«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түйткілге толы тіршілік

Түйткілге толы тіршілік
ашық дереккөз
Түйткілге толы тіршілік
Ел ішінде «Құл базар» аталып кеткен бұл аймақта жаңбырлы көктем, жасыл желек жаз, қаһарлы қыс болсын, адам үзілмейді. Ал мұндағылар үшін бұл жер – биржа. Еңбек биржасы. Екі қолға бір күрек – «Ақысын берсең, боқысын шығаратындар» осы тұста жиналған. Тоғыз жолдың торабында жол тосып, нәпақа тауып жүр. Ауыр зат көтеру, жер қазу, жүк тасу сынды әртүрлі іске, әр қилы тағдыр иелері жалданып кете барады. Ақ қар, көк мұздың үстін жағалай қаз-қатар тізілгендер қазір де жол тосып тұр. Осы тұсты бетке алған әр көлік, қарайып көрінген әрбір адам олар үшін үміт ошағы тұтатқан бір үзім нан һәм табыс көзі... Жол тосқандардың таңнан қара кешке дейін тапқан нәпақасы күнкөрістеріне жете ме? Бұл кісілер неге ел қатарлы еңбек ете алмай, темір көлікке телміреді? Күнделікті табыстары қанша? Біреудің жалшысы болуға асық олар тұрақты жұмысқа орналасуға неге ынталы емес? Алыстан қарайып көрінген қара нөпірдің көздері жолда. Біз отырған көліктің тоқтағаны сол, жол жиегіндегілер жапа-тармағай тұра жүгірді. Есікті аша сала көздері жәутеңдеп: «Қандай жұмыс?» деп сұрап үлгерді. «Жұмыс емес» дедік біз. Бірінші жеткен ер кісі есікті итеріп, теріс бұрылып кетті. Бойымды ыңғайсыздық биледі. Жалданбалы жұмысшылардың жағдайын білуге келгенімді жасырдым. Олар үшін бұл сұрақ маңызды емес екенін ұқтым. Жұмыс бермегенім үшін, бір сәт оларды нәпақасынан айырғандай өзімді кінәлі сезініп, кібіртіктеп қалдым. Иығында жол сөмкесі бар, үстіне күздік жұқа күртеше киген 40-45 жас аралығындағы, ұзын бойлы жігіт ағасы жақын келіп: «Сіз біреуді іздеп жүрсіз бе?», деді. «Жоқ» дегенім сол: «Бұл жаққа жайдан-жай ешкім келмейді ғой» деді де, жүзіме тосыла қарап, «Сіздің әкеңізді танимын. Екінші қабаттан мұздатқыш түсіріп бергенмін. Әкеңіз ашық адам екен, ашық-жарқын әңгімелескенбіз. Сіз үйде күтіп тұрдыңыз. Қал-жағдайы қалай?» деп жатты. Мен әкемнің өмірден озғанын айтқым келмеді. «Ол кісінің жағдайы жақсы. Сіздің жағдайыңыз қалай?» дедім, әңгіме ауанын басқа жаққа аударғым келіп. Аузы-аузына жұқпай сөйлеген кісі тым пысық. Аты – Әсембек. Әңгімесінен талай дауылды көріп, бұрқасынды басынан өткергені көрініп тұр. – Мұнда шыққаныма 14 жылдың жүзі болды. Бұрын органда істедім. Зор жауапкершілікті талап ететін, ауыр тірлік қой. Жұмысқа бара жатқанда осы жолдан өтетінмін. Ақ қар, көк мұзда таңнан кешке дейін тұрғандарды көріп: «Табаннан өткен суық, маңдайынан өтті-ау» деп мұндағыларға жаным ашитын. Жұмыстан қатты шаршап, соңыра өз еркіммен кетіп тындым. Жұмыссыз жүрген екі танысым өздеріне қол жұмсап, бақилық болды. Олар мұндай жерге шығуға намыстанды деп ойлаймын. Ал мен уақытша ақша табайын деп осында шықтым. Кейін үйреніп кеттім. Бастығың жоқ, ешкімге тәуелді емессің. Өзіме ұнайды. Таза еңбек. Не істейсің, соның ақысын аласың. Осы жылдардың ішінде бір күндік табысымның ең аз болғаны 8 мың болса, ең көбі 50 мың теңге. Бірде осында «Джип» көлігі келіп тоқтады да, «Сен жүр» деп мені алып кетті. Үйіне барған соң 50 мың теңгеге дәретханадағы бір қалта қоқысты шығарып беруін өтінді. Таңданғаннан көзім бақырайып кетсе керек, «Азсынып тұрсың ба? Неше қосып берейін?» дейді әлгі кісі. «Жетеді, жетеді» деп басымды шұлғып, 50 мың теңгесі мен қоқысын алып, тайып тұрдым. Жазушы Шерхан Мұртаза атамыз да бірде ауласының қарын күреткені бар. Жеке адамдардың жұмысын істеген жақсы. Ал танымал фирма дегендерге жоламаймыз. Себебі олар алып кететін кезде жаны қалмай, уәдені үйіп-төгеді де, соңыра тірлігі біткен соң, ақшамызды бермей, жалтарып шыға келеді. Ондайда қарғап кетемін, – дейді. Әсембектің әйелі мен балалары отағасының бұл жерде жұмыс істегенін қаламайтын көрінеді. Басқа жұмысқа ауыстыра алмай әлекке түсіпті. Алайда «Осы жұмыстан артығы жоқ» деп ойлайтын Әсембекті ешкім көндіре алмаған. Таңнан кешке дейін жол тосқандар нені талғажау ететінін сұрадым. «Бүгін таңертең үйден таңғы ас ішіп шықтым. Қас қарайып, кеш болды. Ал менің қарным ашпады. Өзімді солай үйреткенмін. Үйім жақын, барып жеп келсем болады. Ал мұндағылар бір тасаға отырып, үйден әкелген ас-ауқатын ішіп алады», деді ол. Мұнда келушілердің көбі қалталылар екені айдан анық. Үйіне бір қап ұнды көтеріп кіруді ар санайтындар да, екінші қабатқа бірнеше сөмкені көтеріп шығуға ерінетіндерді де көзі шалған. Ең қызығы, кейде жігіттер сүйген қызының көзінше әлдебір ауыр затты көтеруге намыстанып, осы жердегілерді жалдайды екен. Сол сәт жүк көтеруге намыстанған жігіттер, мұндағылардың есебімен құны 2000 деп бағаланған дүниеге 500 теңге бергісі келіп саудаласқанда, қасындағы қыздардың жүзі қызарып, жігіттеріне айтқан бағасын бергізетін кездер де кездесетін көрінеді. Елуді еңсерген кісі жерден көзін алмады. Темекісін шегіп тұрып: «Мен объеммен жұмыс істеймін. Құрылысшымын. Бұл жерге анда-санда ғана шығамын», деді де жолдың арғы бетіне кетіп қалды. Елгезек Әсембек анадайда тұрған басқа кісілерді бері шақырды. «Бізді қайтесің?! Жазба! Суретке де түсірме!» дейді әлгілер. Қыстыгүні жұқа жейденің сыртынан киген қара жемпірінің алдын ашып алған ер кісіге «Жаурамадыңыз ба?» деймін келгеніме жарты сағат болмай, көк мұзда табанымнан сыз өтіп, жылы тонымның қойын-қонышынан суық уілдеп, әзер тұрған мен. Ол болса ары-бері теңселіп жүр. Қайта алдын аша түсті. Ыстығы бар көрінеді. Мұндағылар топ болып әңгіме-дүкен құрады. Ал әлгі кісі бұлардан бөлектеніп, жырақта, жалғыздан-жалғыз теңселіп жүреді де қояды. Үнемі солай екен, ол кісінің біреуге қосылып әңгіме айтып, шүйіркелескенін осы күнге дейін ешкім көрмепті. Қазір де сырт айналып кетті. Әлден соң көзі шатынаған ер адам жаныма келіп: «Тұрмыстасыз ба? Маған тұрмысқа шыққыңыз келмей ме?» дегені сол, әлгіге мұндағылар: «Әйеліңе айтамыз» деп шу ете қалды. «Сіз, тапқан екенсіз, тегін әңгімені! 20 мың теңге беріңіз, осы жердің жағдайын бүге-шігесіне дейін, қылын қисайтпай айтып берейін» деді ол. «Қызықсың, ей! Бұл да біз сияқты өз жұмысын атқарып тұр ғой» деді тағы бірі мені жақтағандай жұмсақ үнмен. «Өй, бүкіл журналистер жабылып 20 мың теңге жинап берсін онда» дейді әлгі кісі де қайтпай. Біздің топқа арақ иісі мүңкіген ер адам қосылды. Жүзіме барлай қарап, қияқ мұртын саусақтарының ұшымен ұстап ойланып тұрды да: «Сен журналист болсаң, мен экономистпін! Ресейде фирма ашып, начальник болғам бір кезде, ажырасқан соң бәріне қолымды бір сілтедім. Ұлым Қаратау қаласында начальник! Ал мен, әкесі көшеде, «құл базардамын». Келіншек тауып берші, а? Жалғыздықтан шаршадым. Тозақ-ғұмыр бұл! Ащыны ащымен басамын мен. Ұлым мені танымайды да» деді де, жалма-жан қалтасынан «чикушкасын» алып, сіміріп салды. Ашырқанған да жоқ. «Ұлыңызбен танысуға бармайсыз ба?» дедім мен сол сәт. «Ой, қоя сал! Ұлымның алдына баруға көкірегім жібермейді. Әйгілі әнші Юрий Шатуновтың әкесі де баласы жұлдыз болса да бармаған екен. Сол сияқты, бастық болса, өзіне бастық», деді. Сол сәт мен келгелі үнсіз тұрған ер адам иығымнан түртіп: «Оңаша жүр» деп ымдады. Сырт айналған соң: «Осы жерден тірнектеп жүріп жиған ақшамды туыс қарындасым алып, бермей қойды. Жасым алпыстан асқанда ажырасудың алдында тұрмын. Ажырасқаным ұят қой ел-жұрттан. Не істесем екен? Қыз ақшамды бермей қашып жүр. Әйелім болса, менен көріп, ажырасуға бел буды» дейді ызалы үнмен... Жол бойында тұрғандар түгел арғы бетке өтіп кетті. Анадайда әйелдердің жаулығы алыстан ағараңдап көрінді. Олардың өз қызметтері бар. Үй жинап, там әктеп, үйдің ұсақ-түйек жұмысын атқарады. Қылаулап жауған қарды кешіп тұрған әйелдердің қасына келдім. Жүздері сынық, шаршағандары көрініп тұр. Аз-кем әңгімеден соң шүйіркелесе кеттік: – Көп болды ма «биржаға» шыққаныңызға? – деймін қырықтың ар-жақ бер жағындағы келіншекке. – Иә, бірнеше жыл болды. Алғаш «биржаға» шыққанда қатты ұялып, тығылып жүруші едім. Бірақ жұмыссыз кезде табыс табуды ғана ойлайсың. Оңай емес. Дегенмен адам үш күннен соң көрге де үйренеді. Қазір таныс-тамырдан да, басқасынан да ұялмаймын. Ақымды жемесе болды, – дейді ол қызыл иегін көрсете күліп. Осы сәт ащы суға сылқия тойған «экономист» қасымызға келді. Әйелдер арақ аңқыған масаң кісіні қуып жіберді. – Ал менің шыққаныма он жылдан асып кетті. Өте пысық, жылдаммын. Берген шаруаны жылдам орындап тастаймын. «Кожкомбинатта» жұмыс істеген едім, қысқартуға ілігіп шығып кеттім. Қазір құрылыста жүрмін. Проблемам шаш- етектен. Шауып жүрген сіңілімді көлік қағып кетті. Оны емдейтін қаражат тапшы. Тапқан-таянғаным жетпейді. Ал қаққан адам бір көмектесейін демеді, әділдік іздеп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Мүмкін сіз көмектесерсіз? Бизнес жасап жүрген сіңілім еді. Бір-ақ күнде тағдыры өзгерді. Үйге жүріңізші, көріңізші, – дейді қолымнан тартқылап... Сол сәт жеңіл көлік тоқтады. Жүгіріп барып, аз-кем тілдесер-тілдеспес, қасымдағы екеу артқы есігін ашып, отыра қалды. Анадайда үнсіз бақылап тұрған жігіт: «Сіз газетке жазады екенсіз, қызық айтайын ба? Бір ебедейсіз, қолынан іс келмейтін жігіт көлік тоқтағанда «бәрін білем, жасаймын» деп өзіне шаң жуытпай асығып кеткен. Жалдаған кісінің үйіне барған соң ваннаға цемент құйып, қажеттіліктерімен араластырып, өзі темекі шегуге шығады. Бір ванна тола цемент ол үйге қайта кіргенше қатып қалады. Оны көрген үй иелері, құйрығынан бір теуіп қуып шығыпты» дейді қарқ-қарқ күліп. Жиналғандар Саянға қоңырау соқты. «Ол әзілкеш, сондай көңілді жігіт» деп әбден мақтап, тұтқаны маған берді: «Биржадағы әулие-әмбиелер мені «қызық адам» деп таныстырып жатыр екен ғой. Онда осындағы басымнан өткен қызықтарымды айтайын. Бірде маған бір келіншек келіп «5000 теңге беремін, күйеуімді ұрып бер» деп тұр. «Қалай ұрайын?» десем, «Еркекше ұр» дейді. «Одан да 15000 теңге бер, сразу өлтіре салайын» деп шығарып салдым. Ұрмадым, қайтемін ұрып?! Тағы бірде бір әйел «жұмыс бар» деп шақырды. Барсақ, үйінде құрбылары жүр екен. Түнімен «гәккулетсе» керек, көздері ісіп, шаштары қобдырап кетіпті. Үй иесі біз бара сала: «Алдымен бас жазып алайық» деп дастарқан басына шақырды. Ол үйде біз жұмыс істемедік. Қайта «отырыс» жасап, соңын бимен жалғастырдық. Негізі өзім сазгер әрі әншімін. Бұл биржа мен үшін қосымша табыс көзі. Ажырасқанмын. Төрт перзентімнің екеуі әйелімде, екеуі өзімде» деп әңгімесін аяқтады. Бір байқағаным, мұнда күнкөріс қамымен жүргендердің ең көп айтатын сөзі – «Ақша не істетпейді?». Бәріне күнделікті қаражат керек. Айлықты айлап күткісі келмейді. Биржаның тілімен айтқанда: «Мә саған, мә маған». Мұндағы әр күн – бір үзім нан іспетті. Бір күн шықпай қалса, бір үзім наннан қағылады. Жазда күн, қыста суық қарытқан қоңыр жүзділердің дені қазақ. Жанға бататыны да сол...  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар