Көптің көкейінде – көлікті тіркеу
Қазір қалалар тұрмақ, ауыл-аймақ көшелерінде де шетелдік нөмірлі көліктер көп. Республика бойынша олардың жалпы саны 4 миллион 500 мыңға жетсе, облысымыздағы өзге нөмірлі көлік саны 241 мың екен. Сәйкесінше, қайсысы қандай жолмен келгені, сол елде тіркелген- тіркелмегені, салығы төленген- төленбегендігі төңірегінде дау көп. Осындай даулы мәселелерге нүкте қою мақсатында ел Үкіметінің «Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекіту және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың), сондай-ақ көлік құралдары санаттарының кеңейтілген міндеттемелерінен босату туралы» қаулысы шықты.
Енді тақырыпты тарқатып көрелік. Қаулы осы жылдың 23 қаңтарында күшіне енеді және биылғы 1 шілдеге дейін жалғасады. Егер көлік құралдары Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін
әкелінген, іздеуде жоқ, басқа мемлекеттің құзыретті органында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған, кедендік тазартудан өткен болса, яғни осындай талаптарға сәйкес келсе, ол көлік заңдастыруға жатады. Бастапқы мемлекеттік тіркеу құны – 200 мың теңге.
Айта кетейік, осы сомаға көліктің жылына, маркасына қарамастан, жеңіл автокөліктер, шағын, орта автобустар мен шағын жүк автомобильдері, оның ішінде рөлі оң жақты басқарудағы автокөлік иелері де қаулы негізінде көліктерін заңдастыра алады.
Айталық, 2020 жылғы «Toyota-70» маркалы көлігін рәсімдеу әдетте ҚР Заңдарына сәйкес 2 миллион 500 мың теңге шамасында болса, осы біржолғы заңдастыру арқылы оны небәрі 200 мың теңгеге заңдастыру жолы ұсынылып отыр Мәселен, «Жигули» автокөлігін экологиялық талаптарға сай қазіргі таңда елімізде тіркемейтін болған. Ал аталмыш бір реттік акция негізінде тіпті оны да заңдастыруға мүмкіндік туып тұр.
Заңдастыруға өтінішті облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы, полиция майоры Айбек Көшековтің айтуынша, «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.
Ол үшін көлік иесі өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе оны тіркеу туралы куәлік, көлікке меншік құқығын растайтын құжатын ұсынуы қажет.
Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралы автокөлік жүргізушілеріне мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (автоЦОН) тексеру бекетіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Ол тексеруден өткеннен кейін 2 күн ішінде көлікті заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады.
Тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушінің ұялы телефонына көлік иесінің орталыққа келуі туралы қысқа хабарлама жіберіледі. Орталықта көлік иесі бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 мың теңге, техникалық паспорт үшін 4313 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж салығын, мемлекеттік нөмірге 9660 теңге төлеп, құжаттардың түпнұсқаларын орталық қызметкерлеріне тапсырады.
Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірі беріледі. Заңдастырудан өтпейтін немесе 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер және Қазақстан азаматтарымен жалпы тәртіппен тіркемейтін автокөліктер ел аумағында заңсыз пайдалануда деп есептелетін болады.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді