Сатира саңлағы

Сатира саңлағы
ашық дереккөз
Сатира саңлағы
Белгілі сатирик Басқар Битанов бұл пәниде отыз бес жыл ғана өмір сүрсе де артына өшпес мол мұра қалдырды. Әсіресе сатира саласында өнімді еңбек етті. Басқар Битанов өз замандастарының арасында білімді, талантты, ой-өрісі кең, парасатты азаматтардың бірі болды. Оның қазақ журналистикасында алатын орны бір төбе болса, қазақ сатира өнерінде алатын орны бір төбе, ал ел тарихын, жер тарихын зерделеуге, ана тілді насихаттауға қосқан үлесі тағы бір биігі еді. Басқар Битанов тіл тағдырын, мемлекеттік тіл мәселесін, ел тарихын, жер мәселесін қаламгерлік қабілеттілігімен жалпақ жұртқа жеткізді. Оның «Жердің аты – елдің заты» атты айдармен «Құлан еді ежелден ел атауы», «Сессия күнделігі» деген топтамасы, «Маэстро», «Бәрекелді, Алеке!», «Жер-Ана мен Шер-аға» және басқа да көптеген мақалаларынан, ой толғауларынан, өлеңдерінен тіл тағдырына, туған жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісін аңғаруға болады. Белгілі журналист Қыдыралы Қойтай өзінің «Басқардың күлкісі – басқаша күлкі» атты мақаласында «Басқар Битанов қыршын кетті. Небәрі 35 жыл ғана ғұмыр кешті. 1 қаңтар күні дүниеге келіп, 1 қаңтар күні фәниден өтті. Талантты еді. Сан қырлы өнерпаз болатын. Әуелетіп ән салатын, музыкалық аспаптардың кез келгенінің құлағында ойнайтын. Сонымен бірге кез келген адамның дауысын айнытпай салатын. Жігіттің сұлтаны, жампозы десе де болғандай еді. Ол өзінің қамшының қысқа сабындай ғұмырында қарымды қаламгер, ақберен журналист, өз замандастарының алдыңғы легінен табылатын азамат екенін танытып үлгерді. Әсіресе сатира саласында өзінің орнын ойып алып, қаламының қаншалықты қуатты, ал күлкісінің қаншалықты шуақты екенін аңғартып үлгерді. Оны кезінде «Тамаша» және басқа да ойын-сауық отауларында қойылған уытты әзіл-әжуалары мен баспасөз бетінде жарияланған әзіл-оспақ әңгімелерінен талай байқадық. Тума таланттың артында мол мұрасы қалды» деп, еске ала отырып, ойын былай қорытады: «Өкініштісі, көзі тірісінде шығармаларының жинақ болып шыққанын көре алмады. Басқардың сол шығармалары кеш болса да жарыққа шықты. Оны «Алуа» ЖШС-ның баспасы «Суретінен ғана таниды» деген атпен кітап етіп шығарды. Онда Б.Битановтың әр жылдарда баспасөз беттерінде жарық көрген повестері мен сықақ әңгімелері, сахналық интермедиялары мен сатиралық өлеңдері жарық көрген». Басқар Битанов «Халық кеңесi» газетiнде жүрiп өзiнiң туған жерiнiң байырғы Құлан атауын қайтаруға белсене атсалысты, басылым бетiнде бiрнеше мәселе көтеріп, мақала жазды. Ол өз нәтижесiн берiп, Луговой селосы Құлан ауылы, Луговой ауданы Тұрар Рысқұлов ауданы болып өзгертілдi. «Социалистiк Қазақстан» газетiнде жүргенде «Мүйiз тұмсық», «Халық кеңесi» газетiнде «Қандауыр», «Дала дидары» газетiнде «Әптiшу! Жәрекемалла!» деген сатиралық беттер ашып, өзi жүргiзiп отырды. «Тамаша» ойын-сауық отауының белсендi авторы, әрi ұйымдастырушыларының бiрi болды. Нұрболат Әлдибековтің «Aq jol» газетінің 2015 жылы 15 қазандағы 128-нөмірінде «Басқар Битанов атындағы театр ашылды» мақаласы жарық көріп, онда «Жақсының аты өлмейді» деген осы шығар. Кезінде ауданның, ауылдың атын өзгертуге белсене атсалысқан азаматтың есімі туған ауылы Көкдөненде бір көшеге берілген болатын. Енді міне, аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан Басқар Битанов атындағы театр ашылды» дей келе, театрдың ашылуына облысымызға, елімізге белгілі азаматтар Басқардың адами болмысын, табиғи талантын ашып көрсетуге тырысқанын, «Ақиқат» журналының бас редакторының орынбасары Қыдыралы Қойтай Басқармен бала кезден бірге өскенін еске алғанын, ал ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Шолақ арнау өлеңін оқығандығын, сонымен қатар театрдың ашылуына орай театр ұжымы Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» драмасын актерлік шеберлікпен ойнап, көзге түскенін айтады. Басқар Битанов қайтыс боларынан 3 ай бұрын өзінің туған ауданында «Тамашаның» бүкіл тарландарын шақырып, шығармашылық кешін өткізген. Сонда жарқырап, жарқылдап, үлкен-кішімен әзілдесіп, айналасын шуаққа шомылдырып жүріпті. Кеш Алматыдағы Республика сарайында жалғасын тауыпты. Басқар ағаның арманы Ленин ауылының атын Жыландыға, Юбилейное ауылын Әбілхайыр атына көшіру және ана тілі мәселесі, жер мәселесі жайлы ауқымды мақала жазбақшы болған еді. Қазіргі кезде Юбилейное ауылы Дінмұхамед Қонаевтың атымен аталады. Ал Ленин ауылы Социалистік Еңбек Ері Рақым Сәбденовтің құрметіне, Сәбденов ауылы болып өзгертілді.  

Айдын НАУАНОВ,

«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-ның маманы.

 

Ұқсас жаңалықтар