелуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, облыс орталығы мен аудандардың аралығындағы байланыс бағыттарын да арттырсақ деп отырмыз. Мақпал ОРЫНБЕКҚЫЗЫ, «BAQ KZ»: – Облысқа газ тарту жұмыстарын айттыңыз. Бірақ Мойынқұм ауданына әлі күнге көгілдір отын жетпепті. Мәселе қашан шешіледі? – Биыл жыл қорытындысында тұрғындар санымен есептегенде, облысты газбен қамтуды 92 пайызға жеткіземіз. Қазір Сарысу ауданында 4 елді мекенде ғана табиғи газ бар, қалғандарында жоқ және Мойынқұм ауданының 25 ауылының бәріне газ әлі тартылмаған. Бұл жұмыстарды өткен жылдан бастадық, аудан әкімдігі тарапынан тиісті қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Мойынқұмның 13 елді мекені бірінші кезеңде табиғи газға қосылады. Шу ауданындағы Д.Қонаев атындағы ауылдың қасынан өткен жылы үлкен газ тарату стансасын салуды бастадық, биыл аяқтауымыз керек. Келесі жылдан бастап Мойынқұм ауданына табиғи газ кіргізуді үш кезеңмен бастаймыз. Алғашқы кезеңде магистральды газ құбырын тартамыз, оған 18 миллиард теңге қаражат керек, одан кейінгі екі кезеңге 4 миллиард теңге қажет. Энергетика министрлігіне ұсыныстар берілді, 2024 жылы тиісті қаражат бөлінсе, жоспарланған жұмыстарды бастаймыз. 2026 жылы Мойынқұмның 13 елді мекеніне газ тарту жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. – Екінші сұрағым, Жамбыл облысында жүргізілген «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы тұрғындарға қандай мүмкіндіктер береді? – Бұл жоба облыста 2019 жылы басталды. Сол бойынша барлық елді мекенді аралап, елмен кездесіп, сөйлестік. Жүздесуде тұрғындар ол жобамен жұмыс істеу үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшері төмен болуын және кепілдікке өздері тұратын ауылдағы үй немесе ғимараты алынса деген ұсыныстарын айтқан еді. Екі ұсыныс та жүзеге асты. Жаңа айтқанымдай, облыстың 24 ауылындағы 4 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастады. Несие алған азамат жеке кәсіп ашады, 5 жылдан соң несиеден құтылғаннан кейін алған малын немесе басқа кәсіпкерлігін ары қарай дамыту керек. Одан бөлек, биыл осы бағдарламаға республика көлемінде 100 миллиард теңге бөлінді, соның 24 миллиарды қайтадан Жамбыл облысына бекітілді. Қазір 26 ауылдық округте осы бойынша жұмыстарды қайта бастадық. Жоба аясында «Ауыл аманаты» жүзеге асқан ауылдарда әлеуметтік мәселелер де шешілуі керек. Несие алушы өзін нәтижелі жұмыспен қамтыса, біз әлеуметтік игіліктерді іске асыруға тиіспіз. Аягөз ҚҰЛМАНБЕТ, «Jambyl TV»: – Елімізде ірі қалалардың шайынды суларды тазартатын қондырғыларының басым бөлігі тозған, өкінішке қарай, олардың қатарында Тараз қаласы да бар. Бұл мәселені шешуде қандай жұмыстар атқарылуда? – Облыста 4 қала болса, онда қазір 427 мың халық тұрады. Айтылған мәселені шешу үшін арнайы жол картасы әзірленді. Халықаралық қаржы ұйымдарынан, оның ішінде Еуропа даму банкі арқылы 340 мың евро алдық. Еуропа даму банкі өткізген конкурс нәтижесімен шетелдік компания ұтып алды. Бізге қазір техникалық-экономикалық негіздемені дайындап жатыр. Қараша айында дайын болғаннан соң, Үкіметтен кепілдеме алынып, қосымша қаражат бөлінеді, 2024 жылдың екінші жартыжылдығында құрылысын бастаймыз деп жоспарлаудамыз. Ал, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларына жобалық-сметалық құжаттарын өзіміз әзірлеп жатырмыз. Тараз қаласындағы құрылыс аяқталғанға дейін қосымша 20 гектар жерге су алаңдарын іске қосып, бүгінде бұл проблеманы шештік. – Құс шаруашылығында атқарылып жатқан жұмыстар бар, жоспар мен нәтиже қандай? – Облыста 2019 жылдан бастап құс шаруашылығын дамыту іске асырылуда. Бүгінде құс етін өндіретін 4 ірі кәсіпорнымыз бар. Өткен жылдың қорытындысында 15 мың 400 тонна құс еті өндірілді. Сол кәсіпорындарды құнарлы жеммен қамту үшін өткен инвесторлық форум аясында құнарлы жем өндіретін екі кәсіпорын аштық. Біреуі Қордай ауданында, тәулігіне 15 мың тонна жем шығаратын «Қордай жем», екіншісі «Алель агро» акционерлік қоғамының тәулігіне 96 мың тонна жем шығаратын құрама жем зауыты. Биылғы маусым айында Тараз қаласынан балапан шығаратын инкубатор ашпақшымыз, келесі жылы Жамбыл ауданынан жылына 70 мың тонна құс етін өндіретін зауыт салынады. Сонда өз облысымызда балапан да шығады, құс фабрикасына қажетті жем де, құс етін өндіру де атқарылатын болады. Жоспарымыз – 2026-2027 жылға дейін 70 мың тоннаға дейін құс етін өндіру. Өз облысымызды құс етімен қамтамасыз етумен қатар, басқа өңірлерге, шет мемлекеттерге де экспортталады. Риналь РАХМАТУЛЛИН, «Jambyl TV»: – Жақында облысымызда өткен халықаралық экономикалық-инвестиция- лық форумнан қандай нәтиже көре аламыз? Мұндай форум жылда өте ме? – Біз бұл форумды алғаш рет өткіздік. Оған 14 шет мемлекеттен 41 компания, 16 шетелдік елшілік, 7 халықаралық ұйым, еліміздің басқа өңірлерінен 521 өкіл келді. Форум аясында табиғи тастан гофрланған картондар шығаратын және құрама жем өндіретін екі зауыт іске қосылды, «Almaly resort» этно-мәдени демалыс орны ашылды, цемент зауытын өндіретін кәсіпорынның іргетасы қаланды. Әрине, форумды жыл сайын өткізу жоспарда бар, өткізілетін уақыт сол сәуір, мамыр айларында қалғанын жөн көріп отырмыз. Алғаш рет өткізілген форумда жасалған келісімшарттар, өзара байланыс нәтижесінде жұмыс жанданады деп күтеміз. Отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында 17, оның ішінде шетелдік 5 ірі компаниямен 700 миллион АҚШ долларына, 12 компаниямен 96,5 миллион долларға қол қойылған келісімдер мен меморандумдар үлкен жетістік беретініне сенеміз. Форум шеңберінде бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, электр энергиясы бойынша 3, инфрақұрылым тартуда 4 және 5 жер мәселесі мен газ тарту бойынша 2 жоба оң шешімін тапқанын да баса айтқым келеді. Мадина ЖАТҚАНБАЕВА, «Журналистік зерттеу» агенттігі: – Қордай ауданындағы Сарыбұлақ ауылында жер суару мәселесі өзекті болып отыр. Каналға барғанымызда 14-16 насос каналдан жырып, суды заңсыз алып отырғанын көрдік. Бұл мәселе облыс әкімдігінің жиынында да талқыланыпты. Енді қандай шара қолданбақсыздар? – Бұл тек биыл туындаған мәселе емес. Жамбыл облысы 80 пайыз суды Қырғызстаннан алады, сол елде екі үлкен су қоймамыз бар. Мәселені шешу жолдарын жан-жақты қарап, зерттеп жатырмыз. Сарыбұлақтағы жерді суару мәселесін шешу үшін Шу өзенінен қосымша ағатын суды көтеруге 4 насос қоймақшымыз. Республикалық бюджеттен ақша бөлінді, биыл жұмысы басталып, келесі жылы аяқталады. Судың тапшылығына байланысты Қордай ауданында республикалық су комитеті екі су қоймасын дайындау үшін құжаттарды дайындап жатыр. Әр су қоймаға 15 миллион текше метр су жинаймыз, су тапшы болған жағдайда өзіміздің каналдарға қосымша секундына 1-2 текше метрден беретін боламыз. Жоспарымыз бойынша 2025 жылдың аяғында 180 мың гектар суармалы жерді 100 пайыз ағын сумен қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа айтып өткенімдей, жерасты суларын алу мақсатында қазылып жатқан ұңғымалар бар. Сонымен қатар, суды үнемдеу технологияларын да қолданудамыз. Алихан АСҚАРҰЛЫ, «ҚазАқпарат»: – Қаратау, Жаңатас сияқты моноқалалардың даму жоспары қандай? Ондағы қаңыраған бос үйлердің инфрақұрылым мәселелері назарға алынған ба? – Осы екі қаланың проблемасын шешу үшін кешенді жоспар әзірленді. Қаратау қаласына 50-ден астам іс-шара жоспарланды, оған 58 миллиард теңге көлемінде қаражат керек. Биыл тағы екі көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ол баспана кезегінде тұрғандарға беріледі. Осы қаладан индустриялы зона ашылды, сол жерден қосымша үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сол мекемелерде қосымша жұмыс орындары ашылады. Биыл Қаратаудың үш үлкен көшесі жөнделеді. Жаңатастағы кешенді жоспарды жүзеге асыруды қаржыландыру көлемі 350 миллиард теңгені құрайды. Жаңатастағы 14 үйдің екеуі биыл облыстық бюджеттен жөнделсе, үш үйді «Қазфосфат» серіктестігі әлеуметтік жәрдем беру бағытымен биыл жөндеп беруді өз міндетіне алды. Одан өзінің 200-ден астам жұмысына пәтер береді. Былтыр Қаратаудан бір үйді жөндеп, 70 адамға пәтер берген болатын. Нұржан ҚАДІРӘЛІ, «Aq jol» газеті: – Облыстағы шалғай ауылдардың тұрғындарын мал жайылымы көптен толғандырып келеді. Жайылым жетіспеушілігін кезең-кезеңімен емес, түбегейлі шешуге бола ма? – Кезең-кезеңімен дегеніміз – малдың саны артқан сайын жайылым мәселесі туындайды. 2021 жылдан жұмысты бастадық, прокуратура қызметкерлерімен бірге зерттеу жүргіздік. Облыста қоғамдық жайылым үшін нормативке сәйкес, 683 мың гектар жер жетіспейді. Осыны шешу үшін бес бағытта жұмыс бастағанымызға биыл үшінші жыл. Босалқы жер қорындағыларды ауылдық әкімдікке бердік. Ауылдық округтерде 346 мың гектар жер болған, оны 741 мың гектарға жеткіздік. Ол жерді қоғамдық жайылым үшін пайдаланады. Елді мекеннен 5 шақырымдық радиуста орналасқан 49,2 м

Ұқсас жаңалықтар