«Тасқа айналған» тылсым ару
«Қыз әулие» аталатын кесене Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылынан батысқа қарай 500 метр жерде, Аса-Жұма тасжолының бойында орналасқан. Осы уақытқа дейін аталған кесенеде ғылыми-зерттеулер жүргізілмеген, тек жергілікті өлкетанушылар мен ауыл тұрғындарының мәліметі негізінде деректер жинақталған. Жеті бұрышты кесененің қабырғасы ақ кірпішпен қаланған, биіктігі 2,5 метрді құрайды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан стратегиялық маңызы жоғары орталықтардың бірі – Тараз қаласы мен оның айналасында орналасқан шағын қалалары болған. Әсіресе, ІХ-ХІІ ғасырларда Тараз өңірі өркені өскен өлкеге айналды. Қарахандықтар билік жүргізген заманда Тараз қаласының маңайында көптеген кіші қалалар болды.
Солардың қатарында Тараздың батысында 30 шақырым жерде Дех-Нуджекес, Адахкент қалалары болған. Олардың үйінділері бүгінгі күнге дейін сақталған. «Қыз әулие» кесенесі осы Адахкент қаласы Шахристанының аумағында орналасқан. Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша, ертеректе ауылдың тұрғыны болған бір әйелдің түсіне аян беріп, «Қыз әулиенің» басына жеті бұрышы бар кесене салдырған екен. Аңыз бойынша, ертеде сайдың тасындай жеті ағайынды батыр жігіт болыпты.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде қапыда қолға түсіп, жау жеті жігітті сол жерде өлтірген екен. Ағайындылардың артында ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз қарындасы қалады. Ол қыздың көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Ағаларының өлгенін, жаудың қызды өз елдеріне әкетпекші болып жатқанын біліп, Алладан өзін тас мүсінге айналдырып, елінде қалдыруын сұраған екен. Әулие қыздың тілегі қабыл болып, тасқа айналған екен деседі.
Содан бері тас мүсінді халық «Қыз әулие» деп атап кеткен. Кесененің жеті бұрышты етіп салынуы да жеті батырға байланысты. Ағайынды жігітке деп жеті бұрышқа шырақ жағу үшін арнайы тұрғызылған. Кесененің арнайы шырақшысы бар, басына мінәжат етушілер жиі келеді.
Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді