Тарихи тұлға тағылымы

Тарихи тұлға тағылымы
ашық дереккөз
Тарихи тұлға тағылымы
Ел үшін еңбек етіп, мемлекеттің мүддесі үшін күрескен қайраткерлердің есімі қашанда ел есінде. Сондай биік тұлғаның бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының жарық жұлдызы – Темірбек Жүргенов. Кеше Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Халықарлық театр күніне және Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай ішкі театр фестивалі басталды. Фестивальға қазылық жасау және шеберлік сабақтарын өткізу үшін Таразға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессорлары, өнертану ғылымының кандидаттары Анар Еркебай мен Зухра Исламбаева, аталған өнер академиясының аға оқытушылары, театртанушылар Карима Ахан, Айзат Қадыралиева келді. Қонақтар әуелі облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбаймен бірге Асқар Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң олар театр фойесінде жас актерлардың ән шашуын қабыл алып, қайраткерге арналған көрмені тамашалады. Келесі кезекте қонақтардың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз жиынын театр директоры Мәлік Ақүрпеков ашып, қонақтарды таныстырып, шеберлік сабақтарымен қатар, Жүргенов атындағы ішкі фестивальдің өтетінін, ол театрдың қай деңгейде екенін тануға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Онан соң Анар Саимжанқызы сөз алып, келген жоспарларымен таныстырды. Ол «Руханиятқа өлшеусіз еңбегі сіңген Жүргеновтің ісін ұмытуға болмайды. Ол елімізді Мәскеуге, Одақ көлеміне кең танытқан қайраткер. Біз сіздердің қойылымдарыңызды көре отырып, театрдың қай деңгейде екенін таразылауға, өзіміздің шеберлік сабақтарымызды өткізуге келдік» деді. Зухра Османбекқызы «Театрлар театр сыншыларынан қорықпай, кемшіліктен сабақ ала білуі керек» десе, Айзат Қадыралиева «Жүргеновтің сіңірген еңбегі өте үлкен. Бізге өңірлердегі театрлардың өскені керек. Көп нәрсе театр басшысы мен көркемдік жетекшіге, режиссерларға да байланысты», деді. Мұнан соң қонақтар мен жалпы көрермендер аталған театр актерлары қойған Қолқанат Мұраттың «Мұғалім» драмасын тамашалады.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар