Қорқынышты жеңген қызметші

Қорқынышты жеңген қызметші
ашық дереккөз
Қорқынышты жеңген қызметші
Есте жоқ ескі заманда бір саудагер кісі қызметшісімен бірге кемемен жүзіп келе жатады. Бұрын кемеге мініп көрмеген қызметшісі теңіздің ортасына келгенде қорқып, жылай бастайды. Ботадай боздап, көпшіліктің ығырын шығарыпты. Сонда сол жолаушылардың ішінде көпті көрген, діндар ақсақал бар екен. Сол кісі саудагерге: «Оны қалай тыныштандырудың тәсілін мен білемін. Рұхсат етсеңіз айтайын» дейді. Саудагер қуана-қуана рұхсатын береді. Сонда діндар ақсақал әлгі қызметшіні теңізшілерге айтып, теңізге тастатады. Әлгі байқұс суға бір батып, бір шығып, әбігерге түседі. Жаным аман қалса екен деп жанталасады. Суға екі-үш батқан кезінде оны қайтадан кемеге шығарып алыпты. Қызметші кемеге мінген соң, бір бұрышқа барып, үн-түнсіз отыра қалыпты. «Бұл қалай болды?» деп, саудагер кісі діндардан таңдана сұрапты. Сонда діндар қария: «Бұл жігіт теңізге батып, оның ауыр машақатын көрмегендіктен, өзінің аман-сау отырған сәтін бағаламады. Қазір сол қателігін түсініп, саулығына шүкір деп отыр. Бейнет көрмеген адам рахат пен тыныштықтың қадірін білмейді. Мұның сыры осы», деген екен. Әр кезде Жаратушы берген бақытты, өмірдің жарқын сәттерін бағалап жүрсек, дүниенің барлық сәті нұрлы, шуақты болып көрінетіні рас.  

 Дайындаған Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар