Көпшілік тілегі тасада қалмайды

Көпшілік тілегі тасада қалмайды
ашық дереккөз
Көпшілік тілегі тасада қалмайды
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары Абай ауылдық округінен басталды. Құрамына Көкарық және Еңбекші ауылдары кіретін округте 2 мыңнан астам тұрғын бар. Жергілікті жұртшылықтың негізгі кәсіп көзі – егін және мал шаруашылығы. Бүгінгі күнге дейін мұнда «Халықтың тұрмыстық табысын арттыру» жобасы аясында 110 адам несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған. Нұржан Молдиярұлы 2019 жылдан іске қосылған жемісті жоба ел еңсесін тіктеуге айтарлықтай үлес қосқанын баса айтып, әлеуметтік мәселелердің де оң шешілуіне септігін тигізгенін атап өтті. – Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасы облыс көлемінде табысты жүзеге асырылуда. Аймақтағы 24 ауылдық округтің тұрғындары 2,5 пайызбен несие алып, кәсіптерін ашты. Жалпы, республикалық бюджеттен алдағы 3 жыл ішінде ауылды көркейту мақсатында қомақты қаржы бөлінуде. Мәселен, біздің облысқа 24 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл аз ақша емес. Ендігі міндет – осы қаржыны тиімді игеріп, қолынан іс келетін азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек. Осылайша, көптеген түйткілді мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ететін боламыз. Жобаның игілігін сезінген ауылдықтарды жеке кәсіпкер ретінде тіркеу ісіне айрықша көңіл бөлу маңызды. Өкінішке қарай, дәл қазір облыстағы 5 елді мекенде медициналық пункт, 85 ауылда ауыз судан тапшылық бар. Міне, аталған жоба аясында осы проблемаларды кезең-кезеңімен шешу қажет. Тұрғындар мемлекеттің қамқорлығын сезінуі тиіс. Ел Президентінің бізге жүктеген міндеті де осы, – деді облыс әкімі. Бұдан кейін сөз алған ауыл ақсақалы Берік Қарақожиев ағын судың аздығы жергілікті халықтың егін шаруашылығымен түпкілікті айналысуына кедергі болып отырғанын жеткізді. Зейнеткердің айтуынша, ауыл маңындағы Қарақат каналында су азайғалы бері округте суармалы жерлердің көлемі кеми түскен. Қария облыс әкімінің бұл мәселеге ерекше назар аударуын өтініп, өз бақылауына алуын сұрады. Өңір басшысы облыс аумағында мұндай мәселе бар екенін жасырмай, жергілікті билік тарапынан оны шешу жолдары қарастырылып жатқанына тоқталды. «Өңірімізде ағын су мәселесін шешу мақсатында 2 жоба іске асырылуда. Оның аясында 300-ге жуық каналға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, 257 каналды жөндеу үшін құжаттар әзірлену үстінде. Ашығын айту керек, Қарақат каналын жөндеу жұмыстары биыл бастала қоюы екіталай. Иә, бұған дейін каналды жөндеу мақсатында құжаттар дайындалды, оған аз қаражат жұмсалған жоқ. Осы тұста ауыл тұрғындары бір үйдің баласындай іске кіріскені дұрыс-ақ. Ауылдықтар «Асар» жобасының шеңберінде тірлік етсе, құба-құп. Өз кезегінде ауыл әкімі мен аудан басшылығы да көмек көрсетуі тиіс», – деді Нұржан Нұржігітов. Облыс әкімі округтегі сапар соңында «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібін дөңгелетіп отырған бірнеше азаматтардың шаңырақтарына арнайы барып, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Өткен жылы құрылған «Сансызбаев» жеке кәсіпкерлігінде бүгінде 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруашылық басшысы Азат Нұрматұлы жоба аясында 7 миллион теңгеге қол жеткізіп, 25 бас қой мен 18 бас сауынды сиыр сатып алған. Ал, Гаухар Қыдырова болса, 6 миллион несие алып, мал бордақылау ісін дамыту үстінде. Сондай-ақ, бұл күні Луговой ауылында да тұрғындармен кездесу өтті. Жиында қарапайым халық ескі теміржол бекетінің тауқыметін тартып отырғандарын жеткізді. Олардың айтуынша, Түрксіб бекетінде жарықтың болмауы әрі абаттандыру жұмыстарының жүргізілмеуі жұртшылықтың жанына батуда. Бұдан бөлек, көне бекет ауылдың көркін де бұзып отыр. Осылай деген ауыл халқы облыс әкімінен көмек сұрады. Өңір басшысы алдағы уақытта Тараз қаласы мен Шу ауданындағы теміржол бекеттеріне жөндеу жұмыстарын жүргізетінін тілге тиек етіп, луговойлықтар үшін күрделі болған мәселені де назарда ұстайтынын айтты. Сонымен қатар, басқосу барысында ауылішілік жолдардың сапалы жөнделуі және жедел жәрдем көлігінің санын арттыру мәселелері де талқыға түсті. Бұдан кейін, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Құлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепке барып, мектеп ұжымымен кездесті. Бүгінгі таңда аталған білім ошағында екі ауысымда 334 бала білім алуда. Жеткіншектерге 52 мұғалім білім береді. Нұржан Молдиярұлы жылы жүздесуде оқушыларға берілетін білімнің сапасына баса мән беру қажеттігін айтып, мұғалімдерді өз ісіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Кездесуде мектеп басшылығы облыс әкіміне оқу-ағарту саласына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіріп, бастауыш сынып оқушылары жырдан шашу шашты. Соңында Нұржан Нұржігітов мектеп ауласында тал отырғызу рәсіміне қатысты. Атап өтерлігі, биыл аудан көлемінде 200 түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Құлан ауылында 80 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсіміне қатысып, қоныстой иелерін қуанышымен құттықтады. – «Баспана – бақыт кілті» демекші, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 693,5 мың шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты. Яғни, былтыр 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 28 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, ағымдағы жылы облыс бойынша 70 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 45 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде 343 азамат 3,2 миллиард теңгеге және 58 тұрғын 515 миллион теңгеге несие рәсімдеді, – деді Нұржан Нұржігітов. Жалпы, бұл күні баспаналы болғандардың қуанышында шек болмады. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Солардың бірі – Динара Юсупова. Сегіз ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болғанына қуанышты екенін жеткізді. Айта кетейік, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аудан орталығындағы «Арай» жаңа тұрғын үй алқабында салынған 5 қабатты тұрғын үй ең алдымен кезекте тұрған азаматтарға берілді. Мұнда 1 бөлмелі пәтер саны – 20, 2 бөлмелі 40 және 3 бөлмелі 20 пәтер бар. Нысанның құрылысын «Сырым Блеке» мердігер компаниясы жүргізген. Өңір басшысы ауданға жасаған жұмыс сапарының соңында Өрнек ауылдық округіне қарасты «Ернар» шаруа қожалығының меншігіндегі егістік алқабында болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Шаруа қожалықтың төрағасы Рысбек Рахматилдаевтің айтуынша, қазіргі таңда дақылдарды отырғызу жұмыстары басталып кеткен. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда өздерінің 25 техникасы бар екенін айтып, шаруашылыққа қажетті техника санын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. Айта кетейік, өткен жылы облыста су үнемдеу технологиялары 50,9 мың гектар жерге енгізілсе, оның 34,8 мың гектарына тамшылатып суару, 16,1 мың гектарына жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылған. Ал, ағымдағы жылы суды үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемін 57,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Бұл тұрғыда қондырғыларды сатып алу және орнату құнының 50 пайызы мөлшерінде инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау қарастырылған.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар