Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

 Сайлаушылардың 93,6 пайызы дауыс берді

Түркияда жексенбі күні өткен жалпыхалықтық сайлауға азаматтардың 93,6 пайызы қатысты. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Осы жолы сайлау құқығына 60 миллионнан астам адам ие болған еді. 87 сайлау округіндегі 190 мыңнан астам сайлау учаскелерінде күні бойы сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды. 14 мамырда өткен президент сайлауынан кейін дауыс санау аяқталуда. Anadolu агенттігі жариялаған бейресми мәліметтерге сәйкес, дүйсенбіге дейін дауыстың 96,89 пайызы саналып біткен. Сайлау нәтижесі бойынша қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған көш бастап тұр, бірақ ол әлі 50 пайыз дауыс жинаған жоқ. Егер кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыз дауыс жинай алмаса, онда 28 мамырда сайлаудың екінші туры өтпек. Президенттікке үміткерлер туралы айтсақ, Ердоған 20 жылдан бері билікте отыр. Ол ірі әлемдік көшбасшы болып саналады және халық осындай басшымен жаңа сынақтардан өтеміз деп санайды. Ердоғанның басты қарсыласы Кылышдароғлу Түркия мемлекетінің негізін қалаушы Кемал Ататүрік құрған ең көне «Республикалық халық партиясын» басқарады. Оны алты оппозициялық партияның альянсы ұсынды. Сарапшылар Түркиядағы президент сайлауын 2023 жылдағы ең маңызды оқиға деп атады. Сонымен қатар, бұл сайлаудың өте тартысты өткенін айтуда.

Бейбіт бітім жасалады

Израиль мен «Ислам джихады» ұйымының арасында ресми түрде бейбіт бітім жасалады. Бұл хабарды Газа секторының тұрғындары қуана қабылдады. Еврей билігі оқ атпау режимін орнатуға атсалысқан Мысыр президенті Әбдел Фаттах әл-Сисиге алғыс айтты. Израиль әуе күштерінің 5 күн бойы оқ жаудыруы кезінде Палестинаның 33 азаматы, оның ішінде «Ислам джихады» ұйымының 6 басшысы мен 13 бейбіт тұрғын ажал құшты. «Ислам джихады» ұйымының ресми өкілі Тарек Силми: «Бейбіт бітімнің орнағанын растаймыз. Бұған мысырлық бауырларымыздың үлесі зор. Газа секторында тұрғындардың үйлеріне бомба тастау тоқтатылды. Егер басқыншылық және шабуылдау әрекет қайта басталса, біз қарсы соққы беруге әрқашан әзірміз», – деді.

Мұнай бағасы арзандауда

Өткен жұмада мұнай бағасы Қытайдағы экономикалық сигналдар мен АҚШ-тағы рецессия қаупі аясында төмендеді. Бұл күнгі саудада Brent маркалы мұнай фьючерстері барреліне 43 центке немесе 0,57 пайызға арзандап, 74,55 долларды құрады. West Texas Intermediate (WTI) маркалы америкалық мұнай фьючерстері барреліне 33 центке немесе 0,47 пайызға түсіп, 70,54 доллар болды. Болжам бойынша, баға көрсеткіштері бір аптада 1 пайыздан астам төмендейді. Баға төмендеуінің себептерінің бірі – бейсенбіде АҚШ президенті Джо Байден мен АҚШ заң шығарушыларының кейінге шегерілген кездесуі. Онда тараптар мемлекеттік қарыз шегін 31,4 триллион долларға дейін көтеруді талқылауы тиіс еді. Кездесу осы аптаның басына ауыстырылды.

Ауғанстандағы ахуал алаңдатады

Ауғанстанда өлім жазасы мен ұрып-соғу арқылы жазалауға мораторий жариялануы тиіс. БҰҰ-ның өкілдері тәліптерге осындай үндеу жолдады. Өйткені жақында бүкіл ел бойынша 175 адамға тиісті үкім шығарылғаны белгілі болды. Соның ішінде 37 адам таспен ұрып-соғу жазасына кесілген. БҰҰ-ның өкілдері мұның бәрі халықаралық құқық ережелеріне қайшы келетінін айтады. Халықаралық бірлестік мәліметіне сәйкес, кейінгі жарты жылда Ауғанстанда тәліптердің жоғарғы жетекшісінің нұсқауымен 330-дан аса адам көпшілік алдында соққыға жығылған. Ең сорақысы, оның 58-і әйел, екеуі бала.

Eurovision байқауының жеңімпазы анықталды

Ұлыбританияда өткен Eurovision байқауында Швеция әншісі Лорин жеңіске жетті. Ол осылайша ән додасында екі мәрте бас жүлде алған алғашқы әйел адам атанды. Лориннің бағы 2012 жылғы «Еуровижнде» жанған болатын. Негізі ақтық сынға дейін фин әншісі Кяарийя үзеңгі қағыстырып келді. Ол көрермендердің кең қолдауына ие болғанымен, соңғы сәтте қатысушы 37 елдің қазылары жеңісті Лориннің қолына ұстатты. Үшінші орын Израиль өнерпазы Ноа Кирельге бұйырды.

Эвтаназия туралы заңды мақұлдады

Португалия парламенті эвтаназия туралы заңды мақұлдады. Заң жобасының соңғы нұсқасы сегіз күнде қабылдануы тиіс. Ел қоғамы осы мәселені талқылап жатыр. Португалияда ұзақ пікірталастан кейін эвтаназия заңдастырылды. Жұма күні парламент 18 жастан асқан азаматтарға айықпас дертке шалдыққан және төзгісіз азап шеккен жағдайда эвтаназияға жүгінуге рұқсат беретін заң жобасының соңғы нұсқасын мақұлдады. Социалистер мен солшылдардың басым көпшілігі қолдап дауыс берді, ал социал- демократтар мен оңшылдар қарсы болды.

ДДҰ анемиямен күрес бағдарламасын жасады

Анемиядан әйелдердің 30 пайызы, жүкті әйелдердің 37 пайызы және 6 айдан 5 жасқа дейінгі балалардың 40 пайызы зардап шегеді. Анемияға ұшырағандардың көпшілігі табыс деңгейі орташа және төмен елдерде тұрады. Өткен аптада Оңтүстік Африканың Кейптаунында өткен аналар мен сәбилердің денсаулығына арналған халықаралық форумда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы анемияға шалдығу деңгейін төмендету бойынша алғашқы кешенді бағдарлама бастады. Анемия, сондай-ақ, қан аздық деп аталатын ауру – қандағы гемоглобин мен эритроциттердің азаюымен бірге жүретін және оттегі тасымалдануының бұзылуымен және гипоксияның дамуымен сипатталатын синдром, яғни организмдегі оттегінің төмендеуі. ДДҰ жаңа бағдарлама аясында анемияның себептері мен қауіп факторларын жою үшін кешенді шаралар қабылдауды ұсынады.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар