Инвестиция тартуға жаңа көзқарас қажет

Инвестиция тартуға жаңа көзқарас қажет
ашық дереккөз
Инвестиция тартуға жаңа көзқарас қажет
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында Меркі ауданы әкімі мен ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының инвестиция тарту жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков 2022-2025 жылдар аралығында ауданда жалпы құны 22,4 миллиард теңгені құрайтын 107 инвестициялық жобаны жүзеге асыра отырып, 1160 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланғанын жеткізді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы көлемі 684,0 миллион теңгені құрайтын 9 жоба (112 жұмыс орны құрылды), өнеркәсіп саласында 1,5 миллиард теңгеге 24 жоба (224 жұмыс орны) жүзеге асырылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін агроөнеркәсіп кешенінде 271,0 миллион теңгеге 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде – су үнемдейтін технологияны енгізу, балық шаруашылығын дамыту, жылыжайлар салу жобалары бар. Сондай-ақ аудан әкімі жаңартылатын энергия көздері мен өнеркәсіп салаларындағы жоспарлы жобалар жөнінде баяндады. Облыс әкімі кейбір мәселелерге айрықша тоқталып өтті. – Іске қосылған кәсіпорындар ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеуі керек. Бізге болашағы жоқ кәсіпорындар қажет емес. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін барлығы кешенді түрде ойластырылып, ауданның әлеуеті, халықтың сұранысы ескерілуі қажет. Тұрақты жаңа жұмыс орындарын құру өте маңызды. Бұл іске аудан басшылығын да, салалық бөлімдерді де тарту қажет. Инвестиция тартуға жаңа көзқарас қажет, – деді Нұржан Нұржігітов. Аймақ басшысы Меркі ауданының бұл тұрғыдағы есебі қайта қаралатынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков өз баяндамасында барлық жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 10 пайызға өседі деп күтіліп отырғандығын жеткізді. Кездесу барысында инвесторлар қызанақ өңдейтін, көкөністерді кептіретін зауыт құрылысы, кешенді кремний- фосфор тыңайтқышын өндіру жобаларымен таныстырды.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар