«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биікті бағындырған бірегейлер

Биікті бағындырған бірегейлер
ашық дереккөз
Биікті бағындырған бірегейлер
Шалғайдағы Қордай ауданы облыс экономикасының дамуына үлес қосқан аймақ қана емес, бірқатар әлем чемпиондарын дүниеге әкелген қасиетті мекен ретінде де белгілі. Мәселен, Қазбек Сағын, Светлана Голендова, Асхат Жантұрсынов пен Төлеген Ақылбеков, Игорь Свирид, Рашид Дауров, Диас Молжігітов, Кеңес Марат, Раушан Жаналиева және Мағжан Төлеген айтулы додаларда сүрінбеген спортшылар. Ал, Марат Мәзімбаевтың шаршы алаңдағы жарқын жеңістері бокс жанкүйерлерінің әлі күнге есінде. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде мақтанышымызға айналған саңлақтардың жетістіктерін жіпке тізіп, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Қордайлық әлем чемпиондарын сөз еткенде есімізге бірден Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, қара белбеу иегері Қайрат Молдажанов түсері анық. Білікті бапкер Алматы қаласында «Сакура» атты спорт клубын ашып, оған өзі басшылық жасады. Бұл клубтың тәрбиеленушілері қысқа мерзім ішінде спорттың каратэ-до түрінен жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, Қайраттың тәлімін алған Закир Тохтиев 1992 жылы Жапон еліндегі әлем біріншілігінде дүние жүзінің абсолютті чемпионы атағын жеңіп алды. Ал, 1994 жылы осы клубтың түлегі Ринат Гульметов АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік жарыста бірінші орынға лайық деп танылды. Жалпы, бұл клубтың тәрбиеленушілері Еуропа, Азия біріншіліктерінде атой салып, талай рет жеңіс тұғырынан көрінді. Өкінішке қарай, Қайрат Молдажанов 39 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Кәсіпқой боксшы Марат Кенебайұлы өз мықтылығын мойындатқан спортшы. Былғары қолғап шебері кәсіпқой бокста IBА нұсқасы бойынша әлем чемпионы әрі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Тек қордайлықтардың ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышына айналған ұл Шығыс Азия ойындарының, Қарулы Күштер арасындағы Әлем чемпионатының күміс, Азия ойындарының қола жүлдегері. Ел чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы. Белгілі боксшының бүгінгі ізбасарының бірі – Қазбек Сағын. Тек қос жерлестің таңдаған спорт түрі бөлек. Қазбек жекпе-жек спортын жанына серік еткен. Ол панкратионнан Президент кубогінің төрт дүркін иегері. Жас жігіт 2014 жылы Түркия елінде өткен жарыста Әлем чемпионы атағына қол жеткізеді. Ал, 2015 жылы Мәскеуде жекпе-жектен күміс жүлдегер атанса, екі жылдан соң жеңімпаз болып елге оралды. Сондай-ақ, оның Кишиневта өткен жекпе-жек сайысынан дүниежүзілік кубоктің иегері деген атағы бар. Бұдан бөлек, жерлесіміз 2019 жылдың маусымында Ресей елінің Санкт-Петербург қаласында өткен әлем чемпионатында 55 килограмм салмақ дәрежесінде жеңімпаз деп танылған. Дәл осы салмақта Ташкент төрінде өткен ұрыстан Әлем чемпионы атанды. Жалпы, бұл жігітСветлана Голендова үш дүркін әлем, панкратионнан төрт дүркін ел чемпионы. Елімізді төрткүл дүниеге танытқан тағы бір жерлесіміз – Светлана Голендова. Бұрымды қыз халықаралық жарыстардың жеңімпазы, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен 17-ші Азиядалық ойындардың эстафеталық жүгіруден күміс жүлдегері. 2018 жылы Иран астанасы Тегеран қаласында өткен жеңіл атлетикадан XXIIІ Азия чемпионатында 4х100 метр эстафеталық жүгіруден және жекелей жүгіруден І орынды иеленсе, Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында үздік үштікті түйіндеді. Қордайдан шыққан әлем чемпиондарының қатарында Асхат Жантұрсынов та бар. Асхат 2013 жылы кикбоксингтен Шымкент қаласында өткен ел чемпионатында және 2014 жылы Қызылорда қаласында түндігі түрілген біріншілікте І орынды қанжығалады. Осы жылы ел құрамасының сапында Венгрияда өткен әлем кубогына қатысып, қола медаль иеленеді. Сонымен қатар, 2015 жылы Үндістан елінің Пуна қаласындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Бір жылдан соң, Сеулдегі Азия чемпионатының және Будапештегі Әлем Кубогінің иегері атанған. Асхат – кикбоксингтен бес дүркін ел чемпионы. Халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазіргі таңда кәсіпқой боксқа ауысқан ол барлық кездесуінде айқын жеңіске жетіп жүр. Төлеген Ақылбеков – бозкілемде талайлардан айласын асырған балуан. Талантты спортшы еркін күрестен үш дүркін ел чемпионы атанып үлгерді. Бұдан бөлек, Иран, Түркия және Ресей елінде өткен еркін күрестен халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Ал, Англияның Манчестер қаласында өткен Әлем чемпионатында ІІ орынға ие болған. Жерлесіміз уақыт өте аралас жекпе-жекке ауысып, талай белестерден көріне білді. Нәтижесінде спорттың осы түрінен Әлем чемпионатының жүлдегері атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткізді. Қордайлық чемпиондар тізімін Қазақстанның жекпе-жектен бес дүркін чемпионы, панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо, жекпе-жек күресінен спорт шебері Игорь Свирид жалғастырады. Ол 2008 жылы Бішкек қаласында өткен халықаралық турнирде самбо жекпе-жек күресінің қола жүлдегері. 2012 жылы Грецияда өткен панкратионнан Әлем чемпионы. Сондай-ақ, 2013 жылы Мәскеуде өткен жарыста панкратионнан жеңімпаз атанды. ONE FC нұсқасы бойынша Әлем чемпионы. 2017 жылы Кореяда жекпе-жектен өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. Бұл тізімге Кеңес Маратты да қосқанымыз жөн-ақ. Жас спортшы төрт жыл бұрын Үндістанның астанасы Нью-Дели қаласында жасөспірімдер, жастар және ерлер мен әйелдер арасында өткен жауынгерлік самбодан Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, самбо және қазақ күресінен бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілген саңлақ. Болашағынан зор үміт күттіретін балуан бүгінде самбо және қазақ күресінен спорт шебері. Раушан Жаналиева – 2021 жылы Дубай қаласында өткен қол күресінен әлем кубогының чемпионы. Қол күресінен спорт шебері. Осы жылы Талғар қаласында өткен кіші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Айта кетейік, алдағы уақытта Румыния мемлекетінде қол күрестен Әлем чемпионаты өтеді деп күтілуде. Бұл сында Раушанмен бірге Төлеген Мағжан да ел намысын қорғамақ. Ендеше, қос жерлеске сәттілік серік болсын дейміз. Әрине, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіске жету айтуға ғана оңай. Өйткені, «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар күш сынасқан додада намысты қолдан бермеу ерлікпен пара-пар. Біз бүгін сөз еткен саңлақтар осы үдеден шығып жүргені шын қуантады. Сайыпқыран спортшыларымыз болашақта да білгенінен жаңылмайды деген үміт мол.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар