Академиядағы «Ашық есік күні»

Академиядағы «Ашық есік күні»
ашық дереккөз
Академиядағы «Ашық есік күні»
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 2023 жылғы магистратура мен докторантураға қабылдау науқаны сәуір айында басталған болатын. Осыған орай академияның облыс бойынша филиалында биыл талапкерлерді оқуға қабылдау аясында «Ашық есік күні» өтті. Жиында алдымен сөз алған академия филиалының директоры Рауан Садырқұлов елімізде мемлекеттік қызметшілерді даярлауға қатысты заңнамалық актілерге енгізілген бірқатар маңызды өзгерістермен таныстырып, құжаттарды қабылдау 29 маусымға дейін жүргізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, биыл академияға түсу ережелері бойынша да біршама жаңашылдықтар бар. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ілгерілету кабинетінің жетекші сарапшысы Малик Асанов мемлекеттік қызметшілерге академияның биылғы магистратура және докторантура бойынша білім беру бағдарламаларын, оқуға қабылдаудың мүмкіндіктері мен шарттарын түсіндірді. «Ашық есік күнінде» Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері – облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Лесбек Илебаев мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыратын бірегей жоғары оқу орнынан алған білімдері мен дағдылары жайлы пікірлерімен бөлісіп, академияда оқудың ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы айтты. Мәселен, Еркін Құлымбайұлы 2002 жылы мемлекеттік қызметке келгенде осындай академия бар екенін естіп, оған оқуға түсу арманы болғанын, сөйтіп жүріп құжаттарын өткізіп, оқуға қабылданғанын, 2006-2008 жылдары оқып, бітірген соң облыстағы ішкі саясат департаментіне жастар саясаты мәселелері бөлімінің бас маманы болып жұмысқа орналасқанын, ал 2015-2018 жылдары академияның докторантурасын оқып бітіргенін айтып, мемлекеттік қызметшілерді білімдері мен біліктіліктерін арттыруды үнемі алдарына мақсат етіп қоюға шақырды. Жиында өз ойымен бөліскен Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов те 2013 жылы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген. Ал, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Экономика және бизнес» факультетінің деканы Жарас Қуатбеков болса өзінің осыдан 10 жыл бұрын академияда «Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін арттырудағы мотивациялық тетігі» тақырыбында диссертация қорғағанын айтты. Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Батырхан Төмешбайда Мемлекеттік басқару академиясының түлегі екенін мақтанышпен айтып берді. Кездесуде арнайы қонақ ретінде қатысып отырған Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Марат Баяндин де жиналғандармен өз пікірін бөлісті. Мұнан соң академияны әр жылдары бітірген түлектер мемлекеттік қызметшілердің және БАҚ өкілдерінің «Неге таңдауыңыз академия болды?», «Академияда білім алу маңызды ма?» «ХХІ ғасырдың мемлекеттік қызметкері қандайболуы керек?», «Егер сіз Президентпен кездессеңіз, не айтар едіңіз?» деген сияқты түрлі сұрақтарына жауап берді. Басқосу барысында жиынға қатысушыларға Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ілгерілету кабинетінің доценті Арсений Бапанов «Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтудағы бизнес процестерді оңтайландырудың рөлі» тақырыбында дәріс оқыды.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

   

Ұқсас жаңалықтар